Понедельник, 14 Октябрь 2019 10:13

Шымкентте қатерлі ісік ауруын ерте анықтайтын орталық ашылады

Шымкент қаласының халқы енді сапалы ем іздеп Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барып сабылмайды. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар бұдан былай диагностикалық тексеруден өту үшін онкологиялық орталықтағы «ПЭТ» орталығының қызметіне жүгіне алады. Жаңа тексеру орталығының жұмысын іске асыру үшін қала әкімі Ерлан Айтаханов«Орхун Медикал» компаниясының директоры Дирик Гоненч Нихатпен келіссөз жүргізіп, екі жақты меморандумға қол қойды. 

Түрік инвесторлары қалалық онкологиялық орталыққа соңғы үлгідегі (ПЭТ) заманауи позитронды-эмиссионды томография және циклотрон қондырғысын орнатады. Циклотрон аппараты науқастарға қажетті радиофармпрепараттарды дайындау мақсатында орнатылуда. Жалпы жоба құны 2,7 млрд. теңгені құрайды.Бұл құрал-жабдықты орнату арқылы жылына орташа есеппен 10 мың адамнан онкологиялық аурулардың таралуын ерте сатысында анықтап, өлім-жітім көрсеткішін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, түрік компаниясының жобасы бойынша мемлекеттік бюджет есебінен қосымша қаржы бөлінбейді. Инвестор өз қаражаты есебінен жабдықтарды сатып алып, нысанды жалға алу арқылы халыққа тегін медициналық қызмет көрсетеді.

Қатерлі ісік ауруы ерте сатысында анықталған жағдайда сауығып кету мүмкіндігі мол болады. Ал «ПЭТ» құрал-жабдығы қатерлі дерт анықталған жағдайда асқындырмай, емді ерте бастауға мүмкіндік береді. Ол бір күнде 30-ға дейін адамды қабылдай алады. Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта науқастардың 100 пайызы зерттеудің бұл түрін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде тегін өтеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 921 times