Суббота, 16 Июнь 2018 04:21

Шымкентте «Этно Шымкент» туристік көрмесі өтті

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай еліміздің түкпір-түкпірінде іс-шаралар өткізіліп жатқаны белгілі. Шымкент қаласында да әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі ретінде қаладағы Әл-Фараби атындағы алаңда өткізілген «Этно Шымкент» туристік көрмесін айтуға болады.

Әл-Фараби алаңындағы көлік қатынасы уақытша тоқтатылып, бұл жер нағыз қазақы ауылға айналды. Мұнда Құрманғазының күйлері шырқалып, қазақы тазылар мен түйелер қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын оятты.Шымкенттіктердің назарынахалықтық қолөнер бұйымдары, керамикадан, тастан және ағаштан жасалған бұйымдар ұсынылды. Қолөнершілер этнокөрмеге өз қолымен жасаған дүниелерін ғана әкеліпті. Ұлттық киімдер мен аксессуарлар үлкен қызығушылық тудырды.

Этнокөрме ұйымдастырушылары өткенге бас сұғуды ұсынды. Ал қонақтар қазақ халқының мәдениетімен танысып қана қоймай, сонымен қатар оны қолмен ұстап көруге де мүмкіндік алды. Этнокөрме американдық туристердің де қызығушылығын оятыпты. Қазақтың мәдениеті мен қолөнеріне тәнті болып, бай тарихымызға таң-тамаша болды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл этнокөрме Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған іс-шара болып табылады. Бір күндік экспозицияда 10 автордың туындылары ұсынылды. Ұйымдастырушылар дәстүрлі білім мен тәжірибені қайта жандандыру және оны жас ұрпаққа табыс етуді мақсат етсе керек.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 1357 times