Среда, 22 Февраль 2017 06:20

ҚАЙ ЖОО-НЫҢ ОҚУ АҚЫСЫ ҚЫМБАТ?

Білекке емес, білімге иек артатын замандағы ұрпақтың ұнжырғасы неге түседі? Айлығын шайлығына жеткізіп жүрген ата-ананың жанайқайын, шын мәнінде, жан баласы түсінбей ме? Он бір жыл бойы баланың киім-кешегімен, ас-ауқатымен алысқан отбасы енді оған жылдық оқу ақысын қоса төлеуі қажет-ті. Өмірдің заңы солай... Бала - болашағымыз, әйткенмен сол келешекті кемелді қылу кімнің қолында?


Бүгінгі таңда елімізде 180-нен аса жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Ал бір ғана Шымкенттің өзінде жиырмаға жуық ЖОО бар екен. Егер сізге де білім алатын мүмкіндік туса қай білім ордасын таңдар едіңіз? Әрине, аты аспандап тұрған оқу орындарында кімнің оқығысы келмесін... Алайда аталмыш университеттің білімін білмедік, "атына бағасы" сай екені шүбәсіз. Сенбейсіз бе? Сенбесеңіз ұзын-сонар нөлдері бар оқу ақыларына көз жүгіртіп шығыңыз...

            Соңғы мәліметтерге сенсек, Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде оқу ақысы 650 мың теңгеден басталып, 710 мыңға жетіп жығылады. 168 мамандық бойынша 16 мың студент білім алатын оқу орны қаншалықты жоғарыдағы сомаға лайықты білім беріп жатқанын белгісіз, бірақ аталмыш университеттің түлегі атану талапкерлердің талайына арман. Осылайша сатылай әр университеттің деңгейіне қарай баға да бірде төмендеп, бірде шарықтап отырады. Жоғарыдағы "қымбат" деген сөзді айтып отырып, ҚБТУ мен КИМЭП еске түскенде тіптен кібіртіктеп қаламыз. Өйткені мұндағы жылдық оқу ақысы 1 миллион 950 мың теңге деседі. Ал Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетін таңдайтындар үшін тіптен орны бөлек екені белгілі. Онда білім алу 770 мыңнан басталады. Ал филологтар мен журналистердің қара шаңырағына айналған Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің жылдық білім беру бағасы 620 мың теңгеден 700 мыңға дейін.

            Аймақтық оқу орындарының оқу ақысы жоғарыдағы бағалардан гөрі ақылға да, қалтаға да қонымды. Мәселен, Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде оқу ақысы 244 мыңнан 441 мыңға дейін болса, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде 300 мың. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Қарағандыдағы Евгений Букетов  атындағы мемлекеттік университетінде 342 мың 443 мың теңге аралығында. Оңтүстікте де оқу ақылары арзан, я қымбат дей қою қиын. Бағалар легі 150 мыңнан басталып, 700 мыңға жетіп тоқтайды. Соңғы жылдардағы оқу ақысы тұрғысындағы дау-дамайға қарамастан жыл сайын баға шарықтап келеді. Шарықтай береді, бәлкім...

            Ең қиыны, әр мамандықтардың оқу ақысы да әртүрлі. Сондықтан шығар, Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, оқуға түскен талапкерлердің 70 пайызы өзінің мамандығын дұрыс таңдай алмайды екен. Олардың 46 пайызы мамандықты болашақтағы мүмкін болатын лауазымына қарап, 40 пайызы ата-анасының айтуы бойынша таңдаса, қалған 4,6 пайызы ғана өз қалаған салаға ден қояды-мыс. Ал одан да сорақысы сол, жылдан-жылға жоғары оқу орнына түсетін талапкерлер азайып барады. Мұның да басты себебінің бірі оқу ақысының қымбаттауы.  Өзіңіз ойлаңызшы, өткен  жылы елімізде 124 мыңнан аса түлек мектеп бітірсе, олардың 32 мыңы ғана мемлекеттік грантты иемденді. Ал қалғандары ше? Грант иемденгендердің ішінде қанша баланың еркінен тыс мамандықтарға аттанғанын, Құдай білсін... Ендеше гранттан қағылғандардың жағдайын ойлай беріңіз...

            Бұл жөнінде экономист-сарапшы І. Исаев біздің елдегі оқу ақысы тым қымбат екенін айта келіп: "Бағаны қымбаттату арқылы мұғалімдердің жалақысын көтереміз деген пікір бар. Бәрі бос сөз. Мен сияқты лекция оқып жүргендердің еңбекақылары мардымсыз. Есесіне ЖОО басшылығының жалақылары жылда көбейіп отырады.  Олардың көпшілігі миллионға жуық ақша алады",-деген еді. Өзіңнің көңілің аумаған салада сандалып, сенделіп 4 жыл оқығаннан не шығады? Сондықтан ойымен алысқандардың талайы ауылда жүр, сырттай оқуға құмар. Ал сырттай оқудың өзі оңай емес. Өйткені жоғарыдағы жылдық оқу ақысының тең жартысын төлейсіз.

            Қолдағы барын беруге даяр ата-ана баласын қатарынан кем қылғысы келмейді. "Оқымаған екен" деген ат та ешкімге абырой әпермейтіні айдан анық. Сондықтан тырмысса да, тыраштанса да табады, ай-сайын ішпейді-жемейді, жыл сайын өзін киімнен де тыяды. Өйткені оқу ақысынан бөлек ол баланың баратын-келетінінің, ішетін-киетінінің өзі оңай емес. Ал бір үйден екі бірдей бала оқитын болса бұл ахуалды айтып жеткізудің өзі ауыр.

Ең бастысы, төрт жылда 5 миллионға жуық қаржы жұмсайтын ата-ананың сонша еңбек, сонша маңдай тері өтелсе мейлі. Миллиондап ақша алатын оқу орындары соған сай білім берсе игі. Әйтеуір бітірген соң жұмыссыздар армиясының қатарын толықтырып жүрмесе дейсің...

                                                                                              Aq-qara.kz

Read 2942 times