Пятница, 09 Август 2019 13:11

Түлкібас ауданында «Өңір және тұлғалар» атты тарихи деректі конференция өтті

Түлкібас жері – иісі қазақтың мақтанышына айналған, Алаштың жоғын жоқтап, мұңын арқалаған, қазақ халқының ұлы перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ата қонысы, қазақтың біртуар ұлдары Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза тағы басқа да тарихи тұлғалардың туған жері. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен бүгінгі өткен конференцияның мақсаты, халқымыздан шыққан асыл азаматтардың кейінгі ұрпаққа қалдырған еңбектерін насихаттау, тұлғаларды кеңінен ашу.

Конференцияның ашылу салтанатында алғы сөз алған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков бүгінгі таңда аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, конференцияға еліміздің әр өңірінен арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді. Тағылымды жиын барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының және Түлкібас ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі Мархабат Байғұт, Бауыржан Момышұлының келіні, қазақы дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды насихаттаушы Зейнеп Ахметова, республикалық Д.Қонаев қорының төрағасы Асанбай Алсейітов, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының иегері, халықаралық Санкт-Петербург психология Академиясының Құрметті академигі, жазушы Дохтырхан Тұрлыбек, филолог, әдебиет тарихшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Дихан Қамзабекұлы және Ш.Мұртаза атындағы «Уақып» қорының президенті, саяси ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай, Түлкібас өңірінен тумалары, қазақ елінің мақтанышы Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды ұлы тұлғарымыз туралы түйінді ойлар айтып, баяндамалар жасады.

Конференция соңында Ш.Мұртаза атындағы «Уақып» қорының президенті, саяси ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай, Ұлы тұлғаларымыздың ізін суытпай, жан-жақты зерттеп жүрген азаматтарға және туған туыстарына, тұсауы жаңадан кесілген Ш.Мұртаза қорының атынан сыйақы ретінде ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Сондай-ақ қор президенті биылғы жылы Түлкібас ауданындағы барлық білім ошақтарында қазақ елінің Ұлы тұлғалары туралы шығармашылық конкурстар ұйымдастыру мақсатында 1 млн. теңге шәкіртақы белгіледі. Конференция барысында келген қонақтарға Елімізден және Түлкібас өңірінен шыққан Ұлы тұлғалар жайында халықтық көрме ұйымдастырылды. 

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 864 times