Среда, 18 Июль 2018 11:09

Шымкентте тағы бір арбаттың құрылысы басталды

Шымкент қаласында тағы бір арбаттың құрылысы басталды. Қазіргі таңда Бейбітшілік көшесі бойында тиісті аумақ жабылып, жолдың жиегі қазылып, қызу жұмыс жүріп жатыр. 

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілердің айтуынша, арбаттың ұзындығы 500 метрге созылмақ. Дәлірек айтсақ, Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі аралық.

Арбатта велосипедке арналған жол мен сәндік тал-дарақтармен, ағаштармен көмкерілген аяқжол қарастырылады. Тұрғындарының серуен құруына арналған аталмыш нысан жыл аяғына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Бұл ретте атап өтерлігі, бұл жобаны жүзеге асыру Бекет батыр көшесі бойындағы арбатты салған компанияға жүктеліпті.

«Арбат салынып біткен соң Бейбітшілік көшесі бойындағы автокөлік қозғалысына шектеу қойылмайды. Тұрғындар үйлеріне жетіп алуы үшін, олар тек бір бағытта жүретін болады. Құрылысқа 560 миллион теңге бөлінді. Оның үстіне бұл көшеде арбаттың пайда болуы жайдан-жай емес. Ол Республика даңғылы мен Әл-Фараби алаңын жалғап тұрады. Әрі мұнда шаһардағы үлкен саябақтардың бірі орналасқандықтан, бұл көшенің бойымен жаяу жүретіндердің қарасы қалың. Сәтін салса, бұл арбатты пайдалануға бергеннен кейін Асқаров көшесінде тағы бір арбаттың құрылысы басталуы ғажап емес» дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегі сектор меңгерушісі Жандос Оспанов.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1328 times