Вторник, 22 Январь 2019 21:19

Түркістан облысы: Төлеби ауданының әкімі Бауыржан ОМАРБЕКОВ: «Халықты тыңдай білген, проблемадан қашпаған әкімнің еңбегі зая кетпейді»

...«Аудан басқаруға дайын емеспін» деген сенімсіздік сейілді

 

– Бауыржан Бақытұлы, әңгімемізді сәл әріден бастасақ. Өмірбаяныңызға үңілсек, Түркістан облысы бойынша аудан тізгіндеп отырған азаматтардың ішіндегі ең жасы екенсіз. Бұл, сірә, сіздің отызда орда бұзғаныңызды білдірсе керек. Еңбек жолыңыздың алғашқы 10 жылға жуығын табан аудармай банк саласына арнапсыз. Ал соңғы 3 жылда мемлекеттік қызметке бет бұрып, қысқа уақытта аудан әкімі лауазымына дейін көтерілдіңіз. Мұның сыры неде? Жалпы, мемлекеттік қызметке ауысуыңызға не түрткі болды? Банк саласынан жалықтыңыз ба? 

– Мемлекеттік қызметке ауысуыма жалығу түрткі болды деп ойламаймын. Өмірде әр нәрсенің басы, шарықтау шегі, соңы болады ғой. Банк саласында 2005 жылдан 2013-ке дейін, 8 жыл еңбек еттім. Бірнеше банкте қызмет атқардым. Қатардағы маманнан филиал басшысының орынбасарлығына дейін өстім. Банк саласының А-сы мен Я-сына дейін толық меңгеріп шыққан соң, басқа сала да қызықтыра бастады. «Сабақты ине – сәтімен», дәл сол уақытта облыста жаңадан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, басшысы болуға ұсыныс түсті. Негізінен кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс істейтін мекеме болғандықтан, банк саласында тәжірибе жинаған кадрға таңдау жасауды ұйғарса керек. Ұсыныс түскесін ойландық, толғандық. Еңбек жолымды банктен бастағасын, әрине, қимастық та болды. Өйткені ондағы 8 жылды үлкен өмір мектебі дер едім. Мамандығым қаржыгер-экономист болғасын жоғары оқу орнын бітіре салып банк саласында тер төктім. Әкімдіктің жұмысы халықпен қалай тығыз байланысты болса, онда да елмен солай етене қарым-қатынас жасайсың. Тұтынушыға бет бұру тәжірибесі сол банк саласында қалыптасты. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет кесіп ойланып, аталмыш орталыққа ауыстым. Ол жақта бір жарым жылдай еңбек еттім. Сыры маған беймәлім сала. Әйтсе де «Ізденген жетер мұратқа» демекші, істің көзін тауып, бірталай тірлік атқарыппыз. Енді ауыз толтырып айта берсек, жұртшылық сөге қоймас, республикалық деңгейдегі жетістіктеріміз болды. Талай облыстар біздің тәжірибемізге сүйеніп, жұмыс тәсілімізді үйренді. Нәтижесінде сол тұстағы облыс әкімінің қолдауымен барлық аудан-қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлік мектептерінің ғимараттары салынып, қарқынды тірлік атқарылды.

Бәлкім, бұйрық шығар, өстіп білек сыбанып жүргенімізде тағы да Алла сәтін салып, қарым-қабілетімді шыңдауға мүмкіндік туды. Облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары лауазымы, тіпті басшысының да орны бос тұр екен. Қойылған біліктілік талаптарының барлығына менің тәжірибем сәйкес келді де, басқармаға ауыстым. Мен басшылық еткен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы квазимемлекеттік сектор субъектісі саналатын. Квазимемлекеттік ұйымның бірінші басшысы мемлекеттік қызметшімен теңестірілген. Сол себепті бұл мекеме мен үшін мемлекеттік қызметке өтуіме баспалдақ іспетті болды. Абай атамыз айтады ғой «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп, мемлекеттік қызметке төтеннен келмей, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында тәжірибе жинадым. Әуелі басқарма басшысының орынбасары, соңыра басшысы лауазымы бұйырды. Ол жылдары да біраз шаруа еңсерілді. Облыс көлемінде индустриялық аймақтар, жаңа кәсіпорындар ашылды. Әрине, барлығы да өзімнің еңбегім деп айта алмаймын. Облыс әкімі мен оның салаға жауапты орынбасарының, сол кездегі команданың жұдырықтай жұмылуы арқасында кәсіпкерліктің өркендеуіне үлесімізді қостық.

Кейін облыс әкімінің аппаратына ауысып, өңір басшысына кеңесші болдым. Мемлекеттік қызметтің иерархиясына қарасақ, бұл лауазымыңыздың жоғарылауы саналады. Кәсіпкерлік, инновация, инвестиция салалары бойынша облыс әкімінің кеңесшісі болуды өзім үлкен мәртебе деп есептеймін. Ол кезде облыстың әкімі Бейбіт Атамқұлов болатын.

Басқармада жүргенде аудандағы әріптестерімнің жұмысына қарап, күрделілігін байқайтынмын. Мүмкіндіктерін іштей саралаймын. Енді ауданға барып, өз-өзімді шыңдағым келді. Реті келгенде осы тұрғыдағы мақсат-мұраттарым жайлы облыс басшысына айтып көрдім. «Келешекте өзімді ауданнан көремін, ауданға барғым бар. «А» корпусына конкурс өтсе, қатыспақ ниеттемін. Бірақ «А» корпусына бүгін өте салып, әкім боп баруға жүрегім дауаламайды. Ауданның қайнаған өміріне араласып, біраз тәжірибе жинауым керек. Сол себепті аудан деңгейінде жұмыс істейін, рұқсат беріңіз» деп, облыс әкіміне ұсынысымды жеткіздім. Құптады. Сол уақытта Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары лауазымы бос тұрған-ды. Заң шеңберінде конкурсқа қатысып, өтіп, Темірланға тарттым. Біраз азаматтар бұл қадамымды түсінбей де жатты ол кезде. «Басқарма басшысы, облыс әкімінің кеңесшісі боп жүрген азамат неге аудан әкімінің орынбасары боп кетті?» деп. Бір-екі әріптестеріңіз тарапынан «Бұл шарықтау ма әлде құлдырау ма?» деген мазмұнда мақалалар жазылды. Оның барлығына оң көзқараспен қарадық, өйткені алдымда қойған жоспарым анық еді. Маған маңыздысы, соған жету-тін. Мақсат қойдың ба, соған жету үшін табанды түрде еңбек етуің керек. Сөйтіп, Ордабасы ауданында 10 күні кем 2 жыл жұмыс істеппін.

