Пятница, 24 Февраль 2017 11:21

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, философ, академик: «АЛЛА ЖАҚҚАН ОТТЫ АДАМ ҮРЛЕП СӨНДІРЕ АЛМАЙДЫ»

«Бір түнде әкеміздің қолына кісен салынды»

– Әбдімәлік аға, қазақтың жақсылары мен жайсаңдары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ешбір сұраусыз атылып, айдалып жатқан шақта жарық дүние есігін ашыпсыз. Білуімізше, осынау қиын-қыстау кезең Сіздің өміріңізде де ізін қалдырған екен.

– Иә, менің балалық шағым тар жол-тайғақ кешу күндерге, ашар­шы­лық­ты, қуғын-сүргінді, зорлық-зом­бы­лық­ты, қиямет-қырғын соғысты бастан кешірген жылдарға дөп келді. Әкесіз өстім. Анам тәрбиеледі. Әкемізді «халық жауы» деп, соғыс басталардың алдында тұтқындап әкетті. Сондағы таққан айыбы: ол «Германия Кеңес үкіметін жеңеді» деп айтыпты-мыс. Біз тұратын колхоздың Жүзелбаев атты шолақ белсенді төрағасы болыпты. Қалтасында үнемі тапанша жүреді екен. Кеңес үкіметіне берілген адам болса керек. Ал әкеміздің мінезі тік екен, ойындағысын бетің бар, жүзің бар демей, тура айтатын мінезімен бір күні оны боқтаған көрінеді. Анау колхоздың басшысы «Көрсетемін саған!..» деп, тісін қайрап кетіпті. Ақыры оңдырмады. Бір түнде әкеміздің қолына кісен салынып, үштікпен сотталды да, Өзбекстанның Ауғанстанмен шекаралас аумағында орналасқан Термез қаласындағы абақтыға айдалды. Байқасаңыз, аталмыш шаһардың жан-жағының бәрін өзен қоршап жатыр. Судан өтіп, ешқайда қаша алмайсың. Сол үшін де ондағы түрме «Барсакелмес» деп аталады екен. Сонда ағаш кесумен айналысыпты. Бәлкім, тапсырма солай болды ма, анық-қанығын кім білген, әкемді орыстың солдаты атып тастапты.

1991 немесе 1992 жылы ғой деймін, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов Қазақстанға келді. «Алматы» қонақүйіне тоқтапты. Көмекшісі қазақ жігіт екен. Таныстым. Одан Термезге қалай баруға болатынын және рұқсат алып беруін өтіндім. Ол көмектесуге уәде етті. Өкінішке қарай, қандас бауырым көп ұзамай лауазымынан босап қалды да, Термезге жолым түспеді.

– Демек, қайда жерленгені беймәлім ғой.

– Сүйегін таппадық. 54-55 жасында дүниеден озғаны ғана мәлім. Мен ол кезде 4 жастағы баламын ғой. Әйткенмен есімде еміс-еміс қалған сәттер бар: менің кіндік қаным тамған қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылындағы Сталин каналының арғы жағында үйіміз болатын. Жеркепе. Мен туған жылы, анамның айтуынша, қауын бітік шығыпты. Халық соны сатып, күнелткен екен. Одан бөлек күрішке орақ түсерде суын тартады ғой, сонда арықтың, алқаптың ішіндегі көлшік болып қалған саяз суда балық шоршып жатады. Әсіресе, сазандар көп болады. Ел соны талғажау етіп, күн көрді. Сол алмағайып дәуір бізді ерте есейтті. Қаршадайымыздан беліміз бүгі­ліп отын арқаладық, малға қарадық, диір­мен тарттық, егін ектік, күбі пі­сіп, келі түйдік. Үйдің жанындағы жерді қорш­ап, картоп, пияз ектік, базарға апарып сататынбыз. Мылтық асынып, аң-құс аулап, соның етін та­м­ақ ететінбіз.

– Әйтсе де сол жылдары көрген қиын­шылық Сізді әбден «пісіріп», жіге­ріңізді шыңдаса керек. Тұрмыс тауқыметі «халық жауының» ұлын ғылымға қалай әкеліп жүр?

– Соғыс жылдары және соғыстан кейінгі жылдары тұрмыстың ауыр тір­шілігін арқалай жүріп мектепте өте жақсы оқыдым. Онжылдықты Сырдария ауданындағы Кооператор деген ауылда тәмамдадым. Күміс медальмен. Бір қызығы, оны Жалғасбаев деген мектеп директоры 225 рубльге сатып жіберіпті. Кейін ес жиып, етек-жеңімді қымтағасын медалімді алмақ ниетпен Жалғасбаевқа бардым да. Ол К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында ғылыми диссертациямды қорғап келген кезім-тін. «Медалімді қайтарыңыз!» дедім. Әлдеқашан сатып жіберген, қалай қайтарады?! Ұялғанынан Ақтөбеге көшіп кетті.

