Вторник, 25 Сентябрь 2018 05:23

Түркістан облысы: «Отырар жәдігерлері» кітабының тұсаукесері өтті

Түркістан облысына қарасты  Отырар ауданында «Отырар жәдігерлері» кітабы жарық көрді. Аудандық əкімішіліктің демеушілігімен жарық көрген туындының авторлары мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов пен этнограф, өлкетанушы Абдулла Жұмашев екенін айта кетейік.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген туында  туған жердің қасиетті жерлері мен жәдігерлерін насихаттау мақсатында шығып отыр. Альбом-кітап Отырар өркениеті қалыптастырған заттық-тұрмыстық жəне рухани мəдениеттен сыр шертеді. Онда Əбу Нəсір əл-Фараби жəне оның арғы-бергі ізбасарларының қолжазбалары мен тасбаспа мұралары, олардың өзі жəне отбасы тұтынған мүліктер мен басқа да археологиялық-этнографиялық қолөнер бұйымдары жайлы жазылған. Сондай-ақ, шаруашылық құрал-саймандары, Отырардың құпия көмбелері, 1930 жылға дейін Арыстанбаб кесене-мешіті жанында рухани ағарту ошағы болған шағын мұсылман кітапханасы туралы да сөз болады.

Кітаптағы иллюстрациялық материалдар негізінен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен «Руханият - Əбу Нəсір əл-Фараби музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кəсіпорынның қорында, сондай-ақ, жеке кісілердің қолында сақталған қолөнер бұйымдарының түпнұсқасынан, фотосуреттерден түсіріліп пайдаланылған. Туынды ежелгі заттық жəне рухани мұраны қастерлейтін көпшілікке арналған.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 1358 times