Пятница, 16 Февраль 2018 07:07

Маржан ҚАРЖАУОВА: «ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫ БОЛСА БОЛДЫ, ӨЛІП КЕТЕ БЕРУІ КЕРЕК ПЕ?»

Естеріңізде болса, осыдан үш апта бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансердің асханасында жұмыс істейтін аспаз К.Қаржауованың үстіне қайнаған сүт төгіліп, 3 күннен соң ауыр жарақаттың салдарынан қайтыс болғандығы туралы мақала «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігінің порталында жарық көрген еді. Таяуда редакциямызға марқұмның қызы Маржан Қаржауова хабарласып, «Осы оқиғаға қатысты айтарым бар» деп, қысқаша сұхбат берген болатын.

– Маржан, қайғылы жағдай орын алған күні сіздерге бірден хабар берілді ме? Сол күнгі оқиға жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

–31 желтоқсан күні кешке інім телефон шалып, «Маржан, тез келші, апам жұмысында сүтке күйіп қалыпты» – деді. Шошып кеттім. Тұра жүгіріп, кешкі сағат 6-да Трынбаев атындағы облыстық жоғары қысымды оксигенация орталығына келдім. Келсек, анамызды жан сақтау бөліміне жатқызған екен. Бірақ бізді кіргізген жоқ. Кезекші дәрігер шығып, жағдайының ауыр екенін, денесінің 30 пайызы күйіп қалғанын айтты. Жалпы, оқиға күндіз сағат 15:30-дар шамасында орын алыпты. 40 литрлік кәстрөлде сүт болған. Аспаздар сүтті пісіріп, газ плитасынан түсіріп, суытулары керек екен. Міндеттері ғой. Қасында болған әйелдердің айтуынша, анам ет шауып жатқан. Жанындағы аспаз әйел «көтерісіп жіберіңізші» деп өтініпті. «Мейлі» деп, көтерісіп кетіп бара жатқанда, дәліздің бұрылысында аяғы қайырылып, құлаған. Сол кезде қайнап тұрған сүт анамның оң жақ үстіне қарай аударылып кеткен. Тұрамын дей бергенде, сол жаққа қарай тағы құлаған. Сол жердегілер медициналық жедел жәрдем көлігін шақырады. Жедел жәрдем келемін дегенше, далада киімсіз 15 минуттай күтіп жүріп қалыпты.

Ызамен «көтерісіп жіберші» деген әйелге «шақыратын басқа адам болмады ма?» деп ұрсып бердім. Негізінде ет шауып жатқан адам шықпауы керек екен. Өйткені қолы да, аяғының асты да май ғой, тайып кетуі мүмкін. Ақырында дәл солай болды. Аяғы тайып кеткен.

– Диспансердің басшылығына дереу хабар берілген бе?

– «Барлығына хабарладық, ауруды басатын «уколдар» салдық» дейді. Бірақ, басшылары ол жерге келмеген деп естідім. Медбикелер, бірге жұмыс істейтін аспаздар болған. «Барлығымыз шокта болдық» дейді.

– Реанимацияға түскен соң да басшыларынан ешкім хабар алмады ма, келмеді ме?

– Мен өзім ешкімді көрген жоқпын. Барғанымда, інім мен келінім тұрған. «Үш әйел жедел жәрдем көлігімен әкеп тастады да, кетіп қалды» деді. «Мерекеде мазаларын алмай-ақ қояйық» деп, болған оқиға жайлы 31 желтоқсан, 1 қаңтар күндері жақындарымызға айтпадық. Тамағын, суын әкеп тұрдық. Мен жоқ кезде ініме көп нәрсе алдыртыпты. Тіпті памперске дейін алдыртқан. «Памперсті де әңгіме қылды» демеңіз. Бірақ ондайдың бәріне өкімет ақша бөліп қойған шығар.

Анам есін, бәрін біліп жатқан. «Телефонмен сөйлесейікші» деп едік, «болмайды» деп, рұқсат етпеді. 1-2 қаңтар күндері демалыс еді ғой, содан 3 қаңтар күні тубдиспансердің бас дәрігері Болатхан Сағымбеков пен қасында екі әйел бар, анам жатқан емдеу мекемесінің бас дәрігеріне келіп кетіпті. Ол бас дәрігер де жұмысқа сол 3 қаңтар күні келсе керек. Сол күні мен де кіріп, «жағдайы қалай?» деп сұрадым. «Ауыр» деді. Алдында дәрігерлер «денесін 30 пайыз күйік шалған» деген еді, бұл кісі «35 пайыз» деп тұр. Ал, медициналық құжатта «40 пайыз» деп жазылған. Бас дәрігер Б.Сағымбековтың келгенін айтты. «Анаңызға кіріп, сөйлесіп, жағдайын біліп шықты» деді. Мен де «кірейінші, көрмегенімізге үш күн болды» деп едім, «мақұл, бірақ сағат үште келіңіз» деді. Сағат үште кірдім. Сөйлестік. Әжептәуір сөйлесіп жатты. Денесін бинтпен орап тастапты. Бет-аузы күймепті. Тап-таза. «Не әкелейік, не ішесіз?» деп сұрадым. «Су әкеле салыңдар. Тамақтың керегі жоқ, бар ғой» деді. Осылай жанында біраз отырып шықтым.

