– «Жолы болғыш адамдардың қатарынанмын» деп айта алмаймын өзімді. Бәрі еңбекке байланысты. Не істесең де, беріліп істесең, түпкілікті нәтиже шығармай қоймайсың. Әу баста әкім болу мақсатында жұмыс істеген жоқпын. Кез келген қызметкер өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарса, жанын салып еңбек етсе, міндетті түрде қолдау табады. Бұл жерде әңгіме еңбекқорлыққа келіп тіреледі. Ауылда өстік. Әкеміз мұғалім болғанымен, біз ол кісінің ағасы малшы-тын, біз сол көкеміздің қолында өстік. Жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі.
Ал мемлекеттік қызметке ас басын бұруым былай болды. Мен өндірісте жүргенде Түркістан қалалық мәслихатының депутаты болатынмын. Алайда біз ұзақ жылдар бойына тер төккен зауыттар алматылықтарға сатылды-дағы, сондағы қызметкерлер босап қалды. Соның салдарынан бір жарым-екі жылдай бос жүруге тура келді. Міне, сол шақта Түркістан қаласының әкімі болған Әли Бектаев шақырып, қызмет ұсынды. «Құрылыс саласының маманы екенсіз, осы саланы басқарып көрсеңізші» деді. Содан жұмысты бастап кеттік. Таныс сала болғасын қиын болған жоқ. Құрылыс бөлімін басқарып жүрген жылдары Кентау қаласы әкімінің орынбасары болу жөнінде ұсыныс түсті. Ол кезде шаһарды Бейбіт Сыздықов басқаратын. Бірақ Бекең мені ол жаққа жібергісі келген жоқ. Тек ұсыныс үшінші мәрте жасалғанда ғана «Менікі де дұрыс емес негізі. Өсуің керек қой. Жарайды, ол жақты да көр...» деп, Кентау қаласы әкімінің орынбасары болып ауысуыма рұқсат берді. Онда да біраз қызмет еттім. Ал Қайрат Молдасейітов Түркістанға әкім болып келген кезде «Орынбасарым болып келсеңізші» деп ұсыныс айтты. Енді Кентаудың әкімі жібергісі келмеді біразға дейін. Бірақ Түркістан – туған жерім. Туған жеріме қызмет еткім келді. Сонымен не керек, Түркістанға ауысып келдім. Біраз қиындықтардан өттік, ысылдық, жаңа қызметке төселдік.
Бірде Кентау қаласындағы ЖЭС-тың жұмысы тоқтап қалды. Түркістанда жылыту қазандығын салғанда жиған тәжірибем бар, оның үстіне Түркістанның әкімі «хабарың бар ғой, барып көріп, қолыңнан келген жәрдеміңді беріп қайтсай» деген. Бардым. Сол кезде осы мәселемен танысу үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметов те келді. Орын алған мәселеге қатысты пікірлерім мен ұсыныстарым Асқар Исабекұлына ұнаған болуы керек, «Қайда жұмыс істейсің сен?» деп сұрады. Қызметімді айттым. «Мына жерде айтып жатқандарың дұрыс сияқты ғой, сені Кентаудың әкімі етсем қалай болады», - деді. Түркістанның әкімі болса, «Асеке, бұл кісі бізге де керек» деп, жібергісі келмеді. Мен де барғым келмейтінімді білдірдім. Тәжірибемнің аздығын айттым. Солай өз қызметімде қалғанмын.
Кейін Шымкентке бір жиналысқа барып, қайтып бара жатқанымда, облыс әкімдігінен хабарласып, «Артқа қайтыңыз, облыс әкімі сізді Түркістан қаласының әкімі ету туралы ұсыныс беріп қойды, Астанаға барып қайтасыз», - дейді. «Астанадан келген соң маған кірсін» депті. Келген соң, кірдім. Асекең: «Сені біраздан бері сыртыңнан бақылап жүрмін. Байқадың ба, шақырып алып, «Әкім болғың келе ме, істей аласың ба, жоқ па?» деп сұрамадым да ғой. Жұмыс істей алатыныңа сеніп жіберіп отырмын», - деді. Сол сенімнің үдесінен шығайық деп әкімдік қызметке кірісіп кеттік.
Менің түсінігім бойынша, қолыңнан іс келмесе, көке-жәке көмектесе алмайды. Көке-жәкең он жерден қолдау көрсетіп, сүйрегенмен, демегенімен, тәжірибең, білімің болмаса, жұмысты үйлестіре алмасаң, ұзаққа бармайсың. Жұмыс істей алмасаң, көке-жәке көмектесе алмайды. Иә, бір рет қол ұшын созар, бірақ өмір бақи көмектесе алмайды. Мен осы қағиданы қарамағымдағы қызметкерлерімен ұдайы ескертіп отырамын.