Мен үшін қолайлы болғаны, 2 жылдың ішінде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, ветеринария салаларына жетекшілік етумен қатар идеология саласына да жауапты болдым. Қаржы, экономика салаларын банкте жүріп әбден меңгергенбіз ғой. Екі жылдың ішінде аудандық деңгейде атқарылатын жұмыстарға әбден қанығып, 2 жыл бұрынғы «аудан басқаруға дайын емеспін» деген сенімсіздік сейілді. Тіпті жоғалды десем де болады. Яғни ендігі мақсатты бағындыруға дайын екеніме көзім жеткен соң, «А» корпусына жарияланған конкурсқа қатысып, әлі есімде, облыс бойынша 4 азамат сүрінбей өттік. 2017 жылдың қарашасында нәтижесі шықты да, резервке қабылдады.

Ал былтыр жаздыгүні облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сенім артып, осында қызмет атқаруға мүмкіндік берді. Қуана әрі қобалжи отырып сол сенімді қабылдадық. 120 мың халқы бар, даму қарқыны әжептәуір Төлеби ауданының тізгінін қолға алып, оны ары қарай өркендету үшін тер төгіп жатырмыз.

– Иә, 120 мыңдай халқы бар Төлеби ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға жарты жылдан асып барады. Сізді жергілікті жұртшылық қалай қабылдады? Келген бетте жұмысты неден бастадыңыз? Қай мәселелерге бірінші кезекте мән бердіңіз?

– Ауданға әкім тағайындау үшін ең алдымен аудандық мәслихаттың келісімі керек. Бұл реттегі облыс әкімінің ұсынысын депутаттар 100 пайыз қолдады. Ал халықтың қалай қабылдағаны туралы айту қиындау. Көпшіліктің оң бағасына алу үшін қалың бұқараға жақын болып, мұң-мұқтажына дер уағында құлақ түріп, нәтижелі еңбек ету керек қой. Келген бетте ауданның тыныс-тіршілігін, ішкі дүниесін зерттеуге кірістім, толыққанды танысып алайын дедім. Әр ауылдық округтерде кездесу ұйымдастырдық. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындарын жинап, елді мекеннің өзекті мәселелерін жасырмай айтуын сұрадық. Ауыл әкімдерінің есебін тыңдай отырып, мәлімет жинадық. Мұнан соң аудан әкімдігіндегі дербес бөлімдердің жұмысына үңілдік. Кәсіпорындармен таныстық. Содан бәрін сараптай келе, әрбір салаға, ауылдық округке қатысты өзіміздің жол картамызды түздік. «Мынау ауылдың ең өзекті мәселесі – ауызсу, анау ауылдыкі – газ. Қайсысына мектеп керек, қайсысының жолын жөндеу қажет?..» деген мәселелерді жүйелеп алдық. Әлеуметтік нысандарға мұқтаждығына байланысты жоспар құрдық. Мұның барлығы жұмыс істеуімізге шамшырақ (маяк) іспетті болды. Жол көрсетіп берді. Сол бағыт бойынша белді бекем буып, іске кірісіп кеттік.

Орайы келгенде айта өтейін, Төлеби ауданында туризм саласы зор әлеуетке ие. Мәселен, кешегі желтоқсанның 27-сінде өткізген «Тау самалы – жан самалы» атты шаңғы фестивалі мен оған дүйім жұрттың жиналуы бізге қысқы спортты дамытуға мол мүмкіндік беретіні анық. Қазір онда келушілердің нөпірі қалың. Өз басым шаңғы фестивалінің ауқымын ұлғайта отырып жыл сайын ұйымдастыру қажет деп ойлаймын. Ол біздің мақтанышымыз ғой. Тау-шаңғы базасы Қазақстанда санаулы жерде ғана бар. Ал Түркістан облысы бойынша – Төлеби ауданында ғана.

Фестиваль демекші, егер облыс әкімдігі келісім берсе, халықаралық «Қасқасу» суретшілер плэнерін де дәстүрлі түрде өткізуге ниеттіміз.

Көктем, жаз мезгілдеріндегі керемет табиғат, тау-тасымыз, суымыз облыс тұрғындарын ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінің халқын да өзіне тәнті етіп, шақырып тұрады. Сондықтан туристерге қызмет көрсетіп жатқан нысандарды да саралап шықтық. 70-ке жуық нысан қызмет көрсетеді екен. Оның ішінде ірі қонақүй де, орта деңгейдегі демалыс аймақтары да бар. Былтыр 28 мың туристің келуін жоспарлаған едік, ол 11 айда-ақ орындалды. Нақтырағы, 2018 жылы 28350 турист демалып, 2017 жылмен салыстырғанда 1640 турист артық келіпті немесе біздің межеміз 106 пайызға асыра орындалыпты. Оның ішінде кіру туризмі бойынша 3501 турист келсе, ішкі туризм бойынша 24849  турист табан тіреген.

2018 жылы  3 туристік нысан іске қосылды. Атап айтқанда, «AISA» демалыс аймағы (жоба құны 100,0 млн. теңге), «Ақкен» балаларды саумалмен емдеу орталығы (жоба құны 200,0 млн. теңге) және «Асем Тау» демалыс аймағы (жоба құны 100,0 млн. теңге).

Туризм саласында жұмыс істейтін нысандарды биыл 76-ға дейін жеткізу күтілуде. Яғни келесі жобалардың іске қосылуы жоспарланған:

- Қасқасу ауыл округінен құны 150 млн. теңгеге «SAIRAM SU resort» демалыс орнының құрылысы аяқталды. Жақында ашылады. Биыл тағы да инвестиция тартып, аумағын ұлғайту жұмыстарын жүргізбекші, қосымша нысандар салмақ. Ашылатын жұмыс орны – 10 адам.

- Алатау ауыл округінде құны 150 млн. теңгеге «Тау самалы» демалыс аймағынан мейрамхана ғимаратының құрылысы. Ашылатын жұмыс орны – 10 адам. 

- Алатау ауыл округінде құны 150 млн. теңгеге «Красные скалы» демалыс аймағына қосымша құрылысы жұмыстары. Ашылатын жұмыс орны – 7 адам. 

- Кемеқалған ауыл округінде құны 100 млн. теңгеге "Ғайып Ерен Қырық Шілтен" ғибадат орнында қонақүй ғимаратының құрылысы. Ашылатын жұмыс орны – 2 адам. 

- Кемеқалған ауыл округінде құны 150 млн. теңгеге "Алма-Тау" демалыс аймағынан қосымша құрылыс нысандарын салу. Ашылатын жұмыс орны – 7 адам. 