Сөйлесіп жатқанына қарағанда, соншалықты жағдайы нашар болмаған сияқты. Қалай бірден қайтыс болған?

– Үйге қайтып кеткен едім, түнге қарай дәрігерлер ініме хабарласып: «Тез келіңдер. Үлкен адамдардан кімдер бар, әкелерің бар ма?» – деп сұрапты. Әкеміз Ақтауда іссапарда жүрген-тін. Інім: «Бірдеңе болған-ау, ар жағында шулап жатты» – деді. «Жаңа сөйлесіп жатқан еді ғой, жағдайы жаман емес еді ғой» – дей беріппін. Содан дереу бардық. Сөйтсек, сағат 20:30-дар шамасында қайтыс болған екен. «Қалай болды, не деді?» деп сұраған едік, «Ауа жетпей жатыр» деп, қиналып жатыпты. Бұлар терезені, есікті ашып, желдеткен. Қан қысымын өлшесе, 180-ге көтеріліп кетіпті. Өзінің жүрегі де ауыратын еді. «Қан ұйып қалыпты, тромб» дейді ғой, содан жүрегі тоқтап қалыпты.

– ОҚО Еңбек инпекциясы жөніндегі басқарманың бізге жолдаған хатында анаңыздың өлімі «өндіріске қатысты» деп табылып, «жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз, қызметкердің кінәсі 0 пайыз болып белгіленді» делінген болатын. Осы жағдайға сай жәрдемақы не өтемақы берілді ме? Болмаса осы жағдайда не істеу керектігі туралы ресми орындардан ешкім ештеңе айтпады ма?

– Ештеңе берілген де жоқ, келіп ешкім ештеңе айтқан да жоқ. Әйтпесе «қаржылай көмек беріледі екен» деп естідік. Анамның өзінің ұжымының атынан, кәсіподақтың атынан деп ақша берді. Бұл енді қазақы дәстүрге сай жасалып жатқан жолы ғой. Ал тубдиспансердің басшысы Б.Сағымбеков болса, анам қайтыс болған күні мәйітханаға апарар кезде сол ауруханаға келіп кетіпті. Содан кейін 3-ші бейсенбілік асын беріп жатқанда ғана келіп, көңіл айтты. Оған дейін келген де жоқ.

– Айтыңызшы, не нәрсеге көңіліңіз толмай отыр? Айта алмай отырған ойларыңыз бар ма?

–Бұл енді анамның жұмыс орнында болып тұрған жағдай ғой. Жұмыс орнында болған соң, бізге сәл де болса материалдық көмек берілуі керек шығар деп ойлаймын. Бізді кішкентай деп, баласынып отыр ма деп, соған қапалымын. Ешкімнің ойына кіріп-шығып жатқан жоқ сияқты. Қарапайым жұмысшы болса болды, өліп кете беруі керек пе? Солай елемей қоя салу керек пе? Осылай елемей жүре беретін болса, біз де қарап қалмаймыз. Таяуда республикалық телеарналарға барып, осы жағдай жөнінде айтып, көмек сұрамақ ойдамын. Мүмкін, сол кезде әрекет етер.

Әңгімеңізге рахмет! Қазаның арты қайырлы болсын!

P.S. Сөз соңында айта кетейік, ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бізге жолдаған хатында «Арнайы тергеп-тексеру барысында комиссия мүшелері жазатайым жағдайға ұшыраған К.Қаржауованың отбасымен кездесіп, оларға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әлеуметтік қорғауға заңды құқықтары жөнінде түсіндірді» делінген еді. Алайда қайтыс болған К.Қаржауованың қызы Маржан Қаржауова ешқандай да комиссия мүшелерін көрмегенін айтып отыр. Басқарма басшысы Алмасбек Мамытбеков бұған не дер екен?

Айтпақшы, ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың 26.01.2018 жылы бізге жолдаған №315 санды хатында «... К.Қаржауовамен болған жазатайым оқиғаға байланысты жүргізілген арнайы тергеп-тексеру материалдары ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қарау үшін Басқарманың 17.01.2018 жылғы №209 санды хатымен Шымкент ҚІІБ-ның Еңбекші ПБ-не жолданған» дейді. Осыған орай, алдағы уақытта Еңбек инспекциясының тергеп-тексеру материалдарының негізінде полицияның нендей шешім шығаратынын назарда ұстаймыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

 

 

Read 5356 times