Суббота, 25 Август 2018 06:08

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Келес ауданында жаңа мектептің лентасын қиды

Келес ауданына жасаған ресми сапары аясында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ошақты ауылдық округіндегі 600 орындық №105 Қоңыртөбе жалпы орта мектебінің ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды. Айтулы шарада сөз алған Жансейіт Қансейітұлы жергілікті жұртты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Кез – келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады» деп атап өткендей, мемлекетіміз бала тәрбиесі мен оның білім алуына үлкен мән беріп, жан-жақты жағдай жасауда. Мәселен, биыл облыс бойынша республикалық және облыстық бюджет есебінен 18,4 млрд. теңгеге 90 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Сарыағаш ауданында 19 мектептің құрылысы басталды. Жыл қорытындысымен облыс бойынша 45 білім ордасы пайдалануға берілетін болады. Оның ішінде 15 мектеп «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда. Оның 5-і Келес ауданының үлесінде. Жаңа оқу жылының қарсаңында 600 орындық мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілгелі отыр. Осы білім ұясынан елге қызмет етер азаматтар тәрбиеленіп шыға берсін», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Сапар соңында облыс басшысы Қошқарата ауылдық округіндегі «Қайнар» ЖШС-нің тың жобасымен танысты. Жобаның негізгі бағыты - қымыз өндіру және ат спортын дамыту. Бүгінде серіктестік жалпы саны 50 сауынды биеден күніне 150-200 литр қымыз өндіріп отыр.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 1092 times