Суббота, 25 Август 2018 04:43

Түркістан облысының 20 мұғалімі Мәскеу мемлекеттік университетінде тегін оқитын болды

Түркістан қаласында өткен облыстық Тамыз кеңесінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев  ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесіне тоқталды. Ұстаз бедеді — мемлекет беделі екенін атап өткен ол білікті маман, отаншыл азамат тәрбиелеу үшін мұғалімдердің білімі мен қайраты мол болу керектігін айтты. Облыста түлеп ұшып, өзге өңірлерде қызме етіп жүрген білікті мамандар мен педагогтарды туған жерге шақыру керектігін жеткізді.

Бүгінде Түркістан облысында кәсіптік білім сапасын көтеру мәселесіне әкімдік тарапынан назар аударыла бастағаны белгілі. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды саланың бірі – техникалық және кәсіптік білім беру. Себебі, кәсіптік білім мекемелерін бітіруші түлектердің 25-30 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілмей келеді. Ол мемлекеттік тапсырысты дұрыс қалыптастырмаудан. Қоғамға нақты қандай мамандар қажет екені жіті зерттелмегендіктен жастардың біразы дипломға сай жұмыс таппай жүр. Осы олқылықты жою мақсатында биыл кәсіптік маман даярлау бағытында мемлекеттік тапсырысты жүйелеу үшін 7 жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ қоғамға аса қажетті мамандықтарды саралаған. Осы жаңа формат бойынша биыл өңірге қажетті мамандар даярланады, жұмыссыздар саны азайып, мемлекет қаржысы тиімді мақсатта жұмсалады. Биыл мемлекеттік тапсырысқа республикадан 3 млрд. 900 млн. теңге ал, облыстан 17 млрд. теңге қаралды. Нақты қадам арқылы кәсіптік білімнің сапасы көтеріліп, облыс экономикасына қажетті мамандар тапшылығы мәселесі де шешілмек.

Түркістан облысының мұғалімдері үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. Биыл бірінші рет өңір ұстаздарына М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына  20 грант бөлінді. Олар үш мамандық бойынша әлемдегі ең атақты оқу орындарының бірінде білімін жетілдіріп қайтады. Игі іске облыс бюджетінен қаржы қарастырылған.  Сонымен қатар, Қазығұрт ауданында  орналасқан Ж.Қаппаров атындағы физика-математика бағытында оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатына шеттен келген мұғалімдері үшін 15 жеке үй құрылысын салу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Аталған бастамалар Түркістан облысында білім саласына серпіліс әкеледі деген сенім бар.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Read 1118 times