Кооператор соңыра Коммунизм колхозы атанды. Дәл теміржолдың бойында орналасқан. Мектеп бітіргеннен кейін біздің ауылдың жастары көбіне-көп Ташкенттегі Орта Азия теміржол көлігі инженерлері институтына оқуға түсуге талпынатын. Мен де сөйттім. Жанымда Ыбырахым деген жігіт бар, Ташкентке тарттық. Иә, әдепкіде құлшынысымыз әжептәуір-тін. Емтиханға дайындық барысында екеуіміз өзіміз қатарлы өзбек жігіттерге математикадан біраз көмектестік. Алайда ол жаққа барған соң райымыздан қайттық. Қысы-жазы шойын жол бойында жұмыс істеу қиын болып көрінді. Сөйтіп, біз Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединститутқа екі пәннен емтихан тапсырып, фи­зика-математика факультетіне оқуға түстік. Бастапқы бір-екі жылда ауылдан қатынап оқып жүрдім. Курстан курсқа көшкен сайын білімімді тереңдетіп, уақыт­ты бос жібермес үшін қалада жатып оқуға тура келді. Мұнда Химия ғылымдары институтының директоры болған академик Әбікен Бектұровтың шәкірті Жұмаш Уәлиев атты проректорымыз бар еді. Сол кісінің мол қамқорлығын көрдім. Кілең 5-пен оқитындықтан, 3, 4, 5-курстарда сталиндік стипендия алып тұрдым. Ай сайын қолыма 780 рубль тиеді. Оның үстіне сол уақытта институтымыздың жанынан «Космос» атты ғарышқа үңілетін шағын станция құрылған-тын. Қажетті құрал-жабдықтардың барлығы жеткілікті. Содан 5-6 жігіт түнде станцияға барып, көкке көз тігіп, жасанды жер серігінің қозғалысын бақылайтынбыз. Бұл тірлігімізге «Москва космос» деген мекеме айына 100-200 рубльдің аралығында жалақы төлейтін. Әлгі 780-ге бұл ақшаны қоссаңыз, әжептәуір қаражат қой. Сөйтіп, студент кезімнен қолыма «Полет» деген сағат тақтым. 40 рубль тұрады екен.

Не керек, институтты үздік бітірдім. Мұнан соң көптеген қазақ жастары сияқты мен де білім мен ғылымның ордасы болған Алматыға асықтым. Себебі жас­тайымнан есіл-дертім жақсы ғылыми жұмыс пен тартымды еңбектер жазу арқылы әкеме ескерткіш орнату болатын. Бұл мақсатымды құптаған проректорымыз Ж.Уәлиев Ә.Бектұровқа хат жазды: «Әбікен Бектұрұлы, мен Сізге осы жігітті ұсынамын. Өзі талантты. Сіз қолдасаңыз, жақсы болар еді. Бағы ашылсыншы! Әкесін «халық жауы» деп атып тастаған екен...». Келіп едім, Ә.Бектұров бірден қызметке қабылдады. «Суворов атты орынбасарыма тапсырдым. Сен бізде жұмыс істе!» деді. «Қандай жұмыс?». «Аға лаборант». «Жоқ, ағай, мен аға лаборант болып жұмыс істемеймін. Айлығы қанша?». «830 сом». «Студент кезімдегі стипендиямның о жақ, бұ жағы екен ғой» дедім. «Айналайын-ау, сен әлі аспирантурада оқып, кандидат, одан әрі доктор боласың. Ақшаң көп болады. Бәріміз де осылай бастағанбыз. Сен де осылай бастайсың. Бастапқыда қиын болады. Сен аға лаборант болып жұмысқа кір. Келер жылы Ростов-на-Дону қаласына Стенгер атты мықты химикке жіберемін, сені солар тәрбиелейді. Сосын бізге қайтып келесің» деді. Келістім. 1960 жылы мені жолдамамен ҚазКСР ҒА Химия ғылымдары институтының электрохимия лабораториясына жұмысқа қабылдады. Бұл шілденің аяғы болатын.

Ал, келесі жылы мамыр, маусым айларында кандидаттық емтихандарымды тапсырдым. Мүйізі қарағайдай 3-4 ғалымның алдында Философия пәнінен сынақтан өтіп, үздік баға алдым. Сыртқа шығуға қамданып жатыр едім, әлгі кісілер маған «Сәл аялдай тұршы. Сені Салық Зимановқа ұсынсақ деп отырмыз» деді. С.Зиманов Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының директоры-тын. Біздің институт –  екінші, ал ол кісі басқаратын мекеме 1-қабатта орналасқан. Содан С.Зимановқа мені жолықтырмақ болып төмен түстік. Әлгі ғалымдар «Осында күте тұр» деп, мені қабылдау бөлмесінде қалдырды да, өздері ішке кіріп кетті. Сәлден кейін мені шақырды. С.Зиманұлы батыл адам болатын. «Әй, сен бізге ауысқың келе ме?» деді. «Не істеуім керек мұнда?». «Жаратылыстанудың философиясы деген бағыт бар». «Математиканың ба?». «Иә». «Онда мен келейін». «Өзім қоңырау шалып, сені сұрағаным ыңғайсыз болады. Енді сен Ә.Бектұровқа барып, ол кісіден рұқсат сұра, құжаттарыңды ал. Рахметіңді айт! Ол – ғалым адам» деді. Ә.Бектұровқа кіріп, мән-жайды түсіндірдім. «Сенен жақсы ғалым шығады деп ойлап жүр едім. Шешім қабылдап қойыпсың, жолыңды байламайын. Бара ғой, бірақ қайта ораламақ ниетің болса, есігіміз саған әрқашан ашық» деп шығарып салды.         