- Қоғалы ауыл округінде жеке кәсіпкер З.Қарабековтың инвестициялық құны 100 млн. теңгені құрайтын саумал-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған. Кешеннің сыйымдылығы 50 орынды құрайды, 15 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Иә, Төлеби ауданының географиялық орналасу жағдайы туризмге сұранып-ақ тұр. Оған түрлі киелі орындар мен тарихи жерлерді қосыңыз. Яғни туристік әлеуеті керемет! Талай мемлекеттің туризммен күн көріп отырғанын білесіз. Осыған байланысты нақты шараларыңыз, бағдарламаларыңыз бар ма?

– Біз бұл бағыттағы тірлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарып келеміз. Біздің қосар негізгі үлесіміз – қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Мысалы, Төлеби ауданын біле бермейтін адамдар үшін туристік нысандарға бағыттайтын жол белгілерін жаңартып, ақпараттың ашықтығына көңіл бөліп жатырмыз. Одан кейін тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін әр бағыт бойынша қоқыс тастайтын жәшіктер орнатпақшымыз. Мұны жоспарлап, қаржы қарап қойдық. Өйткені «пакетке» салып алып шыққан қоқысты жол бойына тастап кетпеуіне ешкім кепілдік бермейді. Ал туристік ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету үшін ақпараттық портал мен оның мобильді қосымшасын ашуды жоспарлап, оның да қаржысын қарастырдық. Оған қоса туристерге интернет қажет. Бүгінгі таңда бұл мәселе өте өзекті боп тұр. Осыған орай «Kcell», «Beeline» компанияларының басшыларымен кездестік, сәтін салса, алғашқысы биыл сәуір айында «Біркөлік» аймағында қосымша станцияларын орнатпақшы. Мобильді интернетпен қамту бойынша «Ақмешіт», «Қасқасу» аймақтарын зерделеп жатыр. Сондай-ақ «Транстелеком», «Қазақтелеком» компанияларымен бірге барлық ауылдық округтерде желілік интернет тарту жұмыстарын жүргізіп, 2020 жылы елді мекендер түгел қосылып бітеді деп межеледік. Ол кезде де біздің мүмкіндіктеріміз кеңейеді, өйткені ауылдың ішінде орналасқан туристік нысандарымыз бар. Бұл демалушыларға ыңғайлылықты әрі ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мысалы, күллі әлемге кеңінен таралған «booking.com» сияқты интернет арқылы брондау сервисі бар. Оған «Изуми таудан» басқа ешкім қосылмаған. Айтатын уәждері – «сапалы интернет қажет». Сондықтан интернетпен қамтуды жолға қойып алсақ, туризмнің өркендеуіне оның да септігі тиетінін сеземіз. Жалпы айтқанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ауыл шаруашылығымен қатар туризм де серпін берер деген ниетпен осылай жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

Туризмнің аудан бюджетіне үлесі қандай?

– Туризмнен түскен табыстарға әзірге көңіліміз толмайды. Себебі туристік нысандардың қожайындары заңды тұлға ретінде бизнестің басқа да салаларын игеріп жүргендіктен, олардың табыс салықтары өздері қайда тіркелсе, сол орналасқан қаласы немесе ауданына түседі де, мүлік салығы ғана біздің ауданға бұйырады. Біз оған қанағаттанып отырған жоқпыз. Осыған орай туристік нысан иелерінің тізімін алып, әрқайсысымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни туристік саладан аудандық бюджетке түсімді ұлғайту бойынша әлеуетіміз бар.

Тіркелмеген нысандарымыз да болды, олардың барлығын мемлекеттік кірістер басқармасы және аудандық прокуратура арқылы анықтап, заңға сәйкес нысаналы мақсатын өзгертіп, туристік нысанға айналдырдық.

Төлеби ауданының кәсіпкерлік, экономика салаларындағы көрсеткіші сіз әкім болып келгелі қаншалықты өсті? Экономикалық өсім қалай?

Өнеркәсіп  саласында  ауданымызда  32  кәсіпорын, оның ішінде 6 орта, 20 шағын және 6 қосалқы кәсіпорын жұмыс атқаруда. Өнеркәсіп саласында 2018 жылдың басынан 32 млрд. 166,2 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда өндірілген өнімінің нақты көлем индексі 106,3 пайызды құрады. 2017 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 23 млрд. 235 млн. теңгені құраған. Өнеркәсіп саласында қойылған жоспар жыл қорытындысымен толық орындалды.

Іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2018 жылы 7454-ті құрап отыр, 2017 жылы 7350 болған немесе 101,4 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны – 16 072 адам, 2017 жылы 15 728 жұмысшы болған немесе 102,2 пайызды құрады. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнімінің нақты көлем индексі 2017 жылмен салыстырғанда 104,2 пайызға артты.

Аудан бюджетіне өз кірістеріміз есебінен 1 млрд. 131 млн. теңге түсіп, жоспар 100,2 пайызға орындалды.

Шығыстар жоспары 2018 жылы 99,9 пайызға орындалып, 16 млрд. 655 млн. теңгені құрады.

Жалпы өңірлік өнім 2018 жылы 98 млрд. 858 млн. теңгені төңіректеп, былтырғымен салыстырғанда 111,7 пайызды құрады. Жан басына шаққанда – 841,4 мың теңге.

– Жыл түгесілді, жаңа жыл басталды. Былтырғы бюджеттің игерілу көрсеткіші көңілді көншіте ме?

Жыл қорытындысына сәйкес жоспарланған қаржыларды толық игеру бойынша жұмыстар жүргізілді. Алға қойған міндеттеріміздің барлығын орындап шықтық.

– Соңғы жылдары республикадан бастап аудандарға шейін бюджетті бірден үш жылға бекітетін болып жүр. Осы қаншалықты тиімді деп есептейсіз? Артықшылығы қайсы? Кемшілігі қайсы?

Иә, аудан бюджеті де 3 жылға бекітіліп, бекітілген жоспар бойынша жұмыс істеп келеміз. Алдын ала 3 жылға арналған бюджет ағымдағы шығындар мен даму шығындарын болжап, тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

– Биыл Төлеби ауданының қазынасында өткен жылмен салыстырғанда өсім бар шығар?

– Өсім бар, әрине. Биыл аталмыш көрсеткіш 1 млрд. 132 млн. 761 мың теңгені құрап отыр.  

– Дотацияға тәуелділік неше пайызды құрайды?

– Дотация 92,1%-ды құрап отыр.

