Түркістан облысы: Мақтааралда 4 мектеп пайдалануға берілді
Жаңадан құрылған Мақтаарал ауданында жаңа оқу жылына орай 4 мектеп пайдалануға берілді. Аудан әкімі Бақыт Асанов Жаңажол ауылдық округіндегі құрылысы аяқталған 600 орындық Фирдауси мектебінің ашылу салтанатына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады.
«Өткен аптада облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, Иіржар ауылдық округіндегі Н.Бекежанов мектебінің ашылуына қатысты. Міне, бүгін мақталы өлкеде тағы 3 мектеп ел игілігіне беріліп отыр. Сонымен қатар ауданда 2 мектептің құрылысы жүріп жатса, 9 мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылысы басталуы үшін қаржы бөлу жоспарлануда. Мұның бәрі – Елбасымыздың білімді жастарды, білімді жас ұрпақты қалыптастыруға ерекше мән беріп жатқандығының көрінісі. Әрине, Үкіметіміз қаншама мектеп салып, техникалық базаны күшейтіп қана қоймай, мектептің жаны саналатын ұстаздар қауымының әлеуетін көтеруге де үлкен мән беруде. Сондықтан, құрметті ауыл тұрғындары, жаңадан салынған мектеп ғимараты құтты болсын! Жас ұрпақ болашағымыз десек, сол болашағымыз кемелді болу үшін ұстаздар қауымы осындай заманауи ғимаратта аянбай еңбек етуі керек. Сол үшін де Сіздердің дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілей отырып, барлығыңызды білім күнімен құттықтаймын!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.
Мектептің ішін аралаған аудан басшысы ғимараттың заманауи құрал-жабдықтармен, инфрақұрылымдармен қамтылғанына куә болды. Мультимедиалық кабинеттерді, зертханалар, мамандандырылған оқу сыныптарын, шеберханалар мен кітапханаларды, әдістемелік, дәрігерлік, психологиялық кабинеттерді, спорт залын көріп, құрылыс сапасына оң баға берді.
Айта кетейік, құрылысы 2017 жылы басталып аяқталған Фирдауси мектебінің жалпы құны 1 млрд. 200 млн. теңгені құрайды. Бұдан бөлек Мақтааралда Жамбыл ауылдық округіндегі 200 орындық 117 мектеп және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ж.Нұрлыбаев атындағы мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ Мақтаарал ауданында желтоқсан айына дейін тағы бір мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
2017 жылы құрылысы басталып аяқталған Ж.Нұрлыбаев атындағы мектептің жалпы құны 385 миллион 699 мың теңгені құрайды. Ал, 117 мектептің құрылысына 412 миллион 37 мың теңге жұмсалған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.