Суббота, 31 Март 2018 16:07

Балмұздақтан келген кесел жеңіл-желпі ме?

«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген рас-ау, соңғы уақытта Оңтүстік Қазақстанды республикаға келеңсіз жағынан мәшһүрлеген жаға ұстатар оқиғалар көбейіп кетті. Енді 2-3 күннен бері Шымкентте дабыл қағылып жатыр. Адамдар балмұздақ жеп уланыпты. Наурыздың 29-ынан бері облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастардың саны күрт артқан. Оларға «асқынған ішек инфекциясы және астан улану» деген алдын ала диагноз қойылып отыр. 

Бір өкініштісі, балмұздақтан уланып, ауруханаға түскендердің арасында жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққандар да бар. Қаншалықты рас-өтірік екенін білмейміз, әйткенмен аталмыш медициналық мекеме маңайында туыстары үшін мазасыз күй кешіп жүрген жандардың сөзіне сенсек, бүгінгі таңда балмұздақтың кесірінен аурухана төсегіне таңылғандардың қарасы 100-ден асқан көрінеді. Одан бөлек амбулаториялық жағдайда ем-дом алу үшін үйлеріне қайтарылып жатқандары да баршылық екен.

Егер бұл ақпарат шындыққа жанасса, онда бұл – расымен де дабыл қағатын жағдай. Бәлкім, төтенше жағдай жариялап, арнайы штаб құру қажет шығар. Республикалық деңгейдегі медициналық нысандардан тиісті мамандарды шақыртқанымыз да артық болмас. Оның үстіне санитарлық нормаға сай емес әлгі балмұздақтардан тек Шымкент қаласының ғана емес, шаһарға қонаққа келген ОҚО-ның өзге тұрғындары дәм татуы ғажап емес қой. Сондықтан емханалардың дәрігерлері өздеріне тиесілі учаскелер бойынша үй-үйді аралап, тұрғындардың хал-жағдайларын біліп, балмұздаққа қатысты оқиғаны құлағдар етіп қойса да артықтық етпейді.

Әзірге белгілісі, аталған жайт Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне «санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша тіркеліпті. Сараптама тағайындалған. Құқық қорғау органының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр екен.

Айтпақшы, бүгін түсте www.24.kz сайтынан «Шымкентте балмұздақтан уланған адамдар саны 50-ге жетті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді» деген ақпаратты көзіміз шалды.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Read 1670 times