Четверг, 06 Апрель 2017 06:05

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны: «...АЙТЫС БОЛМАЙ ҚАЛЫП, ОҢТҮСТІКТІҢ АБЫРОЙЫ ТӨГІЛЕ ЖАЗДАДЫ»

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында түнеугүні Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына және «Наурыз» мейрамына орай рухани ордада аламан айтыс ұйымдастырылып еді ғой. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы һәм ОҚО әкімдігі мұрындық болып, екі күнге созылған өнер додасында түркітілдес мемлекеттердің аты алты алашқа мәшһүр 20 ақыны қатысып, бақ сынады.

Алайда, «халықаралық» деп ат қойып, айдар таққан бұл айтыстың өтпей қалуы да ықтимал еді. Себебі, сахна сыртындағы, дәлірегі, қазылар алқасы арасындағы келіспеушіліктер ақындардың «бойкот» жариялауына әкеле жаздапты. Мәселенің мәнісін тереңірек білмек ниетпен сол айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрайымы, халық ақыны Әселхан ҚАЛЫБЕКОВАҒА хабарласқанбыз. Ол кісі айтыстың ішінде қандай «айтыстың» туындағанын бүкпесіз айтып берді.


 

– Алғашқы күні 20 ақынды он жұп етіп айтыстырғанымыз рас. Олардың 12-сі қара үзіп, финалға шықты. Ертең алты жұп болып, сайысқа түсуі керек. Қалыптасқан тәжірибе бойынша қазылар алқасының мүшесі Ханбибі Есенқараева екеуміз қай ақынның кіммен айтысатынын долбарлағандай болдық. Әйткенмен осы тұста қазылар алқасының тағы бір мүшесі – «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаев: «Өздеріңіз жұптай бересіздер ме?» – деп қалды. «Сіздер де ұсыныстарыңызды айтыңыздар, біз әншейін жобалап жатырмыз. Өзгеріс енгізгілеріңіз келсе, мархабат!» – деп, нобайлап жұптаған ақындардың тізімін А.Тұрғанбаевтың қолына ұстаттым. Сөйтіп ем: «Жоқ, сіздің кімді кіммен жұптағаныңызда жұмысымыз жоқ. Жай балы жоғары ақындар шыққан-шықпағанын білейін деп едім» – деп, қағазымды өзіме қайтарып берді. Бұл кешкі астың уақыты-тын, әріптестерім тамақ ішуге кірді де, мен сол аралықта екінті намазын оқып алайын дедім. Намаздан келсем, қазылар алқасының мүшелері – А.Тұрғанбаев, Қыр­ғызстандағы республикалық «Ай­тыс» қауымдастығының тө­ра­ғасы Рысбай Исақов, «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова, белгілі ақындар Нармахан Бегалыұлы мен Ханбибі Есенқараева – алтауының мәмілесі бір жерден табылып, маған: «Біз ертең азанда ақындарды алдын ала жұп­таумен емес, жеребе тартып айтыстыратын болдық. Яғни, ақындар айтысар алдында ғана «Сен пәленшемен, сен түгеншемен айтысасың» деп, жеребе тартылады. Сонда күні бұрын дайындалған «заготовка» жайына қалып, нағыз айтысқа орын беріледі, нағыз суырыпсалмалық білінеді. Сіздердің жұптағандарыңыз дұрыс емес, бүгін олар кіммен айтысатынын біледі де, ертеңге дейін өзара келісіп қояды» – дейді.

Содан кейін мен де: «Айналайындар-ау, нені келісіп қарық қылады олар? Өздері айтыстан шаршап шықты қазір. Міне, кеш түсті. Кіммен жұптасып айтысатынын олар енді естиді. Ертеңгі додаға ас-ауқатын ішіп болғаннан кейін ғана кіріседі ғой. Бір түнде келісіп үлгермейді де. Сондықтан ертеңгі айтыстың сапалы болуы үшін, Түркі дүниесіне жаман атымыз шықпауы үшін «табан астында жеребе тастап, бірден сахнаға шақырып, айтыстырамыз» дегенді қойыңыздар. Ақындарға обал болды. Олардың уақыты зая кетіп жатыр. Қазір айтысқа дайындалып жатуы керек еді. Бәрін әрі-сәрі етіп қойдық. Өткелде ат ауыстыруға болмайды. Біз мынау күллі Түркі дүниесі айтысқа келгенде, ертеңгі күні «Түркістандағы айтыс айтыс болмапты» деген жаман атқа қаламыз. Сондықтан Америка ашпай-ақ қойыңыздар. Ертең айтысты жап-жақсы өткізіп жіберейік. Бәрімізге – абырой. Ал, суырыпсалмалықты айқындау үшін жеребе тарту әдісі пайдалы болса, ендігі айтысқа ақындарды солай дайындайын», – дедім.  

