Суббота, 25 Август 2018 04:50

Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында екі мектеп пайдалануға берілді

Өткен бейсенбі, яғни 23 тамыз күні Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болды. Өңір басшысы Сарыағаш ауданы, Ақжар ауылдық округінде орналасқан 600 орындық орта мектептің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.  Облыс әкімі мемлекет тарапынан білім саласына көңіл бөлініп жатқанын, білім ұяларының саны артқанын айта келе жаңа мектептің ұстаздары мен оқушыларына сәттілік тіледі.

Заман талабына сай жабдықталған мектеп құрылысы 2017 жылдың мамыр айында басталып, биылғы тамызда аяқталып отыр. Нысанды Сарыағаш ауданының құрылыс бөлімінің тапсырысымен мердігер «АРТ Құрылыс» ЖШС-гі салып, ел игілігіне тапсырды. Құрылыстың сметалық құны —1 414,7 млн. теңге. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. 

Осы күні Сарыағаш қаласында орналасқан №71 мектептің қосымша 300 орындық оқу ғимаратының да ашылу салтанаты өтті. Сметалық құны 846,34 млн. теңгені құраған ысанның құрылысы 2017 жылдың маусым айында басталып, 2018 жылдың тамыз айында тапсырылды. Қаржыландыру көзі — республикалық бюджет. Құрылыс жұмысын «Лидер НК» ЖШС-гі жүргізген. Бүгінде Сарыағаш ауданындағы білім ұяларында 47634 оқушы бар. Оның 4831-і мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері. Аудандағы 65 білім беру мекемесінің 57-і типтік үлгіде салынған. Жалпы ауданда 11 мектептің жаңа және қосымша ғимараттары салынған. Нәтижесінде апатты жағдайдағы 4 мектеп пен үш ауысымда оқитын 4 мектептің мәселесі толық шешілді.

Облыс әкімі Сарығаш қаласының кіре берісінде орналасқан «Саялы Сарыағаш» аллеясында Сарыағаш қаласының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалармен танысты. Аудан әкіміне Сарыағашты дамыту шараларын жандандыру жөнінде тапсырма берді.  

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 1153 times