«Қазір екі аппаратқа 100 жұмыртқадан саламын. Соның 80 пайызынан балапан шығады. Тауықтың жұмыртқасын аппаратты +38 градусқа қойып саламын. Бір аптадан кейін төмендетіп отырамын. Ал қаздыкін +40 градустан бастап қоямын. Яғнибалапан басып шығару үшін тауық жұмыртқасы 20 күн тұрады. Тауық қалай балапандайды, бұл аппаратта солай балапан ашады. Бұдан шыққан балапандар әлсіздеу болады. Балаға қарағандай қарайсың»,– дейді ол. Биыл жасы 32-ге толған іскер ана наурыз айынан бері 4-5 рет балапан бастырса, қаздардың жұмыртқасын үш рет аштырған. Өйткені тауықтыкімен салыстырғанда қаздың жұмыртқасы ұзағырақ, 40 күн тұрады екен. Алайда балапандардың басым бөлігін сатып жібереді. Бүгінде қорасында 8 тауық, 6 қазы және үндіктер бар. Ал балапандарды саудалағаннан түскен қаржыға бала-шағасын киіндіріп, ас-ауқатын алып отырады екен. Құс шаруашылығынан бүгінде айына шамамен 60 мыңдай табыс табады. Айтуынша, отағасы ауыл маңындағы әк зауытында жұмыс істейді. Бірақ оның жалақысы алты баланың жыртығын жамауға жете бермейді. Сондықтан мал шаруашылығын да қолға алуды жоспарлап отыр. «Елбасының айтуымен сәуір айында атаулы әлеуметтік көмек 21 мың теңгеге көтерілгенде, қайта есептеліп 480 мың теңге тағы алдым. Ол қаржының 350 мыңына сиыр алдық. Соңғы рет 267 мың теңге тағы түсті. Енді мал басын көбейтпек ойым бар», – дейді ол. «Әрекетке – берекет» деген осы да.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.