Среда, 27 Сентябрь 2017 15:25

Мемлекеттік ту ойыншық емес

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. Елдің елдігін танытатын басты құндылық. Сондықтан әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті. Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңының 13-бабында айқын көрсетілген. Сонымен қатар бекітілген стандарттарға сәйкес, рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді. Себебі, ол – Тәуелсіздік нышандарын қастерлеудің алғышарттары. 

Журналист болған соң, түрлі іс-шараларға қатыспақ ниетпен атқарушы органдар орналасқан ғимараттарға жиі бас сұғамыз. Сондай мақсатпен бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне барғанбыз. Кірерде асығыстау болып, айналамызға қарауға мұршамыз болған жоқ. Шақырған мекеме орналасқан қабатқа тіке тарттық.

...Ал шығып бара жатып әкімдік ғимаратының ұшар басында күздің қоңыр салқын күніндегі желмен тынымсыз желбіреп тұрған көк байраққа еріксіз көзіміз түсті. Қап, әттеген-ай! Жалаудың ұшы сетінеп кетіпті, тумен бірге басы артық жіп те әрлі-берлі желбіреп тұр. Әрине, тозбайтын нәрсе жоқ қой: темірден жасалған техникаңыз да күндердің күнінде сыр береді. Ал матадан тігілген туға өкпе не?!

Әйткенмен сол мемлекеттік рәміздердің регламентке сай орнатылу талабының сақталуына, әбден тозығы жетіп, жыртылуына жол бермеуге, алдын алуға жауапты мекеме және оның басшысы бар емес пе?! Басқа-басқа, қай қисынға салсақ та, Елбасының өзі тікелей жауапкершілік жүктеп, өңір тізгінін сеніп тапсырған облыс әкімі отыратын ғимараттың төбесіне тігілген тудан еш мін табылмауы керек еді ғой. Мінді көріп тұрып, қалай көз жұмамыз?! Көз жұмсақ, қалам ұстаған бізге де, ел басқарған азаматтарға да – сын. Әсіресе, аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевқа. Сол сәтте аталмыш мәселеге алаңдаушылық білдіріп, «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшамызда үн қаттық. Іле-шала облыс әкімдігіндегі азаматтардың бірінен Шымкент қаласындағы желдің екпіні күштілігі салдарынан жұмысшылардың аса биіктікте туды ауыстыруы қауіпті болып тұрғандығы һәм жұмыс күні соңына дейін мемлекеттік ту жаңасына алмастырылатыны жайлы құлағдар болдық. Әрине, кешке қарай көк байрақтың жаңаланған-жаңаланбағанын қайта барып көрген жоқпыз. Бірақ «ауыстырып қойдық» дегенді естідік.

P.S. Қалай болғанда да, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысын өткізіп қойса, артықтық етпейді-ау...

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Read 1757 times