Воскресенье, 03 Июнь 2018 13:29

Шымкент қалалық білім бөлімі «Жүрек жылуы» атты мерекелік іс-шара өткізді

Шымкент қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындарға «Жүрек жылуы» атты мерекелік іс-шара өтті. 

Бұл күн – балалардың әрдайым қамқорлықта болуын, ал үлкендердің олар үшін жауапкершілікте болуын еске салатын күн. Еліміздің ертеңгі тірегі болатын бала болашағын баянды ету үлкенге парыз екені ақиқат. Мемлекетіміз өскелең ұрпақтың болашағына орасан сенім артып, барлық жағдайды жасап отыр.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 772-ге жетіп жығылады. Оның ішінде 26 бала – патронаттық отбасы тәрбиесінде.

Шымкенттегі «Фиркан CITY»сауда-ойын-сауық орталығы ғимаратында «Жақсылық жасауға асығайық» үндеуімен ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына шаһар бойынша онға тарта демеуші тартылып, 100 жетім балаға сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ бұл күні бүлдіршіндерге мұндағы сан алуан аттракциондарда тегін ойнау мүмкіндік жасалды. Жанарларынан қуаныш лебі байқалған балалар да өз кезегінде би билеп, әнмен шашу шашты.

Ал кәсіпкерлер қауымы білім бөлімі тарапынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1597 times