Среда, 30 Октябрь 2019 10:13

Шымкентте мектеп психологтарына арналған екі күндік семинар-тренинг өтті

Онда мұғалімдер «Деструктивтік діни ұйымдардың құрбандарымен жұмыс істеу» тақырыбында білікті мамандардан сабақ алды. Ол үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы әлеуметтік-психологиялық орталықтың қызметкерлері келді. 

«Іс-шараның басты мақсаты – жат ағымдағы діни ұйымдардың жетегінде кеткен жандарға тура жол көрсету», - дейді шараны ұйымдастырушылар.  Жасыратыны жоқ, соңғы кездері өскелең ұрпақ тұрмақ егде жастағы азаматтырдың өзі экстремистік көзқарастағы ұйымдардың арбауына түсіп, жетегіне еріп жатады. Тіпті кешегі Сирия жағдайын да атап өтуге болады. Шараны ұйымдастырушылар «Сондықтан балалар арасындағы діни көзқарасты мектеп қабырғасынан қалыптастырған жөн» - дейді.

«Орталықта мұқтаж жанға әлеуметтік сала бойынша қызметкер мен психолог маман көмек көрсетеді. Ал мамандандырылған медициналық кабинеттерде тексеру, талдау жүргізіліп, дәрі-дәрмек тегін беріледі. Орталық радикалдық, деструктивтік және тоталитарлық культттердің ықпалынан зардап шеккендерді психологиялық, құқықтық, әлеуметтік тұрғыда оңалтумен айналысады» - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының басшысы Гүлмаржан Шунаева.

Елордадан ат терлетіп келген психолог мамандар жергілікті педагогтарға балалар арасындапозитивті ұстаным қалыптасыру жайын үйретті. «Көп жағдайда жасөспірімдер кереғар ағымдағы ұйымдардың шырмауына шалынып, жолдан адасып жатады», - дейді «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының   мамандары.

«Оған қоса жұмыссыздық пен отбасындағы қиыншылыққа шыдай алмағандар да оңай арбалады. Діни сауаттының төменділігі де себеп. Сондықтан көпшілік арасында түсіндірме жұмыстарын көбірек жүргізу қажет» -дейді психологтар. Өйткені елдегі діни тұрақтылық пен қоғамдық тәртіп, ұлттық қауіпсіздік ауадай қажет. Білікті мамандардан дәріс алып, тұщымды ой түйген ұстаздарға арнайы сертификаттар табысталды.   

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 926 times