– Елбасы кез келген деңгейдегі әкімдердің іскерлігін инвестиция тартумен өлшейтінін ұдайы еске салып отырады. Ол сөздің жаны бар. Өйткені бюджеттің ақшасын жарату аса қиын шаруа емес. Осы тұрғыдан алғанда, ауданда былтыр инвестиция тарту қалай болды? Қай бағыттарға инвестиция тартылып жатыр? Сыртқы инвестиция бар ма? Нақты мысалдармен айтсаңыз.

– Салыстырмалы түрде айтайын, жеке инвестицияның көлемі өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артты. Оның ішінде алынған несие де, ашылған нысандар да бар. Мәселен, 2018 жылдың 11 айында 11 500,5 млн. теңге инвестиция тартылып, 2017-дегі тиісті кезеңмен салыстырғанда 104,9 пайызды құрады. Оның ішінде: мемлекеттік бюджет есебінен – 4157,0 млн. теңге; кәсіпорындар мен ұйымдардың және халықтың өз қаржысы есебінен – 6 775,8 млн. теңге; қарыз қаражаттар 567,2 млн. теңге. Ал сыртқы инвестиция 483,7 млн. теңгені құрады.

Бұл ретте 2019 жылы ашамыз деп отырған өнеркәсіптік жобаларымызды да тілге тиек етейін. Мәселен, бұған дейін «Ленгерское мороженое» сауда белгісімен балмұздақ шығарып келген «Балмұздақ» ЖШС енді «Perfetto» атты брендпен шоколодты кәмпиттер өндірмекші. Иә, бұрын да шоколад шығаратын, бірақ оны балмұздақ дайындауға ғана пайдаланатын. Жуық арада салтанатты түрде тұсауы кесіледі.

Сондай-ақ аудан орталығында «Сагон» ЖШС жаңа өндіріс ошағының монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Ол жерде ауыл шаруашылығы өнімдері қайта өңделеді. Яғни мұнда кептіре, ұнтақтай отырып көкөністер мен жемістердің ұнтағы дайындалмақ. Жалпы, қайта өңдеу – бізде әу бастан көкейкесті мәселе. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреміз-ау, бірақ қайта өңдеу кенже қалған. Сол себепті бұл жобаның біз үшін алар орны ерекше. Кәсіпорын басшыларымен кездесіп, қажетті техникалық шарттарын талқылып, барлық жайттарды ақылдастық. Өз кезегінде «Сіздер мекемелеріңізді іске қосқан соң шаруалармен бірігіп, семинар ұйымдастырсаңыздар, олар өздерінің өнімдерін аталмыш кәсіпорынға өткізу жөнінде алдын ала меморандум түзілсе» деген ұсынысымызды айттық.

Қасқасу ауылдық округінде «Ақсу қуат» атты мекеме бар. Қазір генераторлар әкеліп, су электр станциясын салып жатыр. «Бизнестің жол картасы» аясында мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылым жеткізуде қолдау білдірдік. Алдағы ақпан айында іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын 4-5 мегаватт электр энергиясын өндірмек.

Киелітас ауыл округінде «Шымкент құс» ЖШС-нің құс өсіру фабрикасы бар. Бүгінде балапандарды отырғызып бітті. Өсуін күтіп отыр. Сонымен қатар құс фермасының жанынан сою бекетін ашпақ. Қазір қажетті несиеге қол жеткізді. «Бизнестің жол картасы» аясында ауызсу тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Ал «Газпромнефть-Битум Казахстан» ЖШС битум зауытында технологиясын жақсартып, қуаттылығын жоғарылатуға күш салуда. Яғни процесті автоматтандыруға, цифрландыруға байланысты жаңа қондырғылар қойып, жұмыс істеп келеді.

Бір сөзбен айтқанда, бұл мекемелердің барлығы Төлеби ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, табысын молайтуға үлесін қоспақ.   

– Соңғы жылдары облыстың барлық қала-аудандарында индустриялық аймақтар құрылды. Бір ауданда ол аймақтың тіршілігі қайнап жатса, екінші біреуінде индустриялық аймақты аты бар да, заты жоқ. Сіздерде қалай?

– Әзірге Төлеби ауданында арнайы құрылған индустриялық аймақ жоқ. Алайда келешекте агроиндустриялық аймақ құрылады деген жоспармен Киелітас ауылдық округінде 62 гектар жерді сақтап отырмыз. Оны алтын қорымыз десек те болады. Таулы аймақ болғандықтан, ауыл шаруашылығына арналған жердің көлемі аз. Сондықтан аудан әкімдігіне кәсіпкерлер нақты жобаларын ұсынған сәтте біз сол аймақтан орын беретіндей мүмкіндігіміз болуы керек.

– Инфрақұрылым жеткізілген бе?

– Су көлемінің дебеті ол жерде әлі қанағаттанарлықсыз. Су құбырын тартуымыз қажет. Ал электр қуатын алыс емес нүктелерден жеткізуге болады.

Жалпы, Шымкент қаласының айналасындағы аудандарды аграрлық аймақ ретінде қалыптастырып, агломерация қағидасына сәйкес мегаполис шаһарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында осылай жұмыс істеу облыс әкімінің тапсырмасына негізделген. Оның үстіне керемет табиғатқа ие ауданда ауыр индустриялық жобаны жүзеге асырып, экологияға зиян келтіргенше, агроиндустриялық аймақ құрып, қоршаған ортаға да, тұрғындарға да ешқандай зиянымызды тигізбей жұмыс істеген дұрыс емес пе?!

– Ұсыныстар, нақты әрекеттер бар ма?

– Құс фабрикасын салуға байланысты ұсыныстар бар. Әзірге ол келіссөз деңгейінде болғандықтан, жариялау ерте деп ойлаймын.

Негізі, аграрлық аймақ құру үшін ауыл шаруашылығын күшейту керек. Сондықтан бұл тұрғыда нақты қадамдарға барып жатырмыз. Айталық, ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен жобамыз «Қазығұрт бақтары» деген шаруа қожалығына қатысты. Шаруашылық «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ арқылы несие алып, 100 гектардың үстіндегі аумаққа интенсивті алма бау екпекші. Жерін тегістеп, жолын салып, ағаштар қатарын қойып, қажетті құрал-жабдықтарын алып, егуге дайын тұр. Ауа райы алма ағашының көшетін егуге қалай мүмкіндік береді, солай алма бау пайда болады. 100 гектар алма бау біздің мақтанып көрсететін жобамыз болмақ. Келешекте 300 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Төлеби таулы аудан болғандықтан, алма өсіруге ыңғайлы ғой. Облыс әкімі бізге жаңғақ өсіру бойынша да тапсырмалар берген. Ол бағытта да инвесторларды тартуға байланысты жұмыс жүргізілуде. Көксәйек ауылында 20 гектар алқапта интенсивті бауды былтыр ексек, биыл соны 50 гектарға дейін арттырмақшы, қазіргі таңда жерін рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалардың баршасы да ауыл шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосады деп ойлаймыз.

