Вторник, 16 Октябрь 2018 17:13

Түркістан облысы: Түлкібас ауданында көпсалалы колледж ашылды

Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылында көпсалалы колледж ашылды. Енді түлкібастық жастар арнайы білімді енді алысқа сабылмай-ақ өз аймағында алуға мүмкіндік алды. 

Білім ошағының тұсаукесер рәсімінде сөз алған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков аудан тұрғындары мен қонақтарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтай отырып, «Елбасымыздың «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеген болатын, осыған орай сіздер мен біз еліміздің болашағы жастарымызға жоғары деңгейде сапалы білім алуға барлық жағдайды жасауға міндеттіміз» - дей келе Ұстаздар күні мерекесіне орай колледж мұғалімдеріне де ыстық лебізін білдірді. Ал Астанадан арнайы келген ҚР Білім және ғылым министрлігі Бақылау комитетінің төрағасы Ғалымжан Жұмашев аудан орталығында ашылған білім ордасының болашағынан зор үміт күтетіндігін атап өтті. 

Сонымен қатар шара барысында аудан басшысы мерекеге орай колледждің бір топ үздік мұғалімдерін ауданның 90 жылдық мерейтой медалімен және алғыс хаттармен марапаттады. Іс-шара колледж білімгерлері мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Көпсалалы колледж «Мектепке дейінгі білім беру мұғалімдері», «Мейірбике қызметі» және «Информатика мен ағылшын пәндерінің мұғалімдері» мамандықтары бойынша 200 балаға дейін оқыта алады. Бас аяғы 2 жылда бой тіктеген нысан шәкірт тәрбиесіне арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1103 times