Вторник, 20 Август 2019 15:24

Түркістан облысы: Арыс қаласындағы теміржол вокзалына қауіп төнбейді

«Арыстағы вокзалды жоғалтудамыз! Тарихи-мәдени нысанды бұзып жатыр!». Әлеуметтік желі мен жергілікті басылым беттерінде осындай жаңалық тарап еді. Бұл жалған ақпарат болып шықты. 115 жылдық тарихи ғимаратты ешкім бұзбайды. Керісінше, Арыстағы апаттан зақымданған «Арыс-1» теміржол вокзалы қайта қалпына келіп, жаңаланады. 

Арыстағы апаттан теміржол вокзалы да зақымданды. Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жағыртылуда. Қалпына келтіру жұмыстарына осы саланы жетік білетін кәсіби мамандар мен тәуелсіз сарапшылар тартылған. Олар тарихи нысанның бастапқыдағы сәулеттік ерекшеліктерінің сақталуын қадағалайтын болады.

Мәселен, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директорының кеңесшісіҚанат Тұяқбаев: «Біз бұл ғимараттың ішкі қабаттарының бастапқыдағы әрленуі қандай болды? Қандай бояу қолданылды?Бәрін алып, Алматыдағы мамандандырылған зертханаға жібердік. Еш жері ұмыт қалған жоқ. Ол жерде бізге мамандар барлығын зерттеп, анықтап береді» - дейді.

Зерттеу ұзақ уақытты алады. Содан кейін мәдени ескерткіштерді сақтау, пайдалану, қорғау заңы аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті әкімдіктің келісімімен барлығы бастапқыдай қалпына келтіріледі.

«Уақыт қысылтаяң болғандықтан, қазір сыртын темірмен уақытша қаптап жатыр. Нысанның барлық бөлігі құжат бойынша суретке түсіріліп, альбом болып жасалып қойған. Кезкелген жерін ашып алып, ары қарай реставрация жасауға толық мүмкіншілік бар. Сондықтан жұмыстың барлығы заң аясында жасалып жатыр деп айтуға болады» дейді тәуелсіз сарапшыСәдуақас Ағытаев.

Мамандардың айтуынша, вокзал бұған дейін төрт рет күрделі жөндеуден өткен. Қалпына келтіру кезінде құрылысшылар ғимараттың тарихи құндылықтарына ешқандай зиян келтірмеген. Тіпті төбесіндегі ағаштарына дейін сол қалпында сақталғанын айтады. Бір ғасырдан аса уақыт халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан тарихи нысан жақында қайта ашылады.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 1450 times