Среда, 20 Июнь 2018 07:37

Шымкент: жергілікті билік үш ауысымды мектептерді болдырмауға күш салуда

Үш ауысымды мектептердің пайда болуы мүмкін екендігінің себебін мамандар бала санының артуымен байланыстырып отыр. Тіпті орынның жетіспеуінен жеке ғимараттарды жалға алуға мәжбүр екен. Әйткенмен тығырықтан шығудың жолын іздеген қалалық білім бөлімінің қызметкерлері қазынадан қыруар қаржы бөліп, тозығы жеткен мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге кіріскен. Олар мүмкіндігінше білім ұясының аумағында қосымша құрылыс жүргізуді жоспарлапты. 

Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектеп 900 орынға шақталған. Ғимарат 1963 жылы пайдалануға беріліпті. Сол уақыттан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ұясы соңғы уақытта ұстаздар мен оқушыларға бірқатар қиындықтар туындатқан. Әсіресе, қыс мезгілінде шатырдан су ақса, тозығы жеткен жылу жүйесі жиі істен шығып қалады екен.

«Жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізілетін. Құбырлар ауыстырылғаныменен, шіріген тұстары көп еді. Су ағатын. Құбырлар жарылып кететін кездер болатын. Міне, енді соның барлығы 100 пайыз жөнделетін болды» дейді аталмыш мектептің басшысы Зарета САПАРҚҰЛОВА.

Араға 55 жыл салып күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептің тағы бір мәселесі бар. Мұнда бала санының көптігінен орын жетіспеушілігі байқалады. Білім бөлімінің басшылары бұл жағдайдан хабардар. Айтуларынша, үш ауысымға көшу қаупі бар мектептердің саны бүгінде 10-нан асыпты.

«Бүгінгі таңда қалада үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Бірақ сондай қауіп бар. Халық санының көбеюіне байланысты мәселе туындап отыр. Атап айтар болсам, №№1, 65, 23 мектептер» дейді Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасарыҒабит НЫСАНОВ.

Қазіргі таңда үш ауысымға көшу қаупі басым білім ұяларында қосымша ғимарат салу жайы қарастырылып жатыр екен. Дегенмен кейбір мектептердің аумағында ондай мүмкіндік жоқ. Білім бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, биыл қаладағы 118 нысан ағымдағы, 11 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Бүгіндеқажетті қаржы көлемі нақтыланып, мердігер анықталған.Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандар жаңа оқу жылына дайын болмақ.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1430 times