Бір кезде әңгімеге қырғыз әріптесім Рысбай Исақов араласты. Айтуынша, жеребенің айтыс ал­­дында тартылып, тіпті тақырыптың та сол мезгілде айтылатыны көрші Қырғызстанда бұрыннан бар тәжірибе екен. «Қырғыздың айтқанын істейік» дейді Т.Бурмистрова. Шыдамай кетіп: «Қазақстанда бұл айтыс оңбайды екен. Бұл айтыста өмірі әділдік болмайды екен. Жұрт: «Айтысты бір қырғыз бен бір орыс келіп, жөндеп кетті» дейтін шығар» – дедім. «Бәйгеге түсер алдында атты да баптайды. Оның да көзін сипап, үстін сүртіп, құйрық-жалын тарап, әбден әлпештейді. Әй, бұлар біздің сөйтіп шығаратын жүйріктеріміз ғой» десем, оған да көнбейді.  

Сөйтіп, өзімнің көзқарасымды дәлелдеп, қазылар алқасындағы әріптестеріме бір жарым сағат сөйлеппін. Ақырында жалындым, тіпті жыладым. Бір жарым сағаттың ішінде айтпаған сөзім қалмады. Болмай бара жатқасын, ұрысып та айттым. Сөйтсем, алтауы қамал болып бірігіп алған. «Бір жөнін айтса, осы екеуі айтатын шығар» деп Нармахан мен Ханбибіге жалтақ-жалтақ қарасам, екеуінің де пікірі «ТҮРКСОЙ» өкілінің сөзімен үйлесіп тұр. Еш көнбейді. Менің сөзімді сөз екен деп тұрған жоқ. «Мынау неғып жанын салып, шырылдап жатыр? Мұныкі де дұрыс-ау» демейді. Қанша жүйкем жұқарды, қанша жүрегім ауырды. «Айтыс ақындарына жанашырлығы жоқ екен-ау» деп топшыладым.

Өстіп ырыңкезектесіп отырғанда 2 сағатқа жуық уақыт өтті. Болмағасын облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділхановты ақындарға жібердік. Ақындарды жұптауға қатысты қазылардың ұстанымын, болған жайтты түсіндіру үшін. «Қазылар осылай етіп жатыр. Әселхан апаның ұсынысы – мынау. Қалған қазылардыкі – мынау» деген екен, Бекарыс Шойбеков пен Айбек Қалиев және қырғыздың екі ақыны: «Онда қазылар қазір келіп, бізді қалағанынша жұптап кетсін. Ал, олай етпесе, ертең он екіміз де финалға шықпаймыз» – депті. Бұл хабар маған жеткен соң, әріптестеріме тағы бардым. Х.Есенқараева, Б.Тайжан, А.Тұрғанбаев отыр. «Ақындар былай деп жатыр» деп олардың тілегін жеткіздім. Өкінішке қарай, олар ақындарды мұндай қадамға мені итермеледі деп пайымдады. Бекарыс пен Айбек біреудің өйт-бүйт дегеніне көне салатын ақындар емес қой, әрқайсысы – өз пікір-көзқарастары бар азаматтар.

Х.Есенқараева маған «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ», неге көнбейсің? Осыған келіс!» деп ұрысып жүр. Мен аң-таңмын. «Әй, айналайындар-ау, табан астында жұптастырғаннан жөні түзу айтыс шықпайды. Сәл ойлансаңдаршы!» деймін. Көнетін түрі көрінбейді. Ақырында ақындардан әлгіндей талап шықты. Бекарыс пен Айбекке рахмет, солардың пікірімен тіпті қырғыздың екі ақыны да санасып, «сіздер – айтыстың арыстанысыздар, не айтсаңыздар сол болады» депті.

Сонда қазылар алқасының мүшелері не деді десеңізші? «Айтысты финалға шықпайтын 8 ақынмен өткізе саламыз» дейді... Шырылдай-шырылдай шаршадым. Содан ашуландым да «онда өздеріңіз айтысыңыздар!» деп сыртқа шығып кеттім.

