Вторник, 28 Август 2018 04:03

Түркістан облысы: опера және балет театры жаңа маусымды жаңа мамандармен бастады

Облыстық опера және балет театрының ұжымы биыл 11-маусымының шымылдығын «Қыз Жібек» қойылымымен түрді. Бірақ Евгений Брусиловскийдің танымал дастанының оқиғасы желісі әдеттегідей қайғылы трагедиямен тәмамдалған жоқ. Қойылым бұл жолы Жібек тұрмысқа шығып, мерекелік той-думанға ұласуымен ерекшеленді.Бұл туралы «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды «otyrar.kz» сайтына сілтеме жасап. 

Бұла боп өскен ерке, өр мінезді, ақылына көркі сай Қыз Жібекті сомдау театрдың белгілі әрі белді әртісі Айгүл Азатоваға жүктелген. Қойылымда өнер иесі тек сөзбен ғана емес, операда ән салып, көрерменге ширек ғасырдың сырын жеткізуі тиіс. Театрдағы тәжірибесіне 10 жылдан асқан өнер иесіне қазақ әйелінің асыл қасиеттері бойынан табылған кейіпкерді халыққа көрсету қиынға соққан жоқ.

Танымал дастан Ғабит Мүсіреповтың либреттосын тоғыстыра отырып жасалған. Ең алғаш туынды күнгейдің сахнасында 2010 жылы қойылды. Бірақ бұл спектакль бүгінде республикалық театрлар ұсынып жүрген «Қыз Жібек» операларынан мүлдем бөлек. Яғни бұл нұсқада Жібектің оқиғасы трагедиямен аяқталмай, керісінше, соңғы көрініс ұлан-асыр тойға ұласады.

Осылайша «алтын қоры» 15 қойылыммен толыққан театр енді көрермендері үшін шетелдік жауҺар туындыларды таныстырып, сахналамақ ниетте. Күнгейдегі бекзат өнерді дәріптейтін мәдениет ошағы — облыстық опера және балет театрының жаңа маусымдағы жаңалығы бұл ғана емес.

«Жаңа маусымда жаңа мамандар келіп жатқан жәйі бар. Мәселен, хор ұжымына 5 адам, балетке де 6 маман, өзге де топтарға жоғарғы оқу орнын тәмамдап келген жастармен толығудамыз» дейді облыстық опера және балет театры директорының орынбасарыДархан Жұмаев.

Айта өтер жайт, бүгінде қызметін бастағанына 10 жылдан асқан облыстық опера және балет театрында 217 адам қызмет етеді. Оның 147-сі — шығармашылық ұжым.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1134 times