«Адамзат қашанда биіктікті білекпен емес, біліммен бағындырған. Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Елімізді келешекте түрлі белестерден алып өтетін – сіздерсіздер! Сондықтан алған білімдеріңізді еліміздің, Түркістан облысымыздың, ауданымыздың гүлденуіне жұмсап, қабілеттеріңізді көрсетуге күш салады деп сенемін»,- деді Жамантай Қанайұлы.
Биылғы «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерін марапаттау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Қажымұқан» атындағы орталық алаңда 70 мектептің бітірушілері бірінен кейін бірі сап құрап, шерулетіп жүрді. Осы сәтте барлық мектептің жетістіктері мен мақтаныштарының аттары аталып, жұртшылыққа кеңінен таныстырылды. Бұл өз кезегінде түлектерге жаңа серпін мен жігер беретіні сөзсіз.
2018-2019 оқу жылында аудандағы 70 мектепте 43 мың 666 оқушы білім алды. Оның 2627-сі – биылғы түлектер. Солардың ішінде «Алтын белгі» медаліне 180 бітіруші, «Үздік аттестатқа» 110 оқушы үміткер атанып отыр. Ал 9-сыныпты бітіруші 3661 білім алушыдан 394 оқушы – негізгі орта білімі туралы үздік аттестатқа үміткер. Ендігі мақсат – ұлағатты ұстаздар мен ата-ананың үмітін ақтап, жоғары оқу орындарына түсу.
Салтанатты шара барысында ауданның мәдениет қызметкерлері концерттік бағдарлама ұйымдастырып, мереке иелері де өз өнерлерін паш етті. Жалынды түлектер әуелете ән шырқап, қоштасу вальсін биледі. Концерттік шараның бірінші бөлігі жалпақ жұртқа кеңінен танымал «Ұстазым» әнімен қорытындыланды. Яғни 5 мыңға жуық көрермен әнді қосыла бірге шырқады. Шараның екінші бөлігінің шымылдығы жайдарманшылардың әдемі әзілдерімен түріліп, көңілді ән шашуға ұласты. Шара соңы мерекелік отшашумен түйінделді.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.