Среда, 13 Ноябрь 2019 12:23

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданының әкімі "Күз аруы-2019" байқауының жүлдегерлерін марапаттады

Қазақы қаймағы бұзылмаған Мақтаарал ауданындағы «Ақ Алтын» мәдениет үйінде аудандық «Күз аруы-2019» байқауы өтті. Байқаудың жеңімпаздарын аудан әкімі Бақыт Асанов марапаттады. 

“Жастар жылы” аясында қазіргі қазақ қыздарының жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастырып, ұлттық менталитетімізге лайықты сұлу болмысын, бүгінгі рухани келбетін дәріптеу, ұлт дәстүрі мен мәдениетін, әдет-ғұрыптарын бойына жинақтаған ақылына көркі сай парасатты қыздарымызды халыққа таныту, оларды тілі мен дінін, ұлт руханияты мен мәдени мұраларды құрметтеуге, сақтауға тәрбиелеу, ұлтымыздың әдебиеті мен өнерінен сусындаған зерделі де зерек аруларымыздың кескін-келбетін айшықтау, қоғамдағы қазақ қыздарының белсенділігін арттырып, шығармашылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа аудандағы кенттер мен барлық ауылдық округтерден 11 ару қатысты. Сайыс ережесі бойынша “Сәлем – сөздің анасы”, “Өлең – сөздің патшасы”, “Зерделінің ойы озық”, “Қазақ қызы – шаңырақтың шырақшысы” және “Мен қазақ қыздарына қайран қалам” сынды 5 бөлімнен тұратын байқауда қатысушылар сөз мәдениеті, ұлттық киімдер үлгісі, өз өнерлері мен білім деңгейлерін көрсетіп бақтарын сынасты. Десек те, сайыс соңында қарсыластарынан қара үзіп, оза шыққан жеңімпаздар мен жүлделі орынға ие бола алмаса да, “Көрермен көзайымы”, “Парасатты ару” және “Өнерлі ару” сынды номинацияларға ие болған бойжеткендер ұйымдастырушылардың дипломдарына ие болып, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, өнерпаздардың өнерлеріне жоғары баға берді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1029 times