Мен сол кезде вокзалда түнеп жүргенмін. Өйткені Алматыда ешкімді танымаймын, бірде-бір туысқаным жоқ. Таныс та, ауылдас та жоқ. Сонымен, теміржол вокзалының маңайындағы бір үйдің есігін қақтым. Қожайындары орыс екен. Орыстың әйелі «Менің балам – әскерде. Мына тауықкепені жөндеп, әктеп, кереует қойып беремін. Қалай қарайсың?» деді. «Маған кешке жатар орын табылса болды. Күндіз жұмыстамын, сабақ оқимын, кітапханаға барамын». Ертеңіне сол тауықкепеге жайғастым. Таңертеңгі сағат 5-6-ларда қораз шақырады. Одан кейін ұйқы қайда?! Осы көріністі орыс әйел байқап, мені аяп кетті ғой деймін, «Заттарыңды ал, жүр» деді де, ауызғы бөлмеден маған орын тауып берді. Жақсы болды. Осы жағдайды С.Зимановқа айттым. «Ағай, мен вокзалда, әр жерде түнеп жүрмін». «Туыстарың жоқ па еді? Жатақханаға орналаспаған ба едің?» деп сұрады ол. «Ешкімім жоқ». «Онда жүр, Сақтаған Бәйішевке барамыз». Ол Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті еді. Алайда баспана мәселесін тек бірінші басшы шешетінін де жасырмады.

Өзі қалыптасқан тәртіп бойынша, Академияның Президентіне кіру үшін алдымен директорға, одан вице-президентке кіру керек. Президент – Қаныш Сәтбаев. С.Зиманов «Сен Қ.Сәтбаевқа кіруің керек, жатақхана беру – соның ғана қолында» деді. Қабылдауына жазылдым. Бір күні Тамара атты хатшысы хабарласады. «Әбдімәлік, қайдасың? Тез кел. Қаныш Имантайұлы қабылдағалы жатыр» деп. Жүгіріп бардым. Кірдім. Данышпан адамның алдында өзіңді ұстау оңай емес қой. Қобалжулымын. Әуелі өзі сөзге тартып, қайда оқығанымнан бастап бәрін сұрап шықты. Жағдайымды түсіндірдім. Тұратын жерімнің жоқтығын айттым. Сәл ойланып тұрып «Жалпы, сен ғалым болғың келе ме? Көп адам шыдамайды ғылымға. Кетіп қалады. Сен де сөйтпейсің бе?» деді. «Ағай, жатақхана бермесеңіз де, разымын. Бірақ мен ғылымнан ұзап, ешқайда кетпеймін. Әкемді «халық жауы» деп ату жазасына кескен. Сондықтан мен оған ескерткіш қоюым керек. Кірпіштен қойсам, 20-30 жылда құлап қалады. Мақала жазып, кітап шығарып, рухани ескерткіш қойсам деген ниетім бар. Жақсы мақаламды жапондар, қытайлар оқыса...» деп едім, «Әй, сенен жақсы ғалым шығады. Мақсатың бар екен. Бірақ Жаратылыстану философиясы Қазақстанда, Орталық Азияда жоқ. Мәскеуде бар. Сергей Иванович Вавилов деген физик жазады. Сондықтан сені Мәскеуге жіберемін. Қане, арызың? Әкелші» деді дағы, қағаздың бетіне біраз нәрсе жазды. Оң қабақ танытып қабылдағанына іштей қуанып қалдым. Академияның іс жүргізушісі Карпейский деген кісі-тін, кабинеті – төменгі қабатта. «Соған бар да, мына арызыңды тапсыр. Саған жататын жер береді» деді. Қ.Сәтбаевтың кабинетінен шыққаным сол еді, Тамара апай «Әй, Әбдімәлік, көрсетші қағазыңды, Президент не жазды екен?» деді. «Саған жатақхана беріпті ғой» деген сүйінші хабарды сол кісі естіртті. Қ.Сәтбаевтың алдынан қалтырап-дірілдеп шығып, оның не жазғанына үңілмеппін де. Қуанып кеттім. «Жүгір астына, Карпейский кетіп қалады» деді. Карпейский «Сен сәл кідіре тұрасың ба? Бір үйді кеше ғана біреуге беріп қойып едім. Енді бір айда соң таудан салынып жатқан үйден беремін бөлмені» деді. Келістім. Уәдесінде тұрды, бір айдан кейін жатақхана алдым.

