Четверг, 11 Июль 2019 14:18

Саырағаштық түлек ҰБТ-дан 140 балл жинады

Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша елімізде тек бір ғана оқушы ең жоғары 140 балл жинаған. Ол - Қасымжан Жұбай есімді Сарыағаш ауданының түлегі. «Жаскешу» деп аталатын алақандай ауылдағы орта мектепті 11 жыл бойына үздік оқыған жас мұндай жетістікке қажырлы ізденіс, мақсатшыл талпынысы арқасында жетіп отыр.

Қасымжан күнде таңертең сағат 5 жарымнан тұрып, әрбір сұрақтың жауабын осылайша еске түсіріп, қайталап шығады. Шатасқан жері болса, қайта оқып, жадына тоқып қалуға тырысады.сабақтан келген соң жаңа тақырыпқа байланысты сауалдардың жауабын қағазға түсіріп, қабырғаға жапсырады. Осылайша екі жылдың ішінде Қасымжанның жатын бөлмесі сауалдар мен жауаптардың галереясына айналды. «Әр бос уақытымда, жатқан кезде, киімімді ауыстырғанда, сабақ оқығанда көзім түссе осыларды жаттап отырдым. Осы жапсырғандарым тесте көмек берді» - дейді ол.

Анасы Венераның айтуынша тұңғышы жас кезінде өте тұйық бала болған. Осы мінезіне қарап анасы оны келешекте әскери қызметкер болуға үгіттеп көреді. 9 – сыныпқа көшкен жылы Қасымжан алдына болашақта дәрігер боламын деген айқын мақсат қойды. Содан бастап, оның жетістікке талпынуына үнемі анасы қанаттандырып отырған. «Сенің қолыңнан келеді», «мен саған сенемін», «сен болашағы жарқын азаматсың», «менің азаматымсың, «елдің азаматы болуың керек» деп үнемі осы сөздерді қайталап айтып отырдым. Мектепке кетіп бара жатқанда «зейінің ашылсын» деп шығарып салатынмын. ҰБТ сынағына тапсыруға барғанда Қасымжан өз өзін өте сенімді болатын. Өйткені бұған дейінгі алдын ала сынақтарда ылғи да 130-дан астам сұраққа дұрыс жауап беріп жүрген. Тіпті екі рет ең жоғары 140 балл да жинады.» - дейді Қасымжанның анасы Венера Темірова.

Адам өміріне арашашы болуы. Сырқатынан сауыға алмай дерті дендеген жанға жарық күн сыйлау. Бұл Қасымжанның жеткіншек кезден бергі арманы. Осы арманның жетегімен ол енді бірер күнде Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетіне құжат тапсырмақ. Қасымжанның бұл мамандықты таңдауына әкесінің ерте үзілген ғұмыры да әсер еткен болуы керек дейді анасы.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Read 899 times