Понедельник, 20 Ноябрь 2017 05:11

ОҚМПИ Өзбекәлі Жәнібековтің атымен неге аталмай қалды?

Осыдан біраз күн бұрын фейсбук әлеуметтік желісінде Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты университетке айналып, оған Өзбекәлі Жәнібековтің есімі беріліпті деген жазбалар пайда болған еді. Алайда, осы оқу орнының бірінші һәм оқу ісі жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек өзінің "фейсбуктегі" парақшасында институттың университетке айналғанын растағанымен, оқу ордасына Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілмегенін жазды. Бізге түсініксіз болып тұрғаны - бұл тек ел аузындағы әңгіме болғаны ма әлде шынымен осындай бастама көтеріліп, жеме-жемге келгенде Жәнібековтің есімі жоғары жақтың мақұлдауынан өтпей қалды ма?

Ел аузындағы әңгіме демекші, ұзынқұлақтың айтуынша Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы бастама жоғары жақтан соншалықты қолдау таппаған көрінеді. Онымен қоймай, Жәнібековтің орнына оқу ордасын Д.Қонаевтың атымен атау туралы ұсыныс жасалыпты-мыс. Бұл әңгімелердің рас-өтірігі алдағы уақытта анықтала жатар. Алайда, Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы идея шынымен айтылған болса онда не үшін және ең бастысы кімге ұнамай қалуы мүмкін? Университет ректоры Аяшевқа ма, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа ма? Мүмкін, Білім және ғылым министрі Сағадиев жақтырмады ма екен?

Анығында, екі алып тұлғаның да қазақ мемлекетіне, қазақ ұлтына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Жәнібеков пен Қонаевқа оқу орны тұрмақ ірі-ірі қалалардың атын берсек те жарасады. Десек те, жұртшылық ОҚМПИ-ге «Жәнібековтің есімі беріліпті» деп шулап жатқан кезде оны Баршагүл ұстаз теріске шығарғанын көрген соң көпшіліктің екұдай күйде қалғаны рас. Бір шетінен, педагогикалық оқу орнына басқа-басқа, Өзбекәлі атамыздың есімі лайықтырақ па еді?..

Өзбекәлі Жәнібеков – осы Оңтүстік өңірдің, Отырардың тумасы. Бұл – бір. Екіншіден, Ө.Жәнібеков педагог болатын. Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын бітіргенін білесіздер. Алғашқы еңбек жолын да осы Оңтүстік өңірде мектеп мұғалімі болып бастаған. Оқу ісінің меңгерушісі болған. «Оқу орнына Өзекеңнің есімі лайық па еді» дегеніміз осы еді. Ал, қазақтың біртуар азаматының Келес ауданы комсомол комитетінің 1-хатшысы, Шымкент облысы комсомол комитетінің атшысы дәрежесінен Қазақстан ЛКЖО ОК-нің 1-хатшысы деңгейіне дейін көтеріліп, мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқаруы – өз алдына бөлек әңгіме. Идеолог ретінде Ө.Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру жүзеге асты. М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов есімдерінің халқына қайта оралуына белсене атсалысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

Димаш атамыздың есімі лайықсыз деуден Құдай сақтасын әрине, дегенмен, салалық, соның ішінде педагогикалық оқу орнынан гөрі "Қонаевтың есімін ұлттық не халықаралық көпсалалы оқу ордасына берген ұтымдырақ болар ма еді" деген ой келеді. Оның үстіне, қателеспесек, Алматыда сонау 1993 жылы құрылған Д.Қонаевтың атын иемденген Еуразиялық заң академиясы бар болса керек.

 Қалай болғанда да бұл мәселе әлі біраз уақыт талқыланатын түрі бар. Қазірдің өзінде «Жәнібековтің «кандидатурасы» не себепті өтпей қалды дейсің, белгілі ғой», «Қонаевтың есімін қою туралы ұсыныстың қайдан шыққанын білеміз»,- деген сияқты пыш-пыш әңгімелер айтылып, әркім сан-саққа жүгіртіп, бұрыш-бұрышта неше түрлі пікірталастар жүріп жатқанын да ішіміз сезеді. Кім не десе де, әйтеуір, үлкен кісілердің артынан қаңқу сөздер ермей, мәселе дұрыс шешілсе екен дейміз. Қай тұлғаның есімін берсе де...

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Read 3438 times