Аталмыш нысан 1949 жылы салынған. Қошқарата өзені бойында орын тепкен бұл орын бір замандарда жергілікті жұршылықтың есте қаларлық талай-талай той-томалақтарының куәсі болған.
Іргетасы 69 жыл бұрын қаланған мейрамхана тек 60-жылдары ғана жөндеу көріпті. Одан бері оған ешкім қол ұшын тигізбеген. Ал қазір қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшылар ғимараттың бастапқы қалпын сақтауға күш салуда. «Иә, ішкі көрінісі жаңартылады, алайда мейрамхана қабырғасындағы суреттер мүмкіндігінше сақталады. Жалпы, тиісті жұмыстардың барлығын биыл қараша айында тәмамдауды жоспарлап отырмыз» дейді құрылысшылар.
Бүгінгі таңда ғимарат жекеменшікке сатылып кеткен. Сол себепті 90-жылдардың басында «Арал» деген атауы «Шаттық» болып өзгерді. Енді қайта жаңғыртудан өткен соң оған бұрынғы атауы қайтарылмақшы. Шымкент қаласы әкімдігі мен мәдениет бөлімінің келісіміне сәйкес, нысан өз мақсатын өзгертпейді, сол мейрамхана күйінде мегаполис тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуін жалғастырмақ.
Бұдан бөлек иелері мейрамханаға тиесілі аумақты қоршауға алмақ ниетте екен. Гүлзар мен аяқжолдан өзге су диірменін орнату да жоспарланған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.