Четверг, 21 Сентябрь 2017 08:17

Әкімнің көңілдесі әкімдіктегілердің ығырын шығарыпты

«Пәленше деген әкімнің ашынасы бар екен» дейтін әңгіме елді елең еткізбейтін болып барады. Алайда, ашынасы өзі басқарып отырған әкімдіктің аппаратында жұмыс істейтін болса, әңгіме басқа. Ұяты аздау, беті қалыңдау болса, нақсүйерінің билігін пайдаланып, ол әйел жан-жағына зәрін төгіп, әкімдік қызметкерлерін басынуға көшуі мүмкін. Сөйтіп, әкімдіктен де, әкімдіктегілерден де береке кетеді.

Ұзынқұлақтардың айтуынша, дәл осындай жағдай оңтүстік облыстардағы аты жер-жаһанға мәлім бір қаланың әкімдігінде орын алып жатыр екен. Орта жастан асқан, үйлі-баранды әкім көкеміз әкімдікке өзі алып келген қол астындағы бір инспектор әйелмен көңіл жарастырып, тіпті ойнастық құрып жүрген көрінеді. Мейлі, ойнасын, билесін, өз өмірі ғой, алайда инспектор әйел «әкімнің көңілдесімін» деп, бүкіл әкімдікті жатқызып, тұрғызатын дәрежеге жетіпті-міс. Әкімнің орынбасарларына да, аппарат басшысына да бетің бар, жүзің бар демей айқалап, ұятсыздықтың неше атасын көрсетеді екен. Әкімді әкімдіктегі басқа әйелдерден қызғанып, арттарынан шам алып түсіп, өсек таратып, сүйіктісіне барып жамандайтын көрінеді. Осылайша әкімдік аппаратындағы әйел затын жан-жаққа таратып жіберіпті.

Кадр мәселесін де осы әйел шешетін жағдайға жетіп қалса керек. Награда тапсыру жағы да осының қолында. «Награда алғысы келгендерге «ставкасын» айтады» дейді ұзынқұлақ. Әкім жұмысқа келмей қалса, ашынасы да келмей қояды дейді. Әкіммен бірге жүргенін білдіргісі келіп, «бір-бірімізді сағынып қалыппыз, жаным, күнім...» дейтін сөздерді «Watts app»-тағы статусына жазып қоюдан да арланбайтын болыпты. Әкім нақсүйерінің жұмысы жеңілдеу болсын деп қасына көмекші беріп қойыпты. Жұмыстың бәрін сол істейді-міс. Бұл болса жұмысқа келе сала әкімнің кабинетіне бір кіріп шығып, содан кешке дейін отыз кіріп, отыз рет шығады дейді желауыздар. 30 рет не істей беретіндерін...

Бұған сонымен қоса әкімнің орынбасаралары отыратындай кең, іші жақсылап «ремонтталған», үлкен кабинет беріпті. Өзінің көңілдесіне бермегенде біреудің көңілдесіне берсін бе?! Инспектормен байқамай әзілдесіп қалған кейбір қызметкерлер әкімнен «таяқ жеп» қалып жүр екен. Таяқ жегені былай тұрсын, бірде облыстан келген тексерушілер инспектор әйелдің жұмысынан кінарат тауып, «шара көреміз» десе әкім мырза: «Оған шара көргенше маған көріңдер» деп жыларман бопты. Әлгілер ұялғаннан ешкімге шара көрмей кетіп қалған дейді.Айта берсең әңгіме көп. Әкім көкеміз енді ашынасының қызметін өсірудің қамымен жүр деседі білетіндер. Әкімдіктегі бөлімдердің біріне басшы етіп тағайындаудың ретін қарастырып та қойыпты. Бір сөзбен айтқанда, кішігірім «империяны» патшасынан гөрі оның «фавориткасы» билеп, төстеп отыр екен.

Бұл айтылғандардың қаншалықты рас екенін білмейміз. Мүмкін, қауесет те шығар, десе де гу-гушілер «әкім мен көңілдесі екеуінің естерінен танып, көңіл қосып отырған сәті біреудің фотоаппаратына түсіп қалыпты» дейді. Егер ол сурет интернетке шығып кетсе, әкімнің әкімдік карьерасына нүкте қоя беруге болатын шығар. Заңды әйелі де қарап жатпас, ең құрығанда инспектордың шашын жұлып, бетін көгала қойдай етуі мүмкін ғой. Құдай бетін аулақ қылсын, алайда осы айтылғандардың бәрі рас болса, сұмдық болғалы тұр. Әкімнің көңілдесінен зәрезап болған қызметкерлер бір күні болмаса бір күні ызаға булығып, «жарылары» хақ. Бір адам «жарылса», қалғандары да шыдап тұра алмас. Әкім мырза ойнасы төрдегі басын көрге қалай сүйреп апарып тастағанын сол кезде білер. Абыройсыз болмай тұрғанда өз-өзіне келсеші...

Read 6667 times