Понедельник, 18 Июнь 2018 11:46

Шымкентте «Ерлік» мұражайының жаңа ғимараты ашылды

Шымкент қаласында «Ерлік» мұражайының қосымша ғимаратының ашылу салтанаты өтті.  Шара аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған өңір ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері «Жеңіс» саябағындағы Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Рақымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиында аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы жұртшылықты жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.   

«Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұсынылуы заман талабына сай маңызды шешім болды. Бүгінгі шара - ерлікті дәріптеуге, жастардың бойына отаншылдық сезімді сіңіруге бағытталған. Батырларымыздың, ата-әжелеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері мен жеңістерін, тылдағы еңбектерін, ауған соғысы ардагерлерінің ержүректілігін насихаттайтын бұл музейдің маңызы жоғары. Жастарды отаншылдыққа тәрибелеуде бұл орталықтың да қосар үлесі мол», - деді өңір басшысы.

   «Ерлік» музейі 2012 жылы желтоқсан айында ашылып, 2013 жылы 19 шілдеде ОҚО тарихи-өлкетану музейінің «Ерлік» филиалы ретінде ресімделген. Ғимараттың аумағы бұрын 209,6 шаршы метр болса, облыс әкімдігінің қолдауымен қосымша құрылыс жүргізіліп, 285 шаршы метрге жаңа ғимарат салынып отыр. Жаңадан ашылған екі қабатты ғимаратта екі экспозициялық зал, 50 орындық мәжіліс залы, экспонаттарды сақтайтын және қызметкерлер жұмыс істейтін бөлмелер бар. Бұл мұражайда соғыс ардагерлерінің ерліктерін дәріптеумен қатар зиялы қауым өкілдерімен кездесулер және өзге де тарихи-танымдық іс-шаралар өткізілетін болады.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 5959 times