Четверг, 20 Июнь 2019 10:40

Түркістан облысында «Үздік оқытушы» байқауы өтті

Тілдерді оқыту – өзектілігін жоймайтын, күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Осыған орай Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы» байқауы өтті. Онда тілдерді оқыту орталықтарынан таңдалған 15 оқытушы қатысып, бақ сынады. 

Оқыту тәсілі заманына қарай қоғаммен бірге жаңарып, өзгеріп, толықтырылып отырады. Сәйкесінше мамандардың біліктілігі де осыған сай болуы тиіс. Әр аудан-қаладан ашылған тілдерді оқыту орталығы аталған міндет пен жауапкершілікті сезінеді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тегін білім беретін ортаның мамандары бүгінгі сайыста бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік туды.  Үш кезең бойынша бақ сынасып, сынға түсті.

 Облыста тілдерді дамыту бойынша 16 орталық жұмыс істейді. Былтыр бұл мекемелерде 8800-ге жуық азамат үш тілде білім алды. Ал 2019 жылдың соңғы бес айында 3800-ге тұрғын үш тілді үйренуге ниет білдірген. Бүгінде Түркістан облысында мемлекеттік тілді меңгергендер үлесі 93%, орыс тілін үйренгендер 63%-ды құраса, ағылшын тілін 15% азамат меңгерген. Бұл көрсеткішке тілдерді оқыту орталығының қосқан үлесі мол. 

«Тілдерді оқыту орталықтары қазіргі таңда кеңінен насихатталып жатыр. Бүгінгі таңда латын әрпін толық меңгеру үшін мамандарымыз 72 сағат оқу курсынан өтуде» дейді Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Жақсылықова.

Бұл шараның негізі мақсаты ұстаздарға латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңашыл әдіс-тәсілдерін меңгерту, тәжірибе алмасуына жағдай жасау.Шара жеңімпазы күз айларында өтетін республикалық байқауға жолдама алады.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 697 times