Пятница, 02 Март 2018 13:58

ШЫМКЕНТ: ОҚУШЫСЫ ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛҒАН МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ МИХЕЕВ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕ МЕ?

Құйрық-жалын ұстатпай, зымырап бара жатқан уақыт. Шымкент қаласындағы №83 жалпы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Ахметовтің өз-өзіне қол салып, дәлірегі, өз үйінің ауласындағы моншаның артында асылып, бақиға аттанғалы да 3 апта өте шығыпты. Қабырғаңды қайыстырар қайғылы жағдай туралы іле-шала, жергіліктісі бар, республикалығы бар, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат таратты. Алайда сол оқиғаның соңы немен тынары, қандай нәтиже шығары, енді мұндай жағдай қайталанбас үшін не істелері, кімдердің жауапкершілікке тартылары көмескіленіп бара жатқандай әсер қалдырады. 

Әдетте атам қазақ «Атамдатсаң – атамдат, ботамдатпа» деп тілейді Жаратқаннан жалбарынып. Бірақ тағдыр ақыры өз әмірін жүргізіп, «ботамдатып» тынды. Бүтін бір отбасы айдың-күннің аманында мәпелеп, өсіріп, әне-міне мектептен түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қағады деп үміт артып отырған аяулы перзентінен – сүт кенжесінен айырылып, аңырап қалды. Ешкімнің басына салмасын, бірақ бауыр еті баласының мезгілсіз өлімі – кез келген ата-ана мен оның ет жақындары үшін аса ауыр қайғы.

Иә, Ерсұлтанның әке-шешесінің «Мектептегі әлімжеттік баламның түбіне жетті» деген жанайқайын «КТК» (https://www.ktk.kz/kz/news/video/2018/02/12/89901) мен «Отырар» (https://kz.otyrar.kz/2018/02/mektepte-%D3%99limzhettik-zhasau-o%D2%9Bi%D2%93asy-bolma%D2%93an/) телеарналары арқылы көрдік, естідік. Сай-сүйегіміз сырқырап, іші-бауырымыз езіліп кетті. Дұшпаныңа да тілемейтін жағдай. «Өрімдей жас жігіт неліктен тығырыққа тіреліп, бұлайша өмірден түңілді екен?» деп қамықтық. Санамызды тіпті сан алуан сұрақтар сарсытып-ақ жіберді. Әріптестерімізге рахмет, қайғылы оқиғаның анық-қанығына жұртшылықтың көзін жеткізіп, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрысты таразылап алу үшін тараптардың барлығының сөзіне құлақ түріпті.

Мәселен, Ерсұлтанның анасы Фатима Ақылбекова ұлының өліміне мектептегі әлімжеттік себеп деп сенеді. «Бұл жағдайды бір жылдан бері білеміз. Осыдан біршама уақыт бұрын мектептің директорына барғанбыз әкесі екеуміз. Баламыздан ақша талап ететіндігін айтқанымызда: «Үш-төрт ай қалды ғой. Оқи берсін», - деп еді. Басты себебі – мектепте…», «Мектепте 11-класс ақша жияды екен. Капитан ба, командир ма деймін, мафиясы бар екен. 3 мың теңгені сол күні апармасаң, 100 теңгеден процент қосады екен. Менің баламдыкі 15 мың теңге болыпты. 15 мың теңгені әкелмесең, «мен сені атып өлтіремін» депті. Балама пышақ тақапты» деп зар илейді ана. Туыстарының айтуынша, дәл сол күні Ерсұлтан туған әпкесіне хабарласып, ақша талап етіп жатқандығын, 7 мың теңге тауып беруін өтінген екен. Бұдан бөлек үйінен әрдайым ақша сұрап, кейде таяқ жеп келетінін айтқан жақындары марқұмның қалтасынан бірнеше жігіттің аты жазылып, бірнеше мәрте жыртылған бір жапырақ қағаз тауып алған.

Ал Ерсұлтан білім алған мектептің директоры Берікбай Михеев «Әлімжеттік жасап, ақша жинау деген біздің мектепте бұрын-соңды мүлдем болған емес. Бұл туралы ашық айта аламын» деп сендіреді.

Сіз тараптардың қайсысының сөзіне сенер едіңіз? Қайсыcының әңгімесі құлаққа кіреді? Ерсұлтан қайтыс болардан екі апта бұрын ғана өзі бірнеше жылдан бері оқып жүрген «А» сыныбынан «В» сыныбына не себепті ауысты деп ойлайсыз? Марқұмның әке-шешесі айтқандай, сыныптастары тарапынан әбден қорлық көрген соң ба, әлде басқа себептері бар ма? Қатарластарының оған арызқой деген лақап ат қойғандары қаншалықты рас? Түптеп келгенде, қаршадай баланың кінәсі не? Өзбекстаннан қоныс аударған оралман болғандығы ма?

Егер Ата Заңда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп, тайға таңба басқандай көрсетілген 1-бап күшінде болса, бүгінде тергеу, тексеру амалдарын жүргізіп жатқан құзырлы органдар қара қылды қақ жарып, «ақты – ақ, қараны – қара» деп, әділ шешімін айтады деп сенеміз. Оның үстіне бұл оқиға туралы ақпанның 16-сында өткен ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың халықпен есепті кездесуінде де залдан сұрақ қойған азаматтар тарапынан ерекше екпін түсіріле айтылды (http://www.ratel.kz/scandal/vo_vremja_otcheta_akima_juko_razgorelsja_skandal). Және сол жиынға жергілікті тұрғындармен қатар вице-премьер Асқар Жұмағалиев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосовтың, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов пен премьер-министр кеңсесінің бас инспекторы Марат Жексембиннің қатысқандарын есепке алсақ, Ерсұлтан Ахметовтің өліміне қоғам бейжай қарамай, жіті назар аударады деп үміттенеміз.

P.S. Алайда алда-жалда Ерсұлтанның жарық дүниемен қош айтысып, өз-өзіне қол салуына аталмыш мектептегі қатарластарының итермелегені расталса, онда бұзақылардың тайраңдауы мен әлімжеттікке жол беріп алған білім ұясының басшысы Берікбай Михеевтің әрмен қарай түк болмағандай қызметін атқара беруіне моральдық тұрғыдан да, заңдық тұрғыдан да құқығы бар ма? Сіз қалай ойлайсыз?

Әрине, әзірге бұл мәселенің соңы немен бітері белгісіз. Әйткенмен біз мұны әрі қарай қырағы назарда ұстайтын боламыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.  

Read 4167 times