Суббота, 22 Сентябрь 2018 13:11

Түркістан облысында «Латын әліпбиі — мектепалды даярлық үрдісінде» атты дөңгелек үстел өтті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне жүйелі түрде көшу керектігін айтып, тапсырма бергені белгілі. Бұл бірінші кезекте балабақшаларда бастау алатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» Түркістан облысындағы және Шымкент, Тараз қаласындағы филиалдары бірігіп, «Латын әліпбиі — мектепалды даярлық үрдісінде» атты республикалық деңгейде дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелде белгілі болғандай, жыл соңына таман латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының емле ережесі бекітілмек. Ал келесі жылдан бастап, мектепалды даярлық оқушыларына жаңа әліпби негізінде арнайы оқулықтар әзірленеді. Нәтижесінде, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап мектепалды даярлық оқушылары жаңа оқулықпен қамтамасыз етіледі екен.

Жобаға Түркістан облысы және Шымкент, Тараз қалаларынан ғалымдар арнайы шақырылған. Жиын қатысушылары латын әліпбиінің ғылыми теориялық негіздерімен қоса, өткен тарихы жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар, халқымыздың ертедегі латын әліпбиін қолданған кездегі жай-күйімен таныстырып, тілдік саясатын да алға тартты. Және жаңа жүйеге сәйкес, педагогтардың біліктіліктерін арттыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жиынға қатысушылардың көпшілігі  — мектеп оқытушылары. Олар латын әліпбиін мектепалды даярлық үрдісіне енгізудің тиімді жолдарын айқындау мақсатында пікір алмасты. Және латын әліпбиіне көшудің психологиялық-педагогикалық стратегиялары туралы идеяларымен де бөлісті.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 1057 times