Воскресенье, 03 Июнь 2018 13:03

Шымкенттің 20 мың оқушысы «Шабыт» шеруіне қатысты

Шымкент қаласында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай биыл екінші рет «ШАБЫТ» жас музыканттар шеруі ұйымдастырылды. Еліміз бойынша дәстүрлі түрде өткізілетін шеруге ОҚО көлемінде 200 мыңға жуық оқушы қатысты. 

Соның ішінде «Жасай бер, Қазақстан!» деп ұрандатқан Шымкент қаласының 20 мың оқушысы Қажымұқан атындағы орталық стадионында салтанатты сап түзеп, алаңды айнала көтеріңкі көңіл-күймен жүріп өтті. Шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, рухани-адамгершілік, эстетикалық-патриоттық тәрбие беру, балалар мен жастардың орындаушылығын, шығармашылығын қолдау мақсатын көздейді.

Балалар мен жас өрендердің қатысуымен өткізілген музыкалық оркестрдің шеруіне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала басшысы Нұрлан Сауранбаев та қатысып, бүгінгі әлем дамуындағы бәсекелестікке білімділігімен өзге елдерде есе жібере қоймайтын өнерлі, дарынды оқушыларды қанаттандырып, игі тілектерін жолдады.

Ал түрлі ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен 200 оқушы орындаған «Мен – қазақпын» патриоттық флешмобы мен концерттік бағдарлама балалардың қуанышын одан сайын еселей түсті.

Жалпы, соңғы жылдары 370-ке жуық өнерпаз бала халықаралық деңгейде өткен байқауларға қатысып, 174 жүлделі орынға ие болған екен. Сонымен қатар республикадағы мектеп және колледж оқушылары арасында 52 спорт түрінен өткен ІХ жазғы спартакиаға ОҚО-дан 28 құрама команда қатысып, 15-і – 1-орынды, 5-і 2-орынды иеленсе, 3-орынға 5 бала көтерілген.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1486 times