 

...Өзімбілермендікке салған жеріміз жоқ

 

– Енді әлеуметтік салаға ойыссақ. 2017 жылдың аяғына таман Ленгер қаласында 60 пәтерлі, 5 қабатты 8 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 480 отбасы баспаналы болатынын естіп едік. Сол кезде аудан басшылығы «2020 жылға дейін тағы 25 үй салынып бітеді деп жоспарлап отырмыз. Осының арқасында ауданда үйдің кезегінде тұрғандардың қатары 3 есеге азаяды» деген-ді. Сол 25 үйдің құрылысы қазір қай кезеңіне келді?

– Иә, 480 пәтерлік 8 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда пәтерлерді табыстау жұмыстары жүруде. Әзірге оның 414-і өз иелерін тапты. Одан бөлек бес қабаттан тұратын бірі 20 пәтерлі, екіншісі 40 пәтерлі, бас-аяғы 60 пәтерлі 2 баспана бой көтерді. Оған облыстық бюджеттен 240,7 млн. теңге қаржы қарастырылып, құрылыс  жұмыстары  аяқталды. Айналасы абаттандырылып болғасын оларды да табыстауды бастаймыз. Енді 10 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеп, не бюджеттің есебінен, не мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен қаржыландырып, құрылысын жүргізу үшін облыс әкімдігіне өткізіп қойдық. Оның 9-ы – 20 пәтерлі, 1-і 40 пәтерлі болмақ. Бес қабатты, 20 пәтерлі 9 үйдің құрылысының жоба құны 1 млрд. 580,4 млн. теңге деп есептеп отырмыз. Осы 10 үйдің құрылысын бастап кеткесін қалған 5 үйдің ЖСҚ-сын жасауға кірісеміз.

Тұтастай алғанда, 2018 жылы жалпы ауданы 19753 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер іске қосылды, оның ішінде 16095 шаршы метр – тұрғындар есебінен, 3658 шаршы метр – мемлекет есебінен.

– Сізге дейін Төлеби ауданын басқарған Бұхарбай Парманов айтқандай, 2020 жылға дейін 25 үйді салып үлгересіздер ме?

– Маған дейін жұмыс істеген әріптесімнің уәдесін орындауға барымызды салып жатырмыз. Атқарушы билікте сабақтастық болуы керек. Бұған дейін атқарылған шаруалардың ешқайсысын да жоққа шығарып, өзімбілермендікке салған жеріміз жоқ. Басталған жобалардың барлығын жалғастырып, оған өзіміздің жаңа жобаларымызды қосып, еңбек етіп келеміз.

Қазақ «Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді ғой, біздікі сол ұлтарақтай жерге, қуықтай болса да баспанаға зәру тұрғындардың мәселесі шешілсе деген ниет қой...

– Тұрғын үй мен жер кезегінде тұрғандардың қарасын азайту жолында аянып қалмаймыз. Бірақ заң талабына сәйкес, инфрақұрылымы жоқ аумақтан жер телімін беруді тоқтатқанбыз. Алайда бейқам да отырған жоқпыз. Бұл ретте 8 жобамыз бар. Қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша ЖСҚ әзірлеу үстіндеміз. Биыл 1-тоқсанда бітіреміз деген ниеттеміз. ЖСҚ жасалған соң, оны іске асыру үшін облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге ден қоямыз. Инфрақұрылым қалай бітеді, жер телімдерін тарата бастаймыз. Қазір дайын тұрған аумақ жоқ.

Жер демекші, Төлеби ауданында мақсатты пайдаланылмай жатқан жер телімдерінің баршылық екені айтылып жүр. Оны мемлекет меншігіне қайтару қиынға соғып жатқан жоқ па?

– Елбасының тапсырмасына сәйкес аудандық прокуратурамен тізе қоса отырып зерделеу жұмыстарын жүргізіп, игерілмей жатқан жерлердің барлығының мәліметтерін облыстық жер инспекциясы басқармасына ұсындық. Дегенмен тиісті заңның өзгеруіне байланысты жұмыс тәсілдеріміз де өзгерейін деп тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Яғни игерілмей жатқан жерлердің барлығын мемлекетке қайтару жұмыстары жүреді. Әрине, жермен қоштасу қиын. Өз еркімен «Мә, алып кет» деп отырған ешкім жоқ. Бірақ заң аясында жұмыстар атқарылады.

Егер нақты мәліметтер қажет болса, айта өтейін. Аудандағы жер қатынастары саласындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Сол топтың аудандағы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мақсаттарға берілген жерлерге жүргізген түгендеу, зерделеу жұмыстары нәтижесінде Алатау ауыл округінен жалпы 237,53 гектар, Қасқасу ауыл оркругінен жалпы 221,26 гектар, Киелітас ауыл округінен жалпы 27,68 гектар, Тасарық ауыл округінен жалпы 40,0 гектар, оның 5,0 гектары – егістік және 35,0 гектары – жайылым, Қаратөбе ауыл округінен жалпы 570,09 гектар, Кемеқалған ауыл округінен 54,3 гектар, Бірінші Мамыр ауыл округінен 58,93 гектар, Көксәйек ауыл округінен 835,1 гектар, Қоғалы ауыл округінен 31,2 гектар, ұзын-ырғасы 2076,09 гектар жердің игерілмей жатқанын анықтадық. Және ол жерлер бойынша шара көру үшін облыстық жер инспекциясына хаттар жолданды.

Халыққа бірінші кезекте керек нәрсе – ауыз су. Ауыз судың әлегін айтып, зар илеген халықтың мұңын біз жиі естіп тұрамыз. Шағымын айтып, билікке жеткізсеңдер деп редакцияға келетіндер көп. Әлі күнге дейін көп аймақтардың басты проблемасы – осы ауыз су. Мұндай проблема сіздің ауданыңызда да жоқ емес. Білгіміз келгені, төлебиліктер қазір қандай су ішіп отыр? Және ең бастысы – елді мекендердің қанша пайызына таза ауыз су кірген? Мұны сұрап отырғанымыз, талай мемлекеттік бағдарламалар болды, бірақ ауданда әлі күнге орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған ауылдар бар. Тіпті аудан орталығының өзінде ауыз суға қатысты дау-дамай шығып кетті. Одан бөлек бірқатар ауыз су құбырларының жарамсыз күйге түскенін де құлағамыз шалады. Ауыз су жайын түбегейлі реттеу қанша мерзімге созылуы мүмкін?

