Вторник, 14 Август 2018 10:51

Шымкентте жаңа балабақша ашылды

Шымкент қаласындағы «Кіші Самал» шағынауданында «Лилия» балабақшасының ашылу рәсімі өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин қатысты. 

Балабақша 100 балаға шақталған, қазіргі таңда мұндағы 75 орынға мемлекеттік тапсырыс бар. Жолдама алған балалар үшін төлемақы көлемі мемлекеттік балабақшалармен теңестірілген. Балабақшада 4 топ бар. Ұжымның ұстанған негізгі бағыты – бүлдіршіндерді салауатты өмір салтына баулу.

Мұнда заманауи сауықтыру әдістері жан-жақты ойластырылған. Балалардың дене шынықтыру шараларына белсенді қатысуға мүмкіндік бар. Сумен ширықтыру және жаттығу терапиясынан (физиотерапия) бөлек мұнда музыка, хореография және ағылшын тілдерінде қосымша сабақтар өтіледі.

Айта кетейік, 2018 жылы Шымкенттегі мектепке дейінгі 459 мекемеде 69764 бала білім алады. 88 балабақша мемлекеттік меншікте. Онда 24261 бүлдіршін тәрбиеленуде, мектеп жанынан ашылған 20 шағын орталықта – 1070 бала, жекеменшік 351 балабақшада 32572 бүлдіршін бар. Мектепке дейінгі білім беру топтарында (5-6 жас) 11861 бала қамтылып отыр.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес балабақшаларда 3-6 жасар бүлдіршіндердің 87,9 пайызы (30546 бала) қамтылған. 2018 жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Шымкент қаласына 46 балабақша қажет және олардың барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынады деп жоспарланған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1154 times