 

«Мен сені Мәскеуге дайындаған жоқпын»

– Мәскеуге бару мәселесі ше, шешімін тапты ма?

– Қ.Сәтбаев С.Зимановқа тапсырма берді «Нысанбаев деген баланы дайындаңдар, Мәскеуге барып, емтихан тапсырсын, егер өтсе, аспирантураны бітіріп келгесін қайта жұмысқа шақырыңдар!» деп. Сонымен, С.Зиманов «конкурс болсын» деген оймен менің қасыма бір кәріс, бір татар жігітті ертіп, үшеуімізді Мәскеуге жіберді. КСРО Ғылым академиясының Философия институтына. Қабылдау емтиханын тапсырдық. Әлгі екеуі сүрінді. Ал мен 2 жыл 2 айда мерзімінен бұрын көрнекті ғалым, профессор И.В.Кузнецовтың ғылыми жетекшілігімен «Математикадағы ақиқаттың табиғатын ашудағы сәйкестік принципінің маңызы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Бұл 1964 жылдың аяғы-тын. Ол кездегі ғылым саласындағы диссертациялық қорғаулар қазіргімен салыс­тырғанда, әлдеқайда күрделірек болатын. Мектеп пен институтты қазақ тілінде бітіріп, еліміздің бұрынғы астанасында орыс тілінде математиканың күрделі философиялық-дүниетанымдық және логикалық-әдісна­малық мәселелерін зерттеу оңай шаруа емес қой. О.А.Жәутіков, Б.А.Розенфельд, А.Н.Колмогоров сияқты атақты математик-ғалымдардың лекциялары мен көмектері көп септігін тигізді. Сол кезеңдегі еліміздегі философия саласындағы Б.М.Кедров, Ж.М.Әбділдин, Қ.Х.Рах­матуллин, Э.В.Ильен­ков, В.С.Степин, В.А.Лекторский сияқты көрнекті мамандармен ғылыми-шығармашылық қарым-қатынаста болып, нағыз кәсіби шыңдалу мектебінен өткеніме қуаныштымын.

Мәскеуде «пропискам» болғандықтан, мені ғылыми дәреже, атақтар беретін Жоғары аттестациялық комиссияға (ЖАК) жұмысқа қалдырды. Әрине, бірден Қазақстанға қайтқым келген, бірақ С.Зиманов «Сен үйрен, ол жақта қалып, шамалы жұмыс істе!» деді. Сөзін екі етпедім, Мәскеуде 3-4 ай еңбек еттім. Бір күні С.Зиманов телефон соқты, «Сен неғып жүрсің онда? Тез қайт! Мен сені Мәскеуге дайындаған жоқпын. Сен бізге керексің!» дейді. Ол кісіден аяқ тартатынбыз, іле-шала елге оралдым.   

...Алайда Алматыға келерден бұрын бір іс тындырғанымды айта өтейін. Ол жақта жүргенде досым болды. Альберт Райбекас атты. Ұлты – латыш. Ол – физиканың, мен математиканың философиясын зерттедік. Жақын араластық. Ол Красноярскідегі университетке кафедра меңгерушісі болып кеткелі жатыр. Мен ЖАК-те қалмақшымын. «Альберт, саған айтар құпиям бар». «Қандай?» дейді ол сұраулы жүзбен. «Жүр далаға!» деп сыртқа алып шықтым. «Менің әкем – халық жауы. Кеңес үкіметінде маған орын жоқ. Жұмыс істемеймін. Шетелге кетуім керек. Бірақ одан бұрын әкем шын мәнінде халық жауы ма әлде «жаптым жала, жақтым күйенің» құрбаны болды ма, ұңғыл-шұңғылына көз жеткізгім келеді» деп едім, ол «Ақ-қарасын ажырату үшін Руденкоға арыз жазу керек» деді бірден. Роман Руденко – КСРО-ның Бас прокуроры. «Бес конверт алып кел» деді. Әкелдім. Екеуміз ескі жазу машинкамызбен жеке басқа табынушылық кезінде әкемнің халық жауы атанып, атылып кеткенін түсіндіріп, шешемнің атынан хат жаздық. Бірінші конвертті Бас прокуратураға апаруымыз керек. Қайда орналасқанын Анықтама бюросынан сұрап, білдік. Мәскеудің орталығындағы бұрынғы М.Горький, қазіргі Тверская көшесінде екен. Есік алдында милиционер тұр. Жақындадық. Альберттің түрі орыс секілді. Сол сөйледі. Мені нұсқап «Бұл жігіт Қазақстаннан келген. Екеуіміз аспирантураны тәмамдап, туған жерімізге қайтқалы жатырмыз. Бұл кісінің анасы берген хаты бар екен. Соны сізге ұстатсақ, Бас прокурордың поштасына сала аласыз ба?» деді. «Саламын» деді ол. Бірақ көкейімізде «Салар ма екен, салмас па екен?» деген күдік те жоқ емес, жерасты өткелімен жолдың арғы бетіне өтіп, екінші конвертті пошта жәшігіне салдық. Қызыл алаңға таяу жерде Манеж алаңы бар, сондағы поштаға үшіншісін салдық. Ал, төртіншісін қайда салғаным есімде қалмапты, бесіншісін Мәскеу мемлекеттік университетіндегі пошта жәшігіне салдық. Бәрінің бағытталған мекенжайы ортақ: Бас прокуратура.