– Жасыратыны жоқ, Төлеби ауданында бұған дейін мүлдем ауыз сумен қамтамасыз етілмеген ауылдар кездеседі. Мәселен, Зертас ауыл округінде бір елді мекен бар. Былтыр Тағайна, Зағамбар ауылдарына ауыз су апардық. Оларда да жоқтың қасы-тын. Бұл мақсатқа 578 млн. теңге қаржы қарастырылып, 5916 адам таза ауыз су ішіп отыр. Бүгінгі таңда Киелітас ауылдық округіндегі Ақайдар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ дайындалып, облыс әкімдігіне қаржыландыруға ұсыныс жасалды. Және тозығы жеткен ауызсу жүйелері бізде жетерлік. Оны кезең-кезеңімен жаңартып, кейбіреулерінде жаңадан су көздерін анықтау бойынша жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Қаратөбе, Тасарық, Көксәйек елді мекендеріне баратын магистральді су құбырын аяқтауға 20,6 млн. теңге қарастырлып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы инвестициялық жобаға бөлінетін қаржыға атқарылатын жұмыстардың бағыты ауыз су саласы бойынша Алатау ауыл округіндегі Алатау елді мекенінің ауыз су құбырының құрылысына республикалық бюджеттен 232,2 млн теңге қарастырылды. Облыстық бюджет есебінен Жоғарғы Ақсу ауыл округіндегі Сарқырама елді мекенінің ауыз су құбырының құрылысына 96,5 млн. теңге қарастырылды. Алатау ауыл округіндегі Шатыртөбе-Қайнар елді мекенінің ауыз су құбырын қайта құруға 110,0 млн. теңге қарастырылды.

Төлеби күні кешеге дейін облыс орталығы болған Шымкентке ең жақын аудан болғанымен, табиғи газбен толық қамтылмады. Мұны 100 пайызға шешуге бола ма? Қанша уақытты талап етеді?

Ауданның 46 елді мекені, яғни халыққа шаққанда 92%-ы, елді мекенге шаққанда 84 пайызы табиғи газбен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Естеріңізде болса, кеше желтоқсан айының аяғында Жаңатұрмыс, Қайнар, Нысанбек ауылдарына газ беру рәсіміне облыс басшысының өзі қатысты. Қазір құжаттандыру жұмыстары атқарылуда.

2018 жылы Оңтүстік, Жамбыл, Майбұлақ, Қаратөбе елді мекендерінің магистральді газ құбырының құрылысына 542 млн. теңге, Тасарық, Қасқасу, Диханкөл елді мекендерінің магистральді газ құбырының құрылысына 150 млн. теңге, Қаратөбе елді мекеніне 139  млн. теңге және Тасарық елді мекеніне 94 млн. теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір «ҚазТрансГаз» техникалық жұмыстарды атқаруда. Биыл сол 7 елді мекен «көгілдір отынмен» толық қамтылады.

Одан бөлек осы жылы Балдыберек және Төңкеріс ауылдарына баратын газ құбырының құрылысы жүреді. Қаржы бөлінді. Енді қалып отырғаны – Қоғалы, Қасқасу ауылдық округтері. Алдағы уақытта осы елді мекендерді газбен қамту жұмыстарын бастауымыз қажет. Сонда ғана Түлкібас ауданынан кейін 100 пайыз газдандырылған ауданның санатына қосыламыз. Сәтін салса, бұл межеміз орындалар мерзім тым алыс емес.

Ауданда үшауысымды мектептің жоқ екенін білеміз. Апатты ше? Оны сұрап отырғанымыз, 12 білім ошағы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. «Ескіні жамағанның есі кетеді» дейді атам қазақ, бәлкім, ағымдағы һәм күрделі жөндеуге қаржы шығындай бермей, заманға лайықтысын салу керек шығар.

– Ғимараты апатты жағдайдағы мектеп жоқ. 2018 жылы ауданның 5 мектебінің құрылысына 1 млрд. 548 млн. теңге қаржы қарастырылып, 4-нің ғимараты (Бірінші Мамыр, Әл-Фараби, Жаңаұйым, Аршалы) пайдалануға берілді, ал 1 мектептің құрылысы (М.Әуезов) биыл аяқталады. Сонымен қатар 1 мектепке (Жеңіс) 38,7 млн. теңге бөлініп, қайта құрудан өтті.

Қосымша ғимарат құрылысын жүргізу үшін 3 мектепке 14 млн. теңгеге ЖСҚ әзірленді.  (№1  мектеп-гимназия – 300 орындық оқу блогы, асхана, шеберхана, спортзал, акт залы, кітапхана құрылыстары, №6 жалпы орта мектеп – 200 орындық орта мектеп құрылысы және Ақбастау жалпы орта мектебі – 200 орындық орта мектеп құрылысы).

Киелітас ауыл округі Киелітас елді мекеніндегі М.Әуезов орта мектебінің спорт, акт залдары, шеберхана, кітапхана құрылыстарына – 75,9 млн. теңге; Ленгер қаласының №1 гимназия мектебінің қосымша оқу корпусы, акт залы, шеберхана және кітапхана құрылыстарына – 200,0 млн. теңге; Ленгер қаласының №5 гимназия мектебінің қосымша оқу корпусы, акт залы, шеберхана және кітапхана құрылыстарына – 200,0 млн. теңге; Кемеқалған ауыл округі Ақбастау елді мекеніндегі 200 оқушыға арналған орта мектебінің құрылысына – 200,0  млн. теңге;Көксәйек ауыл округі Көксәйек елді мекені Жолан көшесіндегі 100 орындық бастауыш мектебінің құрылысына – 50,0 млн.теңге; Аққұм ауыл округі Аққұм елді мекені Тыныбек орта мектебінің спорт зал құрылысына – 50,0 млн.теңге; Алатау ауыл округі Екпінді елді мекеніндегі Екпінді-Ақмешіт көпірін күрделі жөндеуге – 48,8 млн. теңге; Ленгер қаласы Шахта Тоғыс елді мекеніндегі Тоғыс көпірі арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеуге – 63,6 млн. теңге; мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында Ленгер қаласының Төлеби көшесіндегі құрылысы аяқталған 2 қабатты тұрғын үйді сатып алуға – 96,0 млн.теңге; Ленгер қаласының №2 орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін – 66,1 млн. теңге; Қасқасу елді мекеніндегі Қасқасу орта мектебін ағымдағы жөндеуге – 13,7 млн. теңге; Ленгер қаласындағы №4 орта мектепті ағымдағы жөндеуге – 5,3 млн. теңге;  Бейнеткеш елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин орта мектебнің қазандығын табиғи газға ауыстыруға – 8,8 млн. теңге; Екпінді елді мекеніндегі Екпінді орта мектебін табиғи газға ауыстыруға 9,2 млн теңге бөлінді.

