Четверг, 13 Июнь 2019 13:36

Түркістан облысы: Мақтааралдық шаруалар қоза баптаудың технологиялары бойынша тәжірибе алмасты

Еліміздегі«ақ алтынның» отаны саналатын Мақтаарал ауданында жалпы көлемі 61 мың гектарға жуық жер бар болса, биыл соның 38 мың гектардан асасына мақта дақылы егілген. Шаруалардың зиянкестерге төтеп беруін және агротехникалық шараларды дұрыс жүргізуін ұйымдастырып, күзде мол өнім жинауына жағдай жасау — аудан әкімдігінің басты міндеті. Міне, бүгін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен дәл осы мақсатта семинар-кеңес өтті. 

«Мақта дақылының кеш егілуіне байланысты жүргізілетін қоза баптау технологиялары» тақырыбындағы ғылыми-теориялық семинар-кеңесте ағымдағы жылдың ауарайының қолайсыздығына байланысты тиісті мерзімдік агротехниклық іс-шараларды уақтысында, сапалы және өз тәртібіне сай жүргізе отырып мақта дақылдарының өнімділігін арттыру жолдары қаралды. Мақталы өлкенің әрбір округінен келген 100-ге жуық диқан егістік алқабының басында бас қосып, тәжірибе алмасты. Алқалы жиында сөз сөйлеген Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик-ғалым Ибадулла Үмбетаев өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, қарқынды технологияларды пайдаланудың тиімділігін түсіндірді.

«Биыл шаруалар мақтанды жылдағыдан 2-3 аптаға кешігіп екті. Бұл өз кезегінде енді ғана өсіп келе жатқан «ақ алтынды» зиянкестерге жегізіп алу қаупін тудыруда. Біз зиянкестермен күресте қоршаған ортаны ластамаудың, адамдар мен жан-жануарлардың денсаулығына зиян тигізбеудің, пайдалы фауна мен тозаңдаушы жәндіктердің табиғи көбеюіне мүлде зияны жоқ жаңа әдістерті пайдалануымыз керек. Экономикалық жағынан тиімді және химиялық әдіске қарағанда бірнеше есе арзан, қолдануға ыңғайлы бұл технология биологиялық әдіс екені анық» — деді И. Үмбетаев.

Семнар-кеңестің теориялық бөлімі инстиуттың базасында жалғасты. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов қатысты. Мақта өнімін молайтудың өзекті мәселелері, топырақты егіске дайындау, өсімдікті қорғау шаралары, арапшөптерге қарсы гербициттерді қолдану сияқты бірнеше тақырыптар бойынша ғалымдар баяндама жасап, өздерінің ғылыми тәжірибелерімен бөлісті.

Жалпы, өткен жылы Мақтаарал ауданында 26959 гектар алқапта биологиялық әдіс, 32306,4 гектар алқапта химиялық әдіс арқылы зиянкестерге қарсы күрес жүргізілген болатын. Соның арқасында жылдағыдан өнім көбірек алынды. Албүгінгі күнде өсiмдiктердi қорғау мақсатында биоагенттер және биопрепараттар өсірумен, өндірумен және таратумен айналысатын 3 биофабрика, 4 биозертхана жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, мақтааралдық диқандар мақтадан бөлек 11502 гектарға бақша, 5492,4 гектарға дәнді дақылдар, 2003 гектарға жоңышқа, 1827,6 гектарға көкөніс, 1689,9 гектар жерге ескі жоңышқа, 83,2 гектарға жүзім, 54,2 гектарға жеміс-жидек, 54,2 гектарға картоп еккен.

Қазіргі таңда мақтаның қатар аралығын қопсыту жұмыстары 35140 гектарға жүргізіліп, техникалық шараға жалпы саны 357 техника қатысуда. Ауданда ауыл шаруашылығы техникалары да жыл сайын жаңарып келеді. Мәселен, биылдың өзінде 206,2 млн теңгеге 23 дана жаңа техникалар алынған.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 496 times