Понедельник, 17 Июнь 2019 07:42

Түркістан облысы: Келес ауданында «Алтын белгі» иегерлерін марапаттады

Аудан орталығы Абай ауылында орналасқан «Атамекен» салтанат сарайында Келес ауданы әкімінің «Жолың болсын, жас түлек» атты Алтын белгі иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға аудан басшысы Ақментай Есбаев арнайы қатысып, оларға алғыс хатын табыстады. 

Жиынға 54 «Алтын белгі» иегері мен мектеп директорлары, ата-аналар, ұстаздар, 50-ге жуық оқушы, білім, спорт, өнерден халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Жиында сөз алған Ақментай Есбаев: "Бүгін мектепті үздік бітірген түлектерімізді өмірлерінің жарқын белесі бүгінгі ерекше қуаныштарымен құттықтаймын. Бұл – «Алтын белгі» иегерлерімен қатар ұлағатты ұстаздар, ардақты ата-аналар, жалпы келестіктер үшін үлкен мәртебе. Келес дербес аудан болып құрылғанда орын алып отырған айтулы оқиға. Жас түлектер, білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Елімізде жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда" - деді аудан басшысы.

Салтанатты шара барысында ауданның мәдениет үйінің қызметкерлері концерттік бағдарлама ұйымдастырып, мереке иелері де өз өнерлерін паш етті. Жалынды түлектер әуелете ән шырқап, қоштасу вальсін биледі.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 902 times