Вторник, 28 Август 2018 03:27

Түркістан облысында «Ырыс – Өркендеу» жаңа бағдарламасы жүзеге аса бастады

«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының еншілес ұйымы «Ырыс» микроқаржы ұйымы жаңадан "ЫРЫС – ӨРКЕНДЕУ" бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды «Ырыс» МҚҰ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша енді ұйым фермерлерге аванстық төлемсіз қаржылық лизинг түрінде қолдау көрсетеді.

Бағдарламаның ерекшелігі және артықшылығы – ауыл шаруашылығына арналған жаңа техникаларды 9 пайызбен 84 айға, яғни 7 жылға 10 млн. теңгеге дейін кепіл мүлкінсіз лизингке алуға мүмкіндіктің болуы. Осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мақсатындағы және ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті жабдықтарды сатып ала алады. Мұнда алдынала төлем ретінде 25 пайыз инвестициялық субсидия төленеді.

Лизингке Түркістан облысында кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері қол жеткізе алады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1074 times