Сөйтіп, досымды шығарып салдым. Ол кетті, мен қалдым. Елге араға бір ай салып барып қайттым. «Білім қоғамы» деген мекеме болатын. Соның Мәскеудегі мекемесіне барып, танысымнан іссапарға рұқсат алып, алдымен Қызылорда соқтым. Үйдегілердің хабарын білмекшімін. Үйге келсем, анам жылап отыр. Не болғанын сұрадым. «Саған енді тыныштық бермейтін болды ғой. Әкеңді қаралаған адамдардың барлығын түнде алып кетіп, сот па, прокурор ма, тексеріп жатыр екен». «Әже, оны істеген менмін. Уайымдамаңыз. Таңертең барып, мән-жайды білейін, сосын анық-қанығын айтамын» дедім. Таңертең құзырлы органға бардым. Тергеп жатқан кәріс жігіт екен. «Әкеңіз 10 жылға сотталған екен. Соған байланысты әйелі Мәскеуге – Бас прокурорға хат жазыпты. Сол хатты жоғары жақ қарап, Алматыдағы Жоғарғы сотқа «Тездетіп ақ-қарасын ажыратып, мәселені шешіп беріңдер!» тапсырма беріпті. Соны біз тексеріп жатырмыз» деді. Бұл 1965 жылғы наурыздың аяғы-тын. «Нақты қай кезде шешім шығар екен?» деп сұрадым. «Бәлкім, маусым, шілдеге таман бір хабар болып қалар» деп тұспалдады. Рахметімді айтып, Алматыға кеттім.

Маусым айында Қызылордаға қайта ат басын бұрдым. Анам тағы жылап отыр. «Соттан қағаз келді саған» деп. Қарап шығып, әкемнің жазықсыз атылғанын, іс-әрекетінде ешқандай қылмыстық құрамның анықталмағанын, сол себепті ақталғанын, адал адам екенін білдім. Жоғарғы сот осылай деп үкім шығарыпты. Міне, осылайша әкем Нысанбайдың есі­мін жаладан тазартып, ақтап алдым. Бұған қол жеткізгеніме тағдырға ризалы­ғымды білдіремін, бұл ғұмырда адам үшін әділдіктің орны ерекше ғой. Содан бастап туралыққа қарай ұмтылу менің өмірлік қағи­датыма айналды.

Ол кезде не көп, дүкенде қойдың басы көп. 60-70 тиын тұрады. Алматыдағы «Көк базардан» 3-4 келі ет және әлгі қойдың басын сатып алып, бәрін қазанға салып, көрші-қолаңды шақырып, жылап-сықтап, әкемізді еске алып, құран бағыштадық.

Міне, осыдан соң ғана партияға мүшелікке өтуге мүмкіндік туды. Әкемнің «халық жауы» болып айдалып кеткенін айтпауға тағы болмайды. Ертең біреу-міреу күңкілдеп жүрсе, қор боласың ғой. Не керек, партияға өткесін бөлім меңгерушісі атандым. Бұл лауазым партиялық қызметке қатысты-тұғын. Міне, содан ісім ілгері басты. 1975 жылдың басында Мәскеуде «Математикалық білімді синтездеу мен дамытудың диалектикалық-логикалық принциптері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. С.Зимановтың қолдауымен 17 адамның ішінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болдым. Ал 2003 жылы ҚР ҰҒА-ның академигі атандым. Сонымен қатар 1997-2003 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакторы қызметін қоса атқардым.   

– Бір кездері С.Зиманов басқарған Философия және құқық институтына 20 жылдан астам уақыт директор болдыңыз. Тоқырау жылдарында ғылымды ұйымдастыру оңайға түспеген шығар.

