Понедельник, 08 Октябрь 2018 17:10

Түркістан қаласында ұстаздар күні мерекесі аталып өтті

Бүгін Түркістан облысында Ұстаздар күні мерекесі аталып өтті. Облыстағы аудан, қала әкімдіктеріне онлайн режимінде қосылған жиынға 500-ден астам озат ұстаз тікелей қатысуға мүмкіндік алды. 

Өңірдегі 55 мыңнан астам мұғалімді төл мерекемен құттықтап, салтанатты шараны ашып берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ұстаздар қауымының болашақ ұрпағымызды оқытып, тәрбиелеудегі рөлінің маңызы зор екенін айтты.

"Бүгінгі төл мерекелеріңіз ерекше уақытта, Елбасының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауымен қатар, жаңадан Түркістан облысы болып құрылған кезеңде өтуде. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кешегі Жолдауында халықты баспанамен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім мен ғылымды дамыту, оны қаржыландыруды жалпыұлттық өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу, полиция мен сот жүйесін, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, аталған салалардағы қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен әлеуметтік қорғалуын арттыру секілді көптеген маңызды мәселелерді қозғап, алда атқарылуы тиіс міндеттер айқындап берді. Сонымен қатар, Елбасы Жолдауда білім саласына аса назар аударып, сыбайлас жемқорлықтың тәуекелділігі кемімей, педагогтарды және қызметкерлерді жұмысқа қабылдауда келеңсіз жағдайлардың орын алып отырғандығын атап өтті", - деді Ж.Түймебаев.

Сонымен бірге салтанатты басқосуда аймақтағы 5 ардагер ұстаз бен 20 мұғалім облыс әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды. Ал Қазығұрт ауданындағы Ж.Қаппаров атындағы №5 облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының ұжымына құны 20 млн. теңге болатын "Орта білім беретін үздік ұйымы" гранты табысталды.

Мерекелік жүздесуде бірқатар ардагер ұстаздар мінберге шығып, педагогтар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады.

Жалпы, соңғы жылдары облыс оқушыларының білімге деген ынтасы артып келеді. Биылдың өзінде дарынды оқушыларымыз халықаралық және республикалық деңгейдегі 100-ден астам білім сайысында жүлдегер атанды.

Өңіріміз соңғы үш жылда математика және жаратылыстану бағытындағы пәндерден республикалық олимпиадаларда «Ең үздік олимпиадалық командасы» атағы мен ІІ, ІІІ жүлделі орындарды иеленуде.

Республикалық олимпиада және ғылыми жобалар қорытындысы бойынша білім ұйымдарының жыл сайын 100-дігі анықталып, марапатталады. Биыл солардың қатарына облысымыздың төрт орта білім беру ұйымы еніп отыр. Атап айтсақ, олар — Түркістан қаласындағы Н.Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия мен Кентау қаласындағы «Яссауи» және «Иқан» жалпы орта мектептері.

Бүгінгі күні Түркістан облысында жұмысқа қабылдау jumys.sitcen.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізілуде. Осы жаңа форматта қабылдау жүйесі әрі қарай жалғастырылып, ашық, жариялы түрде іске асырылады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1027 times