Қазылар алқасына мені бекерден-бекер төрайым еткен жоқ қой. Айтыс – менің әлемім. Айтыскер ақындардың барлығы менің бала-шағам, армиям іспетті. Баяғыда Қадыр Мырза Әли осы Бекарыс, Маржандар айтысқа шығып жатқан уақытта айтқан «Әселхан айтысқа әскер қосты» деп. Сол себепті олар үшін жаным шығып бара жатыр.

Не керек, өстіп жүріп ақындардың 6 сағат уақытын алдық. «Финалда кім кіммен айтысады?» деген мәселе не ары, не бері емес. Айтыскерлердің жан дүниесін былайғы жұрттың қалай қабылдайтынын білмеймін, бірақ олар қашан айтысып болғанша, ұстараның жүзінде жүреді. Ондай кезде ас та батпайды. Қалың бұқараның алдына шығып, өнер көрсету оңай деймісіз?! Айтысу деген фонограмма емес қой. Ана жерде отырып олардың жан дүниелерінде қандай аласапыран болып жатқанын мен сезіп отырмын. Өкінішке қарай, өзге қазылар оны сезбейді де, сезгісі де келмейді.

– Білуімізше, айтыстың алғашқы күні де қазылар алқасының әділдігіне айтыссүйер қауымның көңілі толмаған сияқты ғой.

– Жұрттың бәрі жүйрік емес қой. Ақындардың ішінде орташалауы да, нашарлауы да бар. Айтысты тек қана жүйрік ақындармен өткізе алмайсың ғой. Қазақ «Қой ақсағымен мың» дейді. Сол себепті барлығын айтыстырып көресің, деңгейі төмендері өзі-ақ артта қалады да, мықтылары суырылып алға шыға береді. Мұның бәрі – елдің көз алдында болатын процесс. Осыны қазыларға айтсам, кейбіреулері ана жерде бір ақынның сөзі сәл төмендеу шықса «Құрт ананы, құрт мынаны!» дегендей Көпенге ымдайды ғой. Жақсы айтысып жатқанды, нашар айтысып жатқанды да кері тартады.

Мысалы, айтыстың бірінші күні алғашқы жұп болып Жарқынбек Наушабеков пен Сара Тоқтамысова шықты. Екеуі де керемет айтысты. Екеуіне де мен 10 балл көтердім. Сөйтсем, өзгелері Жарқынбекке 10 қойды да, Сараға 9 берді. Соған Түркістан қаласының құрметті азаматы, ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «ей, сендер қандай әділ қазысыңдар? Сараға неге кем бердіңдер? Әділ болмайсыңдар ма?!» деп қасымызға айқайлап келді. Сөйтіп еді, барлығы «9-ды бердік. Ал қайтесің?» дегендей қылды. Әй, Ж.Әзіретбергенов жай шал емес қой. Керек болса, залға жиналған Түркістанның бүкіл халқын ертіп кете ме деп қорықтым. Ол – соңына жұртшылықты ерте алатын азамат. Сонымен, ол кісі «онда мен кеттім. Мұндай қазылар төрелік ететін айтысты көрмеймін» деді дағы, орнынан тұрып, шығып кетті. Және оған қосылып біраз қариялар залдан шығып жүре берді. Бұл – бірінші күнгі көрініс.

– Финалдың жайы немен тынды сонымен?

– Өстіп жүргенде түнгі сағат 12 болды. Көпшілік таңертең финалды күтіп отыр. Қалайда ақындарды жұптап келмесек, болмайды ғой. Сонымен, айтыстың жүргізушісі Көпен Әмірбек екі ортада елші болды. «Әй, ертең мен жұртқа күлкі боламын ғой. Сендердің не ойлап отырғандарыңды білмеймін. Көпен – жүргізуші, Әселхан төрайым болған айтысты құрту ма мақсаттарың?» деді күйіп кетіп. Бір қызығы, «ертең айтыс болмай қалса, қайтеміз?» десе, базбір әріптестерім «болмаса, болмай-ақ қойсын! Ертең қайтамыз» деп жауап қатыпты. Сонда халықтың, елдің намысы деген қайда? «Әселхан – айтыстың әбден ащы-тұщысын татқан, ыстық-суығына төзген адам. Бәлкім, бұл кісінің айтып отырғаны – жөн сөз, біздікі дұрыс емес шығар» деп біреуі айтпады ғой. Я кәрісі, я жасы.

Содан «ТҮРКСОЙ-дың» өкіліне «айналайын, бәрін бастаған сенсің ғой, жүр, екеуміз барып, жұптап келейік. Әйтпесе ертең айтыс өтпейді» деді де, Көпеннің тілі бар ғой, оны көндіріп, алып кетті. Барған бойда оны ақындар тарпа бас салыпты. «Әселхан апамыздың айтып отырғаны дұрыс, сіздер не істеп отырсыздар? Ертең айтыс шықпайды» деп.               