– Иә, ғалым болу өзінше қиын дүние екені ежелден белгілі. Ғылыммен айналы­суды  «инемен құдық қазғандай» деп бағалаған халықпыз ғой. Жалпы қазіргі заманда кез келген ұжымға басшы, жетекші болудың өзі оңай шаруа емес. Философия және құқық институтына 1990 жылы 17 мамырда демократиялық негіздегі баламалы сайлау арқылы директорлық қызметке келдім. Ғылыми қызметкерлер ұжымы үш үміткер­дің ішінде маған сенім білдіргенін үлкен жауапкершілік ретінде қабылдадым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоғамдағы барлық салалар сияқты ғылымға да оңай тиген жоқ. Бұрынғы тоталитарлық мемлекет ыдырап, гиперинфляция күшейіп, жағдайымыз өте нашарлап тұрған 1991-1996 жылдары институтқа басшылық жасау өте қиын болды. Директорлық қызметтің өзі ғылыми-ұйымдастыру, зерттеудің стратегия­сы мен әдіснамасын өзгерту мәселесімен ті­келей байланысты. Сондықтан менің ал­дым­да негізгі философиялық бағыттар мен ғылыми кадрлардың негізгі құрамын институт қабырғасында сақтап қалу проб­лемасы тұрды. Сонымен бірге ескі фило­софияны өзгертіп, жаңа заманның рухани ахуалына лайықты жаңа философияны қалыптастыру қажет еді. Ондай қиын­дықтарды төзімділікпен жеңе білдік. Қазір мамыражай заман ғой. Институтымызда ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары табысты жұмыс атқаруда. 2003 жылдан бері мұндағы мамандар қолданбалы-сараптамалық зерттеулер­мен де айналысып, мемлекетіміздің рухани және практикалық өміріне көмегін тигізетін ғылыми ұсыныстар, сараптамалар жасап келеді. Бұл теория мен практиканың өзара үндесе бастағанының белгісі деп ойлаймын. Ғылым дамуының жаңа тарихи кезеңге сәйкес келетін келбеті осындай.

 

«Бұрын кандидаттық қорғағандар қазіргі PhD докторлардан жүз есе артық»

– Алла бұйыртса, келер жылы, 80-нің сеңгіріне шығасыз. Ғылым саласында тапжылмай тер төгіп келе жатқаныңызға жарты ғасырдан асыпты. Қаншама шәкірт тәрбиеледіңіз. Байқап отырмын, қолыңыздан қаламыңыз әлі түспеген сияқты...

– Иә, 80-ге қадам бастым. Бірақ әлі жазу үстіндемін. Әлі зерттеу жұмыстарын жүргіземін, гранттық жобалардың жетекшісімін. Шетелмен байланысты жобаларымыз бар. Докторанттарым бар. Ғылымнан қол үзсем, ауырып қаламын. Серік Қирабаев деген әдебиетші әріптесім бар, «Әбдімәлік, осы саған жүгіріп не керегі бар? Барлық атақ пен орден-медальді алдың. Қазақстан мен Түркияның Мемлекеттік сыйлықтарын, ҚР Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын алдың. Шаршадың ғой, қайтесің?» дейді. «Ағай, – дедім, – Менің өліп қалғаным сізге керек пе?». «Құдай сақтасын! Өлме! Керегі жоқ». «Онда маған: «Жүгіре бер осылай», – деңіз». «Біреудің алдына шығайын, асып кетейін деп, жанығып жүрген жоқпын. Мен үйде отырсам, ауырып қаламын. Сондықтан өзіме тиісті аз-маз тірлікті атқара берейін. Жазатынымды жазайын. Қолымнан келсе, жастарға көмек берейін, ғылыми дәреже алсын, олар да өссін!..» деген пиғыл менікі» дедім.

Жалпы, менің негізгі зерттеу еңбектерім диалектика және таным теориясы, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия, саясаттану және мәдениеттану мәселелеріне арналды. Ғылыми мектеп қалыптастырып, философия, саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану ғылымдары бойынша 67 ғылым докторы мен 105 ғылым кандидатын дайындадым. Құдайға шүкір, бүгінде 600-ге тарта ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдістемелік еңбек, соның ішінде қырық шақты монография, жеке кітаптар мен оқу құралдарын жаздым. Бірқатар еңбектерім шет тілдерінде жарық көрді. Сол ғылымның арқасында бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. 100-ден астам елге табаным тиіпті. Қаншама баяндамалар жасадым. Мен жайлы 2 деректі фильм түсірілді. Екеуі де екі сериядан тұрады. Бірі –  «Философ Нысанбаев» (2005 жылы), екіншісі – «Алтын діңгек» (2013 жылы). «Жизнь замечательных людей» сериясымен жарық көретін кітапқа шықтым. Америка, Қытай, Ресей, Түркия, Еуропа елдерімен әліге дейін ғылыми байланысым берік.

– Ғылым демекші, бүгінгі жастардың ғылымға құлшынысы қалай?