Әрине, «барлық мектепті 100 пайыз жаңартып біттік, қажеттілік жоқ» дей алмаймыз. Мысалы, Тағайна ауылындағы мектепті жаңалауымыз керек. Қазығұрт ауданымен шекаралас аумақта орналасқан Қаратөбе ауылындағы білім ұясы да жаңалауды қажет етеді.

Ақыры мектеп тақырыбын қозғап қалдық қой, 2016-2019 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемелекеттік бағдарламасын  іске асыру барысында бірқатар атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтсем. Атап айтсақ, білім сапасын арттыру мақсатында 2728 ұстаздың 585-і (21 пайыз) жаңа үлгідегі білім беру жүйесімен жұмыс жүргізу бойынша аттестациядан өтті. Жаңартылған білім мазмұнына аудандағы мектептердің 7 сыныбы көшті. Аудандағы барлық мектептерге «kundelik.кz» бағдарламасы 100 пайыз енгізілді. Интернет жүйесіне 67 мектеп өтті. Тәжирибе ретінде ауданда 1 мектепте (№2 орта мектеп) IT сыныбы ашылып, 9 мектеп робототехника сыныптарымен қамтылды. 2017-2018 оқу жылында оқушылар республикалық және облыстық пән олимпиадаларында 15 жүлделі және ғылыми жоба жарыстарынан  24 жүлделі орындарға қол жеткізді.

Аудандағы 68 мектеп барлық елді мекеннің оқушыларын қамтуға қауқарлы ма? Әлде автобуспен тасымалдауды қажет ететін ауылдар бар ма?

– Елді мекеннен 3 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан мектептерге тасымалды ауылдық округ әкімдері ұйымдастырып жатыр. 8 ауылдық округтің 17 елді мекенінен 2 ауысымда оқитын 1130 оқушы тасымалданады. 

– Ордабасы ауданында жұмыс істедіңіз, хабарыңыз бар шығар, ол жақта «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы төңірегінде түйткіл туындап жатты ғой, бұл жақта қандай екен?

– Сіздер келердің алдында ғана экономика бөлімі есеп берді. Төлеби ауданында 2019 жылға тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша екі азаматтан өтінім кеп түскен екен. Оған қажетті қаражат қаралды. Ешқандай проблема жоқ. Бұған дейін қажетті көтермеақы, т.б. кедергісіз, қиындықсыз төленіп келген.

Әрине, денсаулық сақтау саласы аудан әкімдігінің құзырында емес. Әйткенмен қалың бұқара талап-тілегін айтып бірінші сізге келеді ғой. Медициналық нысандармен, дәрігерлермен қамтылу бойынша көкейкесті мәселелер туындамай ма?

– Облыс әкімінің бастамасымен өңірде модульдік медициналық пункттер салына бастады. Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымызда соның жетеуінің тұсауын кестік. Оған қоса Бірінші Мамыр ауыл округінде екі қабаттан тұратын орталық ауылдық емхана құрылысы бітіп, қазір қабылдау жұмыстары жүруде. Алдағы уақытта модульдік медпункттерді көбейтіп, жедел жәрдем мекемесі ашылуы қажет деп топшылап отырмыз. Оны облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қолдады. Сондықтан аталмыш басқармамен біріге отырып медицинаға қатысты түйткілдердің түйінін рет-ретімен тарқатамыз.

2017 жылдың сәуір айының басында Төлеби ауданында «Шатқал» бағдарламасы аясында 10 мың түп жеміс ағаштары отырғызылғандығы айтылып еді. Сол кездегі аудан әкімі Бұхарбай Парманов «Жеміс көшеттері алдағы 1-2 жылда өз жемісін беретін болады» деген. Сол шынымен жемісін бере бастады ма? Одан бері «Шатқал» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

– «Егілген ағаштардың барлығы 100 пайыз өніп кетті» деп айта алмаймын. Қурағандары бар. Мал тигені, су жетпей қалғаны бар. Әйткенмен бұл көрсеткішті одан әрі қарай жоғарылатайық деген мақсатпен біз әрбір ауылдық округте қоршауын және басына су жинайтын ыдысын қойып, тамшылатып суаруды қамтамасыз етіп барып ағаштарды отырғызуды бастап жатырмыз.

 

Арамызда кикілжің, түсініспеушілік, келіспеушілік жоқ

 

Аудан тізгінін қолға алғалы, кадрлық ауыс-түйістер жасап жатырсыз ба? Кадр демекші, түнеугүні бір орынбасарыңызға шабуыл жасалды. Күллі республика шулап кетті. Күдіктілер ұсталғанын білдік. Соңы немен бітті? Жайсыз оқиғаның аудан әкімдігінің жұмысына қатысы бар ма екен? Орынбасарыңыз жұмысқа шыққан болар?

– Елбасының талабына сүйенсек, командалық ауыс-түйістің бізге қажеттілігі жоқ. Менің принципім де осыған саяды. Мен тағайындалғанға дейін жұмыс істеп жатқан 3 орынбасарым да, бөлім басшылары да өз орындарында отыр. Ешбірін қозғаған жоқпын. Мен келгенде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орны бос тұр екен. Сырттан әкелмей, меритократия қағидасын сақтай отырып аталмыш бөлімнің ішінен кадр таңдадық. Сөйтіп, бас маманды басшы етіп тағайындадық.  

Ал орын алған келеңсіз жағдайға байланысты пәлен деп пікір білдіруден аулақпын. Себебі құқық қорғау органдары тергеу амалдарын аяқтап, қазіргі таңда іс Төлеби аудандық сотына өтті. Орынбасарымның жағдайы жақсы, жұмысқа шықты. Өз лауазымы бойынша еңбек етіп жатыр. Бізге құқық қорғау органдары тарапынан ол лауазымды тұлғаны жұмыстан шеттету жөнінде, тағы басқа ұсыныстар түскен жоқ. Істің анық-қанығын әлі білмейміз. Құзырлы органдардың берген шешімін күтейік.

Мәслихат депутаттарымен қарым-қатынасыңыз қандай? Бастамаларыңызға қаншалықты қолдау білдіреді?