Сөйтіп, ақырында ақындар «шықпаймыз» деп үзілді-кесілді бас тартқасын, амал жоқ, сол жерде жеребе тастапты. Менің жұптағандарымнан сәл ғана ауысты. Жеребенің бір ыңғайсыз жағы, кейде бір өңірдің ақындары жұптасып қалады. Мәселен, бұл жолы сарыағаштық екі ақын Жарқынбек Наушабеков пен Нұрғали Әнапия бірге шығып қалды.

Негізі, мен арыз айтатын адам емеспін, бәрін ішіме жұта беретінмін. Осы жолы жұта алмай қалдым. Кеше ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке телефон соқтым. «Әй, Ұласбек, мына жағдайды біліп, естіп жатсың ба? Мен осындай жағдайға ұшырадым. Мен жараландым, қаным қызып, жүрегім ауырды» деп едім, «апа, енді ойланамыз, бұдан кейін ондай болмайды» деп, мені сылап-сипап, кішкене жұбатқан болды. 

Ақындардан кемшілік кетіп жатса, айтысқанына риза болмай жатса, оны жақсы бағаламай жатса, сонда талассақ, ұрыссақ мейлі ғой, ал енді бұлардың мұнысы... Айтыс ақындарына бітіспес өшпенділігі бар сияқты. «Бұлардың бәйгесін бермеңдер. Мастанып кеткен» деген әңгімені де құлағым шалды.

Ал, түнімен ұйықтамаған ақындар көздері кіртиіп, терін төгіп, жақсы айтыс өткізді. Олардың да қайбір денсаулығы бар: біреуінің ана жері ауырады, біреуінің мына жері. Жүлде беруде де ешқандай талас болмады. Бірақ Бекарыс төмендеп қалды. Оның балын түсіріп тастады. Ол жақсы айтысып, Сараға жолын беріп кетті. Тым болмаса сол мәрттігі үшін 2-орынға ілуге болатын еді. Мен ілейін десем, балы жетпейді. «Алынбайтын алты қамал» балды тартып қойып отыр. Бұған не дейсің? Бұл жағдайды Мұхтар Ниязовтар «Фейсбукте» жазды. «Неге Бекарысты әділ бағаламадыңыздар? Оның айтысқа сіңірген еңбегі үшін жүлде беруге болар еді ғой» деп.      

– Бірақ «ТҮРКСОЙ-дың» сыйлығына ілікті емес пе?

– Бас бәйгені – мен, 1-орынды – Ханбибі, 2-орынды Нармахан тапсырды. Қалғандары да солай жүлделерді табыстады. 4-ші, 5-орын алған ақындарға берілген мөлшерде – 500 мың теңге көлемінде «ТҮРКСОЙ» да айтыстың жүлде қорына үлес қосқан екен. Көпен айқайлап «Соның сыйлығын Бекарыс Шойбековке тапсыру үшін Асқар Тұрғанбаевты ортаға шақырамыз» деп еді, Бекарыс шықпай қойды. Анау жүлдесін ұстап тұрып, қызарақтап сахнадан қайтып түсті.

Бір күн бұрынғы түнгі «айтыста» оған «айтыстың маңына жолататын адам емес екенсің» деп ұрысып тастағаным бар-тын. Сөйтсем, «Мен айтысқанмын, айтысты зерттегенмін» дейді...

Өзі жүрісінен жаңылмайтын дәстүрге сәйкес, айтыстан кейін банкет жасалады. Дастарқан басында бәрі жапа-тармағай сөз сөйлеп, А.Тұрғанбаевты қошеметтеп жатыр. Жиіркеніп кеттім. «Әй, кімнің арқасында осылай ойнап-күліп, тамақ ішіп отырсыңдар? Мақтасаңдар, айтыс ақындарын мақтаңдар!» дедім. Үндемей қалды. Алдында ғана Көпен «жеті жюри – жеті қазына» деп отырған. «Жеті қазына емес, жеті қазымырмыз» дедім. Өстіп тілім шығып кетті. Әйтпесе өмірі ешбір айтыста бүйтіп теріс сөзге келмейтін едім. Осы жолы мені қатты шаршатты. Шынын айтқанда, айтыс болмай қалып, Оңтүстіктің абыройы төгіле жаздады. Бірақ тілі бар, беделі бар, Көпен елші болып жүріп аяқ жағын оңдады, әйтеуір. Ал мен өзімді қазылар алқасының төрайымы емес, ең соңғы адамындай сезіндім.

