Понедельник, 17 Июнь 2019 21:02

Түркістан облысы: Түлкібас ауданында жас түлектерге сәт сапар тіледі

Бүгін Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылында орналасқан «Жеті қазына» аллеясында өз білімдерімен ауданның мерейін үстем қылған білімді шәкірттерді құттықтап, болашақтарына сәттілік тілеу үшін аудан әкімінің мектеп бітірген «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, аудандық білім бөлімінің басшысы мен қызметкерлері, мектеп директорлары, бітіруші түлектер, олардың ата-аналары, БАҚ өкілдері қатысты. 

Үлкен өмірге қадам басқан түлектерді құттықтаған аудан әкімі білім таусылмас қазына, баға жетпес байлық екендігін айтты. Оқушылардың білім шыңына жетіп, жетістіктерге қол созғанда демейтін ата-аналар мен мұғалімдердің еңбегін де атап өтті.

– «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» деген екен ұлы ғұлама Әл-Фараби. Бабамыз айтқандай, жаңалыққа жаны құмар, әлемнің көшіне ілесетін, озық ойлы жастар ретінде сіздерден үлкен үміт күтеміз. Жоғары білім алып, Отанымыздың білікті маманы ретінде еліміздің дамуына зор үлес қосады деп сенемін! – дей келе, түлектерді марапаттау рәсіміне көшті. Жалпы, аудан бойынша биыл 85 түлек «Алтын белгіге» ие болса, аудан басшысы олардың әрқайсысына "Алтын белгіні" өз қолымен табыстады.

Бітірушілер үшін аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, отшашу атылды. Әдемі кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 731 times