Суббота, 01 Сентябрь 2018 11:10

Шымкент: №125 мектеп үшін алар асу да, ұшар биік те алынбас қамал емес

Бүгін Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ тұрғын үй алабындағы №125 жалпы орта мектепте 1 қыркүйек – Білім күніне орай осымен екінші мәрте алғашқы қоңырау соғылды. Өткен оқу жылының басында ел игілігіне беріліп, тұсауы кесілген, 1200 орындық білім ошағындағы биылғы салтанатты шара «Рухани жаңғыру – Елорданың еңселі белестері» атты тақырыптың аясында Астана қаласының 20 жылдығына, Ақтау қаласының 55 жылдық мерекесіне және шырайлы Шымкенттің республикалық маңызға ие қалаға айналып, мегаполис атануына арналды. Жиынға «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК пен Қаратау ауданы әкімдігінің заңгері Қанатбек СӘМБЕТОВ қатысып, барша ұстаздар мен шәкірттерді, ата-аналарды Білім күнімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. 

Өз кезегінде салтанатты шарада сөз алған мектеп директоры Әсет Сатыбалдиев XXI ғасырдағы жоғары технологиялық әлемде ілім мен білім инновацияның кілті және Қазақстан дамуының басты ресурсы саналатынын айтып, Елбасының тікелей қадағалауымен мемлекет тарапынан білім беру саласына зор мән беріп отырғанына тоқталды. Сондай-ақ орта білімнің жаңартылған мазмұнының тигізер пайдасына, оқушылардың қазіргі жағдайда алған білімдері мен машықтарын тәжірибеде қолдана алуға тиістігіне назар аударды. «Бұл, әрине, педагогтың біліктілігі мен кәсібилігінің жоғары деңгейде болуын талап етеді» деді ол.

Құттықтау рәсімі барысында спортпен шұғылданып, жасөспірімдер арасындағы байрақты бәсекелерде топ жарып, жалғыз №125 мектептің ғана емес, берісі – Шымкенттің, әрісі Қазақстанның намысын жыртып жүрген жас саңлақтар сахна төріне шақырылып, марапатталды. Сонымен қатар мектеп басшысы жылдар бойғы өлшеусіз еңбегінің зейнетін көруге бір табан жақын қалған директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Ырысбай Тотанов пен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрсәуле Құдайбергеноваға ұстаздар қауымы атынан алғысын білдіріп, «Орамал тон болмайды, жол болады» деген қазақы дәстүрмен бірінің иығына – шапан, біріне қамзол жауып, сый-құрмет көрсетті. Бұл ретте Н.Құдайбергенованың «Үздік мұғалім» төсбелгісімен марапатталғанын да атап өткен жөн.

Әлбетте, тарих үшін бір жыл дегеніңіз – қас-қағым сәт. Әйткенмен білікті басшы Әсет Сатыбалдиев басқаратын жаңа ұжым соған қарамастан бұл уақытты барынша ұтымды һәм тиімді пайдалануға тырысты. Соның нәтижесінде оқу мен тәрбие үдерістері бойынша мектептің бағындырған белестері айтуға тұрарлықтай. Мәселен, 2017-2018 оқу жылындағы алғашқы түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) сүрінбей өтіп, «алтын ұяларының» білім көрсеткішін 76 пайызға жеткізді. Екі оқушы «Алтын белгіге» лайық деп табылса, 16-сы мемлекеттік білім грантын иеленді.

Бұдан бөлек қаршадай өрендердің бастауыш сыныптарда оқып жүріп-ақ ғылыми ізденіске талпыныс жасауы да – қуантарлық жағдай. Айталық, қалалық білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылатын ғылыми жобалар сайысында 4 «Б» сынып оқушысы Бақыт Қабыл (сынып жетекшісі Гүлнар Дүйсенбиева) ІІ орынды, орыс тілі пәні олимпиадасында 2 «И» сынып оқушысы Арайлым Бегматова (сынып жетекшісі Манат Биімбетова) ІІ орынды, математика пәні бойынша 4 «Г» сынып оқушысы Жаннұр Құрман (сынып жетекшісі Күланда Ештаева) ІІ орынды, «Самұрық» математикалық олимпиадасында 2 «Д» сынып оқушысы София Мелс (сынып жетекшісі Жұлдызай Көшікбаева) бас жүлдені қанжығаға байлап, мектептің жақсы атын шығарса, мұғалімдер арасындағы қалалық пән олимпиадасында бастауыш сынып мұғалімі Жанар Сүлейменова ІІІ орынға ие болып, абыройды үстемелете түсті.

Білім күніне арналған салтанатты жиыннан соң, іле-шала барлық сыныптарда «Рухани жаңғыру – Елорданың еңселі белестері» тақырыбы бойынша тәрбие сағаты өтті. Оқушылардың жаңа оқу жылына құлшынысын байқап көрмек ниетпен 1-қабаттағы бөлмелердің біріне бас сұққанбыз. Мұнда Эльмира Бердіқұлова жетекшілік ететін 4 «Б» сыныбының балалары тәлім алып жатыр екен. Шетінен белсенді, зерек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жайлы және биыл Астананың құрылғанына 20 жыл толуына байланысты біраз мәліметтерден хабардар. Өскелең ұрпақтың отансүйгіштігіне, білімге құштарлығына сүйсініп, жүрекжарды тілегімізді білдіріп, естелік үшін суретке түстік.  

Атап өтер жайт, аталмыш білім ошағы жаңа оқу жылына 1873 оқушымен қадам басты. Оның ішінде 236 бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығынан тұңғыш рет аттап отыр.

Жалпы, биылғы жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы 133 мектеп 178 мың 297 оқушыны қабылдаса, оның ішінде 22 мың бала бірінші сыныпқа барды.

Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ

Read 1940 times