Вторник, 27 Август 2019 18:42

Түркістан облысы: Арыс қаласындағы №14 секторда тұрғын үйлерді қалпына келтіру 97 пайызға жетті

Бүгін Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бастаған ауданның бір топ зиялы қауым өкілдері Арыс қаласына арнайы барып, Түлкібас ауданы мен Алматы қаласына бекітілген 14 сектор аумағындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік нысандармен тұрғын үйлерді аралап, жаңа қонысқа аяқ басқан тұрғындарға құттықтауларын жеткізіп, бірлік пен татулықтың арқасында іске асып жатқан игі істерге ақ баталарын берді. 

Сондай-ақ түлкібастықтардың Арыс қаласына арнайы сапары барысында тазалық акциясы ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған акция барысында 14 сектор аумағындағы көшенің бойы мен аяқжолдар және әлеуметтік нысандар аумағы толығымен тазаланды. Акцияға жалпы 150 түлкібастық атсалысты. 

Арыс қаласындағы 14 сектордың тазалық жұмысына Түлкібас ауданынан арнайы 4 жүк көлігі, 2 жүк арту көлігі, 1 су тасу техникасы және 7 жұмысшы арнайы бекітіліп, қазіргі таңда аталмыш жұмыс тобытазалық жұмыстарын қарқынды атқаруда.

Сектор аумағындағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары бүгінгі күнге 97 пайызға жетіп отыр. Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша қолға алынған шаруалар ауқымды десек, ондағы №14 секторға бекітілген алматылықтар мен түлкібастықтардың жұмыла істеп жатқан қаланы қалпына келтіру жұмыстары жемісін беруде. Оның бір дәлелі, сектор аумағындағы 503 жеке тұрғын үйдің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйек күні толығымен аяқталатындығын айтуға болады.

Бүгін Арыс қаласына арнайы барған түлкібастықтар құрылыс жұмыстарына атсалысып жүрген Алматы қаласының құрылыс компанияларының жұмысшылары мен сектор тұрғындарына «Жұрынқожа» мешітінде түскі ас ұйымдастырып, бірлік пен ынтымақтың нышанын көрсетті.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 1408 times