Понедельник, 08 Июль 2019 17:56

Түркістан облысы: Арыс шаһарының балалары еліміздің батысы пен шығысына демалысқа аттанды

Бүгін түсте Арыс қаласының 50 баласы Батыс Қазақстан облысындағы демалыс орнына аттанып кетті. Сонымен бірге кешке қарай 150 оқушы табиғаты таңғажайып Шығыс Қазақстан облысына жіберілді. 

Оқушыларды ата-аналары мен ұстаздары Арыс қаласындағы темір жол вокзалынан шығарып салды. Бұған дейін арыстық оқушылар Павлодар (129), Ақмола (145), Жамбыл (200), Алматы облыстары (150) мен Нұр-Сұлтан (200) қаласына демалысқа жолданған болатын.

Жалпы, осы жазғы демалыста Арыстың 4 мыңнан астам оқушысын өзге өңірлерге демалысқа жіберу көзделіп отыр екен. Қазіргі таңда 1 мыңнан астам оқушы демалысқа жіберілді. Сонымен қатар Түркістан облысының аудандары 462 баланы жазғы сауықтырумен қамту үстінде. Атап өтер жайт, оқушыларды арнайы бекітілген ұстаздар алып жүреді және жас өрендердің алаңсыз тынығуына мейлінше қолайлы жағдай жасалған.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 868 times