Ең алдымен, «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің қарқынды бау шаруашылығындағы біршама жетістіктерге куә болған Ө.Шөкеев облыста жеміс-жидек, жүзім шаруашылығының егіс көлемін ұлғайту, гектар түсімділігін арттыру мәселесі барлық уақытта күн тәртібінен түспей, әрдайым дамып келе жатқанынан хабардар болды. Айта кетсек, қарқынды бау шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың арқасында, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерінің көлемі жылдан-жылға ұлғаюда. Сонымен қатар, бау аралық агротехнологияларды жүргізу үшін қажетті техникаларға және сатылып алынған шетелдік, отандық көшеттерге субсидия төленуде. Бұл көмектер тауар өндірушілердің қарқынды бау егуге деген қызығушылығын арттырып, ағымдағы жылы 0,9 мың га жеміс, 0,4 мың га жүзім, 0,2 мың га жаңғақ, 0,1 мың га таңқурай егілді. Облыс бойынша жеміс-жидектің көлемі 17,5 мың га, жүзім 9,6 мың га құрап, 2018 жылы жеміс-жидектен 116,4 мың тонна, жүзімнен 72,0 мың тонна өнім алынды. Тауар өндірушілерді отандық жеміс пен жүзімнің элиталық көшетімен қамтамасыз ету мақсатында 7 көшет өндіретін элиталық шаруашылық ұйымдастырылған.
Өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін және негізгі міндет - еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту туралы тапсырма бергенін айтып, агроөнеркәсіп кешенінде аталған тапсырмаға қол жеткізу үшін саланы әртараптандыру, оның ішінде мал шаруашылығын дамытудың алатын орны ерекше екенін атап өтті. Бұл ретте, Ө.Шөкеевке «Түркістан облысының ет кластерін» одан әрі дамыту мақсатында таяуда жұмысын бастайтын Сайрам ауданындағы «Nurym Group» ЖШС-і көрсетілді. Ауданның Манкент ауылынан ашылатын мал бордақылау алаңы «Қайып ата» ЖШС-нің еншілес ұйымы болып табылады. Негізгі бағыты - 10 000 бас ірі қара малдарды бордақылау алаңында семірту, сонымен қатар, құрама жем цехы мен мал сою алаңымен қамту. Жобаның құны 3,456 млрд тенге. Қаржыландыру көзі - 2,368 млрд. теңге жеке қаржысы, 1 088 млрд тг несиелік қаржы. Болашақта 80 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырған серіктестік жылына 5 мың тонна ет өндіретін болады.
Облыста қазіргі таңда ірі қара мал саны - 948 020 бас, оның ішінде аналығы 451 216 бас. Сыйымдылығы 176 430 басты құрайтын шағын 10-15 бастық 14 мыңнан астам мал бордақылау алаңдары бар. Мұнан бөлек, сыйымдылығы 18 000 басты құрайтын 1000 бастан басталатын 8 бордақылау алаңы бар. Жалпы, барлық мал бордақылау алаңдарының сыйымдылығы 194 430 басты құрайды. Бүгінгі күні жалпы 7 мың тонна ірі қара мал еті Иран мен Өзбекстан елдеріне экспортталды. Сыйымдылығы 5 мың бастық ірі қара малды бордақылау алаңы, «Қайып ата» ЖШС-і бүгінгі күні Республика бойынша ең үлкен мал етін экспорттаушы болып табылады. Ет өндіру қуаттылығы жылына 4 мың тонна. Өңірге сапары соңында Ө.Шөкеев қос шаруашылықтың жұмыстарына оң бағасын беріп, Елбасы Жолдауын іске асыруда Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығын дамытып, өңіріміздің әрбір ауданында ірі мал бордақылау алаңдарын салуды тапсырды.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»