Вторник, 04 Сентябрь 2018 06:01

Түркістан облысында «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті

Облыс орталығы Түркістан қаласында орта мектептердің 5-7 сыныптарына арналған «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы шеңберінде қолға алынған кітап Түркістан облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен шығарылғанын айта кетейік.

Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықованың айтуынша, бұл оқулық оқушылар үшін өте пайдалы болмақ. Себебі,  оқулықта өңір тарихы мен географиясы, мәдениеті мен әдебиеті толық қамтылған. Алдағы уақытта бұл кітап облыс мектептеріне жеткілікті деңгейде баспадан шығарылады.

Бұл оқулықты Өмір Шыныбекұлы, Бибайша Бейсетаева, Күлімхан Сейілбекова, Жанар Ширманова сынды білікті мұғалімдер құрастырған. Оқулық «Өлкетану» және «Краеведение» деген атпен екі тілде жазылған. Қазір кітап мемлекеттік сараптамадан өтіп, баспаға жіберуге дайын тұр. Облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық ұйымдастырған жиында ұстаздар мен сарапшылар «Өлкетану» оқулығының маңыздылығына тоқталып, жаңа пәнді оқыту бойынша пікір алмасты.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 1121 times