– Нашар. Мен соңғы 3 жыл қатарынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болдым. Сонда байқағаным, бітіруші 10 студенттің 3-4-інің ғана үлгерімі жақсы, қалғаныкі тым төмен. Оларды оқытпай-ақ қойса да болады. Ештеңе шықпайды. Ал PhD докторлар дегеніңіз баяғы ғылым докторларының тырнағына да тұрмайды. Бұрын кандидаттық қорғағандар қазіргі PhD докторлардан жүз есе артық. Қазіргі докторлар диссертацияларын интернеттен көшіріп алып жазады. Біреудің ғылыми еңбегін ұрлау – плагиат көбейіп кетті. Мен осыны Елбасыға да ескерттім «Плагиат күшейіп кетті. Осыған шара қолдану қажет» деп. Мысалы, бір адам докторлық қорғайды делік. Автореферат шығарады. Кітап шығарады. Кітабын 100 не 500 дана етіп шығарады да, бәрін өзі сатып алады. Үйіне әкеліп, қоймаға қойып қояды. Авторефератын диссертациялық кеңестің 16 мүшесіне таратып, біраз данасын кітапханаларға жіберуі керек. Соның бәрін ешқайда жібермейді, үйіне тығып қояды. Өйткені қорқады, «біреу-міреу ұрлығымды сезіп қояды» деп. Ешқандай тәртіп болмай қалды. Міне, осы себептен мемлекет басшысы Жоғары аттестациялық кеңесті жауып тастады ғой. Кандидаттық пен докторлық қорғау тоқтады. Өкінішке қарай, PhD-дің де жетісіп тұрған дәнеңесі жоқ. Осы жерде (Философия және саясаттану институты – ред.) он шақты PhD докторы жүр, ешқандай тақырыпқа ізденгісі келмейді. Американы ашпасаң да, шамалы жаңалыққа ұмтылу керек қой. Жоқ, сол баяғы сарын. Бірақ солай екен деп ғылымға назар аудармай қоюға болмайды. Өйткені ғылымсыз қоғам шіриді. Ғылым болғанда да, әсіресе, руханиятқа ерекші мән беру қажет. Руханият: бұл – тарих, патриотизм, дін, адамның бүкіл жан дүниесі... Біз бабаларымыз көтерілген рухани деңгейге әлі көтерілген жоқпыз. Ол үшін әлі көп уақыт әрі көп жұмыс істеу керек. Мүмкін, большевиктердің ықпалынан ба, идеалистерге рухани саланы беріп қойдық та, біз материалистік нәрсемен айналыстық, атом бомбасын, автомат жасадық... Сөйттік те, рухани жақ пен материалдық жақтың, ислам мен христианның арасындағы тепе-теңдікті бұзып алдық. Батыста қопарылыс болса, Исламды кіналайды. Шындығында ислам – демократияшыл дін. Бірақ Батыстағы ойыншылар, әсіресе, католиктер оның рөлін төмендетуге күш салып жатыр. Сондықтан рухани тепе-теңдік болу керек. Әйтпесе діни соғыстар ұзаққа созылады. Қажытады.

Бұл дүниеде Абайдан асқан дана жоқ. 45-ақ қара сөзі бар. Әрқайсысы қазақ үшін тұтас бағдарлама іспетті. Сенің қалай өмір сүруің керектігін айтып қойған, соны істемейміз ғой. Өзімбілермендік басым. Шәкірім ше? Кәсіби философ. Әулие адам.

– «Мәңгілік ел» деген идеяға қалай қарайсыз? Ұлттық идея бола ала ма?

– Кант 18-ғасырда «Мәңгілік бейбітшілік» атты кітап жазды. Біз де соған жетуіміз керек. Соғыссыз, қантөгіссіз. Бірақ адамзат соғыссыз күн кеше алмайды, өйткені психикасы сондай: өзіне қажетті дүниені тартып немесе қарсыласын өлтіру арқылы алғысы кеп тұрады... Әл-Фараби бабабыз «Адамдардың бәрі бір-бірімен үндестікте өмір сүруі керек» дейді. Әл-Фарабидың заманынан бері не өзгерді? Көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Сол көреалмастық, рушылдық... «Мен – қазақпын» деп айтатындар аз. Көп адамдар рулық деңгейде ой топшылайды. Ұлттық деңгейге көтерілу кемшін. Сондықтан әлі де ой-өрісіміз төмен. «Мәңгілік елді» дұрыс түсіне алмай жүрміз. Елбасы «Қазағымыз мәңгі жасап, Қазақстанымыз мәңгілік ел болса екен. Соны армандаймын...» деді Ұлытау төріндегі сұхбатында. Ол қоғамға жақсы идея тастап жатыр. Ұлттық идея. Енді соны ашықтап көрсетіп, халыққа насихаттау керек. «Мәңгілік елдің» мазмұнын мен бірталай кітаптарымда жаздым. «Мәңгілік елдің» экономкалық, саяси, рухани-мәдени негізі қандай, соның қазір нышандары бар ма? Осыларға тоқталдым. 2050 жылға қарай «Мәңгілік елге» айналамыз десек, оған қандай «багажбен» баратынымызды әріден ойластырғанымыз абзал. Бұған қоғамтанушы ғалымдар мен БАҚ өкілдері атсалысуы керек деп есептеймін.   

