Суббота, 24 Июнь 2017 11:48

ОҚО ӘКІМДІГІН ӘКІМДІК ЕМЕС, "ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ" ДЕРСІҢ!

Бүгінде не көп, ғылым докторы мен ғылым кандидаты көп. Сол докторлар мен кандидаттарыңыз қазір жоғары оқу орындарын қойып, атқарушы органдарда да өріп жүр. Сенбесеңіз, әкімдіктерде отырған лауазымды шенеуніктердің ғылыми атақтарына көз жүгіртіп шықсаңыз болады. Небір «Эйнштейндер» мен «Дарвиндерге» кезігесіз.

Егер көз жүгірткен болсаңыз, облыс әкімінің орынбасарларынан бастап, аудан әкімдерінің, басқарма, бөлім басшыларының көпшілігінде жоқ дегенде ғылым кандидаты, болмаса ғылым докторы дейтін ғылыми атағы бар екенін байқағаныңыз анық. Және солардың дені экономика ғылымдарының кандидаты. Мысал ретінде, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігін алсақ та жетіп жатыр. 
Па, шіркін, ОҚО әкімдігі әкімдік емес, тап бір ғылым академиясы не ғылыми орталық па дерсің. Кілең сақырлаған кандидат пен докторлар. Барлығы ғылымға сұмдық үлес қосқан азаматтар. Үлес қосқаны соншалық, кейбірі ғылыми атағын белгілі бір сала бойынша қорғап, басқа салада қызмет ете береді. Мәселен, экономика ғылымының кандидаты идеология саласында терлеп қызмет етіп жүр деген сияқты. Шетінен универсал ғалымдар ма дерсің...
Ал енді, мәселеге басқа қырынан қарап көрейікші. Осы шенеуніктер ғылыми атағын қалай үлгеріп қорғады екен? Бұлай деуіміздің себебі, барлығының еңбек жолына үңілсең бір қызметтен бір қызметке секіріп жүргенде арада ғылыммен айналыспақ түгілі есігінің алдындағы бақшаның арам шөбін жұлуға да уақыттары болмаған сияқты. Кілең жауапкершілігі мол қызметтерде жүрген. Өмір бойы атқарушы қызметтің бір сәт тыным таппайтын ошағында бұрқ-сарқ қайнаған кәдуілгі аппаратчиктер. Сонда ғылыми еңбекті қалай жазып жүр?
Ғылыми еңбекті өз қолымен жазбаған, өз күшімен қорғамаған, ғылыми кеңестің көзжұмбай ұйғарымымен ғалым атағы берілген деп кінә тағайын деп отырғанымыз жоқ. Бәрі де осы елдің керемет заңдылықтарымен жүзеге асқан жүйелі процестің нәтижесінде ғалым атанғаны анық. Тағы айтамыз, бізге түсініксіз болып тұрғаны ғылыми еңбек жазу үшін бос уақыт керек емес пе? Және сол бос уақыттың мөлшері көп болуы тиіс. Шамамен айтсақ, ең кемі 1-2 жыл. Неге бос уақыт керек? Әрине, іздену үшін. Ғылыми еңбек деген бір күнде көшіріп жазып бере салатын өзіндік жұмыс, рефереат емес, ары кетсе 1-2 айда бітіре салатын дипломдық жұмыс та емес. Бірнеше ғылыми мақалаларың болуы керек. Ғылыми еңбек жазған соң оны ғылыми орта мойындайтындай ашатын жаңалығы, тың зерттеуі болмаса тағы болмайды. Осылай емес пе әдетте? Егер осындай болса әкімдіктегі кандидат-докторлар ғылымға қашаннан бастап бет бұрып, ғылыми еңбекті қай кезде жазып, қай кезде қорғап жүр? Егер, ғалым-шенеуніктердің ашқан жаңалықтары сұмдық керемет болса, оны мына ел неге білмейді? Пәленшеев теоремасы, Түгеншеев теңдеуі дейтіндей әкімдіктегі ғалымдардың мақтанатын қандай жаңалығы бар? 
Сауал көп, жауабын ғалым-шенеуніктердің өздері бере жатар. Бір қызығы, тәртібі сұмдық, заңы қатал батыс елдерінде, соның ішінде Германияда ғалым-шенеуніктердің ғылыми еңбектерінің авторлығына қатысты дау-дамай өте көп орын алады екен. Мәселен, 2012 жылы Германияның Білім және зерттеу министрі Аннетте Шаванның 1980 жылы қорғаған докторлық диссертациясының плагиат екені анықталған. Ал, 2015 жылы Германияның қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйеннің докторлық диссертациясының 40 пайызы басқа еңбектерден көшірілгені анықталыпты. Урсула ханым ол диссертациясын 1991 жылы қорғаса керек. Осылайша, Құдай екі министрді де арада 20-30 жыл өткенде абыройсыз етті. Біздің әкімдіктердегі ғалым-шенеуніктер «шіли» әлгі германиялық министрлердей емес шығар деп ойлаймыз...

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Read 1924 times