Понедельник, 08 Октябрь 2018 16:45

Түркістан облысы: шардаралық қарияларға құрмет көрсетілді

1 қазан – қарттар күніне орай Шардара ауданындағы бірнеше қарияға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Болатбек Қыстауов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков қалада тұратын тыл ардагері Айдын Оразбаеваның шаңырағына барып, мерекемен құттықтады. 

– Сіз секілді қариялар біздің баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз саналады. Сіздер бұғаналарыңыз қатпай тұрып-ақ, үлкендермен бірдей қара жұмысқа араласып кете бардыңыздар, ел үшін еңбек етіп, болашақ ұрпаққа үлгі бола білдіңіздер. Жарқын болашақ, кемелді келешек үшін қажымай еңбек еткен ардагерлерімізге деген құрмет пен ізгі ниетіміз әрқашан да ерекше. Сізді мерекемен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға қуаныш тілеймін. Немере-шөберелеріңіздің қызығын көріп, арамызда асқар таудай болып жүре беріңіздер, деген Болатбек Дүйсенбекұлы Айдын апаның иығына оқалы қамзол мен орамал жауып, гүл шоқтарын және мерекелік азық-түлік себетін тарту етті.

Қосағы Оңалбай аға екеуінің бауырынан өрбіген 7 ұл-қыздан барлығы 15 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған Айдын апа ел басқарып отырған азаматтарға, бүгінгі жастарға аналық алғысын жеткізді.

– Біздер кәріге иман берсін, жастарға өмір берсін деп тілек айтатын жастамыз. Міне, егемен ел болғанның арқасында бақытты ғұмыр кешіп отырмыз. Бұрынғы көрген қиындықтарымыз ұмытылды. Тәуелсіздіктің арқасында түсімізге де кірмейтін қасиетті Меккеге барып, қажылық парызды өтеп қайттым. Бізге қарап отырған қызметкерлерге рахмет, барлық жағдайымызды жасап, керемет жерлерге демалысқа жіберіп отырады. Ел аман, жұрт тыныш болсын, бәрің де бақытты болыңдар, қарақтарым, деді Айдын апа.

Қарияларға деген дәл осындай сый-сияпатты басқа да аудан басшылары жасады. Атап айтар болсақ, аудан әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров тыл ардагері Шәйкүл Қаныбекованың, қала әкімі Ережеп Бекет тыл ардагері әрі майдангердің жұбайы Қаламқас Жұматаеваның шаңырақтарына барып, мерекемен құттықтады. Еңбекпен есейген қарт аналардың көңілдерін аулап, естелік әңгімелер айтысты. Өздеріне арнайы уақыт бөліп келген азаматтарға Шәйкүл апа мен Қаламқас апалар алғыстарын жаудырып, баталарын берісті.

Мерекелік құттықтауға қатысқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбековтің мәліметінше, ауданда ғұмыр кешетін 75 тыл ардагері мен 104 жалғызілікті қариялардың барлығына да мерекелік тартулар табыс етілген.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1099 times