– Аудандық мәслихатта 17 депутат бар. Шыны керек, барлығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Аудандық мәслихаттың хатшысы да, депутаттары да біздің ел игілігі үшін жасап жатқан әрбір жобаларымызды талқылап, қолдау көрсетуде. Арамызда кикілжің, түсініспеушілік, келіспеушілік жоқ. Барлығымыз бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақпен еңбек етудеміз.

Төлебиге ат басын бұрған кез келген қонақ Ленгер қаласына қарап ауданға баға берері хақ. Шаһардың шырайы кіріп, келбеті ажарлана түскені байқалады...  

Ленгер қаласын абаттандыруға ерекше көңіл бөліп жатқанымыз рас. Бірқатар жобалар жалғасын тауып, 2018 жылдың аяғында бірнеше нысан ел игілігіне берілді. Айталық, Қапал батыр көшесіне қазақтың тарихын айшықтайтын үлкен панно жасадық. Сол жерге кішігірім аллея салдық. Одан жоғары көтірілгенде сағат стеласын жасап, айналасын аллеяға айналдырдық. Сәл өрлесеңіз, депутаттардың бастамасымен салынған аллеяны көзіңіз шалады. Әріректе – Ленгер қаласынан шыға берісте «Шаңырақ» атты аллея тұр. Бұлардың барлығы туристік бағыттағы жолды абаттандыру мақсатын көздейді. Сонымен бірге қаласының ортасына рәміздер тақтасын орнаттық, ол да шаһарға көрік беріп тұр.

Абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасады. Орталық алаңды жөндеу күтіп тұр. Тозған материалдарын жаңалап, субұрқақ орнатып, жарықшамдарды ауыстырып, гүл егіп, ретке келтіріп қойсақ дейміз.

2018 жылдың қыркүйегінің бір жаңалығы, Ленгер қаласында қоғамдық көлік жүре бастады. Ол соңғы 2 жыл бойына тоқтап қалған екен. Жеке қабылдауымда да, әлеуметтік желіде де халық осыны күн тәртібінен түсірмеді. Содан назар аударып, қолға алып, білім күні қарсаңында автобустарды жүргіздік. Автобусқа деген сұраныс өте жақсы. Әрине, қоғамдық көліктердің сапасын жақсарту үшін әлі де ширақ қимылдау керек. Санын да арттыру қажет. Бұған тасымалмен айналысатын мекеменің де бейжай қарамайтыны қуантады. Лизинг бойынша жаңа автобустар сатып алуды жоспарлап отыр.

Осы ретте аялдамаларды жаңарту бойынша да тиісті жұмыстар жақында басталады. Заманауи дизайндағы аялдамалар орнатуымыз керек. Байқасаңыздар, біздің аялдамалар тек шатыры бар демесеңіз... Моральдік тұрғыдан да, басқа жағынан да тозығы жеткен.

Қаланың ортасынан Ленгер өзені ағып өтеді. Соның жағалауын абаттандырып, халық серуен құрып, кең тыныстайтын орынға айналдырсақ деген арман бар. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі Қошқарата өзенінің жағалауын қандай абаттандырып қойды! Халық игілігін көріп жатыр.

Ленгер қаласына кіреберісте шатқалымыз бар. Соның да үстіне тегіс жерге саябақ жасасақ дейміз. Өйткені шаһарымыздың орталық саябағы шағын. Мереке күндері халық көп жиналғанда сыймай да қалады. Аудан орталығына үлкен саябақ керек. Оның үстіне жоғарыда айтқан көпқабатты үйлердің барлығы сол жақта еңсе тіктеді. Келешекте биік үйдің барлығының қазығы сонда қағылады. Көпшілік серуен құрып, дем алатындай саябақ қажет-ақ.

Біраз жолдар жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, ішкі жолдардың көпшілігі. Осындай-осындай шаруаның барлығын алдағы уақытта іске асырсақ па деген ойдың жетегіндеміз.    

– Жарты жылдың ішінде халыққа жақын жүретін әкім ретінде таныла бастадыңыз. Әлеумет алдыңызға көбінесе қандай мәселемен келеді?

– Апта сайын дүйсенбі күні түстен кейін сағат 3 пен 5-тің арасында аудан әкімінің халықты қабылдайтынына жергілікті тұрғындар үйреніп те қалған. Сол уақытта осы жерден табылады. Мысалы, кешегі дүйсенбіде 22 азамат жазылыпты, бірақ соның 9-ы ғана келді, баршасымен тілдестім. Тұрғындардың шағымына жедел үн қатқанды қош көремін. Шешу үшін зерттеуді, уақытты қажет ететін мәселелерді тиісті мекемелерге тапсырма ретінде жүктеймін. Тұрғындардың айтқан өтініштерінің орындалуын аудан әкімдігінің барлық жиындарында қадағалап отырамыз. Жеке қабылдаудан бөлек аяқ астынан туындаған мәселеге мойын бұруда әлеуметтік желілерді аудан әкімдігі өте тиімді пайдаланады. «Фейсбук», «Инстаграм», «Ватсапқа» күнделікті сұрақтар түсіп жатады. Ол міндетті түрде тиісті бөлімге барады. Орындалады. Және өтініш иесіне жауап қатамыз. Шұғыл қимылдап, сол сәтте шешуге күш саламыз.

Сұхбат соңында өзіңіз туып-өскен орта мен отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз.

– Мұғалімдер шаңырағында дүниеге келдім. Мұғалімдер династиясы деп айтсам да, артық болмас. Себебі атам да, әжем де, әкем де, шешем де – ұстаздар. Әкем әлі білім беру саласында еңбек етіп жүр, анам жақында зейнетке шықты. Мектепте де, үйде де ұстаздардың тәрбиесін көріп өскен азаматпын. Туған жерім – Бәйдібек ауданы. Отбасылымын. Жұбайымыз екеуміз үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Отбасым – қасымда. Ленгер қаласына көшіріп әкеліп, бала-шағамызды осындағы мектеп-балабақшаға орналастырдық.

– Бауке, уақыт бөліп, емін-жарқын әңгімелескеніңізге рахмет! Ісіңіз ілгері болсын! Аудан халқы тамсана айтып жүрердей еңбек етіңіз!

– Жұмыс істеудегі менің басты қағидам – ашықтық. Аудан әкімдігіндегі қызметкерлерімді де ұдайы ашықтыққа шақырамын. Халықты тыңдай білу керек, проблемадан қашпау керек. Сонда ғана есіл еңбегің зая кетпейді.

Сұхбаттасқандар: Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Read 4990 times