Воскресенье, 25 Ноябрь 2018 09:35

Отырар ауданында IT - сынып ашылды

Отырар ауданындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының базасында IT-сынып ашылды. Сыныпта оқушыларды робототехника, 3 Д модельдеу, анимациялық фильмдер мен киберспорттық ойындар жасау ісіне баулымақ. «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында ашылған IT-сынып «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы және Отырар ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отыр.

Арнайы сыныптың ашылуына «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов пен аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, лентасын қиды. Ашылу салтанатында Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова қиялы жүйрік, қағлез балалардың алдағы жұмыстарына сәттілік тілесе, Нұрмахан Миятұлы жобаны қолдап, жүзеге асырған аудан әкімдігіне деген ризашылығын білдірді. Жиында аудан әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Ерлан Қуанышұлысөз алып, «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірген ХХІ ғасырдың жастары, яғги оқушыларымыз ІТ сыныптарда озық технологияларды меңгеріп, үйренуі керек. ІТ сыныптар ашылуы мұнымен шектеліп қалмай ауданның барлық білім беру мекемелерін қамтитын болады. Бұл келер ұрпақтың бәсекеге қабілеттігін арттыратыны сөзсіз» деп, барша шәкірттерді құттықтады.

Мұнан соң құрметті қонақтарға мектеп оқушылары өздерінің туындыларын көрсетіп, таныстырып шықты. Нұршуақ Сейтісхан қозғалтқышы электрлі автокөліктің моделін таныстырса, Алтынбек Бегісбек, Нұрбақ Сәбит, Ернар Берік, Жаннұр Базарбай, Әдемі Шайырбектер анимациялық ойындарды дайындаса, Перихан Базарбек ұлттық спортымыз «Асық атудың» компьютерлік нұсқасын ұсынды. Ал, Бағдәулет Қалжігіт, Құтбек Төлеген, Ерсұлтан және Мұхамеджан Бексейіттер арнайы құрастырған роботтарының мүмкіндіктерін көрсетті.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 1089 times