– Айтыскердің жан дүниесін айтыскерден артық кім түсінеді?! Әділ қазы етіп Маржан Есжанованы неге қоюға болмайды?

– Оны айтқанмын. Бірақ ұйымдастырушылар бір кісілерден тайсақтапты. Бірдеңе дейді деп. Осы күнге дейін жазба ақындардың қанша мүшайрасы өтсе де, әншілердің қандай байқауы ұйымдастырылса да, айтыс ақындарының оған қазылық жасауға таласып-тармасқанын естімеппін. Неміз бар ол салаларда?! Таласпаймын да. Ал, айтыс менің өз әлемім ғой... 

Әлгі 12 ақынның менің шырылдап жатқанымды біліп, Бекарыстың мінез көрсетуі тегін емес. Әйтпесе мен оларға телефон соғып, «былай боп жатыр» деп айтпадым да. Оның үстіне Бекарыс мұндай айтысты бұрын көрген екен. Д.Қонаевты еске алуға арналған үлкен айтысқа 40 ақын қатысып, біреулер тура өстіп айтыстырамыз деп, «Америка ашқан» екен. «Сонда мен ең соңында айтыстым, жүйкемнің тозғанынан жынданып кете жаздадым. Қырық ақынның екеуі айтысқа шыққанда, 38 ақын үшін ойландым. Одан кейін 36 ақын үшін ойландым» дейді. Осы оңай ма? Кейін сол айтыс телеарнадан көрсетуге жарамай қалды ғой.

Кеше Бекарыспен телефонмен сөйлестім. «Балам, өкпең жазылды ма? Сен кетіп қалдың. Анау «ТҮРКСОЙ-дың»  өкілі жүлдесін қалтасына қайта салып, сахнадан қызарып түсті» деп. «Өкпелеуге тұрмайтын адамдар ғой олар. Апа, сіздің ұстанымыңыз дұрыс. Қонаевтың айтысында 40 ақынды табан астында жұптастырып айтыстырудың ақыры немен тынғанын білеміз» деді.

Меніңше, айтыс ақындары кіммен айтысатынын 2 сағат бұрын болса да, алдын ала біліп, сөзін саптап, ойын қорытуы керек қой. Айтысу фонограмма емес. Көптің алдына аузын жыбырлатып шыға салатын.     

Оның үстіне Жүрсін Ерманов бұл айтысты «шоу қыламын, мықты етіп көрсетемін» деп жұрттың бәрін келістіріп, айтыстың табиғатын бұзып жіберді.  Мен оған қарсымын. Оны айтып та жүрмін талай жерде. Сондықтан Жүрсін мен шақырмайды ешбір айтысқа. Шақырмаса, шақырмай-ақ қойсын. Айтқаным – айтқаным. Ақындар «сен не айтасың, мен не айтамын?» деп, келісіп алғанға үйреніп қалды. Олардың айтысы үтіктегендей болып шығады. Біздің айтысымызды халық не үшін жақсы көрді? Үтіктегендей болып шықпайтын, «ә» десе, «мә» деп жауап береміз. Кейде жауап табамыз, кейде қызарақтауға тура келеді. Ал, қазіргі айтыс туралы Балғынбек «бұрын қарсыласым не айтып қояды деп қорқатын едік, қазір не айтпай қалады деп қорқамыз» деп айтты ғой. Анау айтпай қалса, мынаның саптап отырған сөзі шықпай қалады да. Міне, осылай айтыстың құнын түсіріп жіберді. Ешкім айтысты көрмейтіндей болды. Ойда-қырда осы күнде қазақтың айтысын құртып тындық.

– «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кері десеңізші.

– Бұзып кетті. Ал, енді осыларды жаңағыдай айтысқа салсақ, не болады? «Оңтүстіктің абыройы төгілсін» деп отыр ма? Бұлардың пиғылын түсінбедім. Кешегі айтыстың дұрыс өтуі – әуелі Құдайдың, кейін Көпеннің арқасы. Кешегі айтыс өтпей қалғанда анық шу сонда болар еді. Осыларды ойлап, әлі қан құрамымдағы қантымның деңгейі көтеріліп, қан қысымым көтеріліп жатыр.

– Ештеңені бүгіп, бүркемелемей, ойыңызды ашық айтқаныңыз үшін рахмет! Сізге де, қазақтың айтыс өнеріне де баянды ғұмыр тілейміз!

Сұхбаттасқан Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Read 7981 times