Суббота, 18 Ноябрь 2017 10:32

Түркістандық шенеунік қарамағындағыларды құлша жұмсаған ба?

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек «Facebook» әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында Әліпбек Өсербаев басқаратын Түркістан қаласы әкімдігінің атына сын келтіретін келеңсіз жағдайлар туралы жазды. 

Оның айтуынша, «Түркістан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жетібаева өзінің қызметкерлеріне үйін жинатып, тамағын істетіп, кірін жуғызып, малай қылып ұстаған. Басқа қызметкерлеріне кредит алдырып, кейбіреуінің айлығын заңсыз алып отырған. Қызметкерлеріне қоқан-лоқы жасап, үнемі психологиялық қысым көрсетіп отырған. Өзінің қызмет бабын асыра сілтеп пайланып,қызметкерлеріне:"Сен малсың,құлсың"- деген сөздермен үнемі ар-намыстарын таптап келген».

Қазіргі таңда Жетібаеваның үстінен арыз түсіпті. Қылмыстық тергеу амалдары жүріп жатқан көрінеді.

Өз кезегінде «Түркістан қаласының прокуратурасының араласуымен бұл іс те оңды нəтижесін береді деген үміттемін!» деген А.Орынбектің жазбасына Түркістан қаласының прокуроры Руслан Әлжанұлы Әбдірайымов «Сотқа дейінгі тергеп тексеру жүруде, іс – қала прокуратурасының қадағалауында» деп пікір қалдырыпты.

Заңгер сөзінің соңын «Құрметті аналар, əйелдер, өздеріңізді бұлай қорлатып қоймаңыздар! Тиісті органдарға дəл уақытында арызданып үйреніңіздер!» деп қорытындылапты.

Түйін. Егер жоғарыда аталған фактінің ақ-қарасы ажыратылып, шындыққа жанасып жатса, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, бұл Түркістан қаласының билігіне абырой әпермесі анық. Қай қырынан үңілсеңіз де. Пайымдауымызша, бөлім басшысының қарамағындағыларға қырғидай тиіп, үй жинатып, несие алдырып, құлша пайдалануы бір күннің тірлігі емес сияқты. Жарайды, Әліпбек Өсербаевтың өзінің қарамағындағы шенділердің әрбірінің немен тыныстап, немен айналысып жатқанын ұдайы бақылап отыруға мүмкіндігі бола бермейді дей қоялық. Салаға жауапты орынбасарлары мен қала әкімі аппаратының басшысы бар емес пе? Олар сонда ештеңеден хабарсыз болғаны ма?

Read 5205 times