Қоғам, сана-сезім, құндылықтар өзгеріп жатыр. Бұрын маркстік-лениндік идеология дейтінбіз. Философия сол идеологияның ішінде болды. Қазір идеология жоқ. Оның орнына ұлттық идея келді. Ұлттық идеяны көп зерттедік. 2004 жылдан бастап. Орыстар бізден бұрын бастаған, бірақ берекесі болмай, дұрыстап зерттей алмады. Ұлттық идеяны талқылаған талай жиындарымызға Президенттің өзі қатысты. Кейін бәрін таразылап «Мәңгілік ел» ұлттық идея болсын» деген шешімін айтты. Иә, мәңгілік ештеңе жоқ, мәңгілік өмір де болмайды, әйтсе де мәңгілік халық болады. Біз қазағымыздың мәңгілік жасауына күш салуымыз керек. Келісемін, Қазақстан 70 жылдан астам тоталитаризмнің ішінде болғасын, адамдардың санасы дәуір талабына сай өзгерді. Қазір егемен мемлекетпіз ғой. Демек, жаңа заманға қарай санамызды өзгертуіміз шарт, ол өзгермейінше, ештеңе өзгермейді. Өкінішке қарай, біздің санамыз консервативті. Өзгеруге қарсы. Бастықтар да өзгергісі келмейді. Өзгермесе, жаңару һәм даму болмайды.

– Әбдімәлік аға, сұхбатымыздың соңында өзіңіздің отбасыңыз жайлы да біле кетсек. Жұбайыңыз бен перзенттеріңіз де ғы­лымға жақын көрінеді.

– Алматыға жалғыз өзім келіп едім, осында шаңырақ көтердім. Зейнеш Әшенқызы тамаша жар, өмірлік серік болып отыр. Ол да ғылым саласында көптеген жылдар бойы жемісті еңбек етті. Химия ғы­лымдарының кандидаты. Сол кісінің арқасында ғылым мен білім саласында, жалпы шығар­машылықта көптеген жетістіктерге жеттім деп айта аламын. Ол тек ұлым мен қызымның аналары ғана емес, сонымен қоса немере­лерімізді де жақсы тәрбиелей алды. Соның айғағы болар, отбасымыз ғылым жолын таңдаған орта болып табылады. Ұлым Назар – заң ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласында құқық қорғау саласында жұмыс істейді. Қы­зым Динара – философия ғылымдарының кан­дидаты, қазіргі уақытта өзінің отбасысымен Ыстамбұл қаласында тұрады. Халықаралық деңгейде аудармашылықты шебер меңгерген маман. 5 тілді меңгерген. Немерелеріміздің тұңғышы Шыңғысхан Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің аспирантурасын үздік бітіріп, экономика саласы бойынша ғылым кандидаты атанды. Бүгінде телекоммуникация саласындағы бір мекеменің бас директоры. Данияр Қазақ гуманитарлық заң университе­тін үздік бітірді. Прокуратура қызмет­кері. Айжан Лондонның түбіндегі Рединг уни­вер­ситетінде «Болашақ» бағдар­ла­ма­сы бо­йын­ша жоғары оқу орнын өте жақсы бітіріп келгеннен кейін ғылыми-зерттеу саласында қызмет атқаруда. Одан кейін Әмір мен Дәмір өс­іп келеді. Абылай мен Әлнұр атты шөберелерім бар. Ғылым мен білім менің от­басым үшін түбе­гейлі мәні бар рухани құн­ды­лықтар болып табылады. Менің арманым қазақ хал­қының әрбір азаматының өмірлік ұс­танымы өрке­ниетті елдердегідей деңгейге жетсе екен дей­мін. Сонда ата-бабамыз көксеген Жерұйықты Қазақстанда өз қолымызбен жасай аламыз.

– Тағдырыңызға ризасыз ба?

– Әрине, ризамын. Алла маған өмірде жақсы адамдарды көбірек жолықтырды. Жас кезімде қанша қиындық көрдім, әкенің жоқтығының тауқыметін сезіндім. «Мені осы дүниеге несіне алып келді екен, одан дағы қаршадайымда өлтіріп тастамай ма екен» деп қорланған күндерім де болды. Құдайға шүкір, бүгінде көштің соңында да қалып кетпей, алдына да шығып кетпей, ортасында келе жатырмыз.

– Әкеден жалғызсыз ба?

– Жоқ, анамыз 17 құрсақ көтерген екен. Соның көбісі қазақтың жартысын қырған 30-жылдардағы ашаршылықта жасы 2-ге, 3-ке, 5-ке келіп, көз жұма беріпті. Содан 2-ақ қыз қалған: Қатира мен Үміт әпкелерім. Әулетті жалғастыратын ұл жоқ, не керек, әке-шешем киелі орындарға зиярат жасап, түнеп, Аллаға жалбарынып, ұл сұрайды. Әлі есімде, анам «Сені Құдайдан сұрап алғанбыз» дейтін. Менен кейін Мәлік атты інім бар. Үміт әпкем Ташкенттегі зоотехникумды бітірген кісі еді, бала босану үстінде қайтыс болды. Санитарлық ұшақ дер кезінде жете алмапты. Ал бізді анамыз мен Қатира әпкеміз тәрбиелеп жетілдірді. Інім 1941 жылғы. Түркістанға көшіп келген. Ал Қызылордада әпкемнің балалары тұрады.

...Менің көзім жеткен нәрсе, Алла жаққан отты адам үрлеп сөндіре алмайды екен. Ғылымға бет бұру арқылы әкеме ескерткіш қойдым деп есептеймін. Нысанбайдың аты қалды.   

– Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан – Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК. 

Read 1744 times