Мен мемлекеттік қызметке өндірістен тәжірибе жинап келдім ғой деймін. Сонау Қарағандыдағы асбест-цемент өнімдері зауытынан еңбек жолым басталды. Кезінде Тараз бен Алматының арасын жалғап жатқан күре жолды салдық... Міне, осынау көрген-түйгенімінің барлығы қызмет барысында кәдеге асып жатыр.
– Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» концепциясы әзірленгенін және оның 3 кезеңде жүзеге асырылатынын білеміз. Ол қанша жылға созылуы мүмкін? Жалпы, концепцияны дайындауға кімдер атсалысты?
– Бұл концепцияны өзіміз дайындағанбыз. Оны сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа таныстырдық. Ол кісі қолдады. Бұл жерде бәрі қаржыға келіп тіреледі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын маңда түрік ағайындар салған үлкен мешітті көрген шығарсыздар. Соның артқы жағында 66 гектар жер бар. Соның нақты 45 гектары бос жатыр. Концепцияның бірінші кезеңі бойынша алғашқыда осы жерге этносаябақ салғымыз келді. Бірақ Бейбіт Бәкірұлы «Бірінші кезеңде кесененің алдын реттеу керек» деді. Осылайша этносаябақ құрылысы екінші кезеңге қалдырылды. Егер қаражат мәселесі шешілсе, саябақты келесі жылы бітіріп тастауға да болады. Үшінші кезеңде Арбат аталып кеткен көшенің жанында 19 үйді басқа жаққа көшіріп, сол маңды кеңейту мәселесі тұр. Мұның бәрі көне Түркістанның келбетін қайта қалпына келтіру үшін жасалады. Концепцияда көрсетілген жұмыстар толық аяқталса, Түркістанның көне рабаты, көне сауда орындарын қазып, консервациялап, халықтың назарына ұсынамыз. Қаланың орта ғасырлардағы көшелерін де қалпына келтірсек дейміз. Ол үшін шетелден инвесторлар тартылады. Басты мақсатымыз – туристерді барынша көптеп тарту.
– Түркістан қаласын дамыту үшін басқа қандай әрекеттер жасап жатсыздар?
– Жалпы, Түркістан қаласын үш бағытта дамыту жоспарланған. Бұл өңірдің халқы ауыл шаруашылығына бейім екенін білесіздер. Оның үстіне Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі өтеді, теміржолымыз бар. Бұл басқа салаларды дамытуға да қолайлы. Мен негізі аудан әкімінің орынбасары болған кезден бері «ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамуы керек» деп ылғи айтып келемін. Оған толық негіз бар. Осылайша, индустриялық аймақ салдық. Мақсатымыз сол – шағын және орта бизнес субъектілерін көбейту. Ол жерде қазір 14 жобамыз бар. Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша өндіріс пен ауыл шаруашығының үлесін теңестіру мақсатында 2021 жылға дейінгі концепция жасалды. Былтыр 92 млрд теңгенің өнімін өндірдік. Биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша 35 млрд теңгені құрады. Бүгінде өнеркәсіп саласы өңірлік өнімнің 14 пайызын ғана беріп отыр. 28 пайызы ауыл шаруашылығының, 20 пайызы құрылыс саласының үлесінде. 38-40 пайыз сауда-саттыққа тиесілі. Сауда саттық демекші, саудагерлерге өзімізден шығатын өнімдерді ұсынуды көздеп отырмыз.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан өзге, жоғарыда айтып кеткенімдей, туризмді дамыту негізгі басымдыққа жатады. 4 жыл бұрын Түркістанға 618 мың турист келген болса, былтыр 1 млн 60 мың адам келіпті. Оның 24 мыңы алыс-жақын шет елдерден келген. Биылдың өзінде 678 мың турист келіп үлгерген. Жыл соңына дейін осы қарқын сақталса қыдырып, зиярат етіп келушілердің саны 1 млн 100 мың адамнан асады деп болжап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, туристердің саны жылдан жылға ұлғайып келе жатыр.
– Туризм шаһар халқының қалтасына, жергілікті бюджетке біраз ақша түсіріп жатқан шығар?
– Әрине. Сонша адам келген соң міндетті түрде тамақтанады. Қонақ үйге жататындары бар. Одан қалса, қолөнер шеберлерінің дүниелерін сатып алады. Дегенмен туризм саласы өңірлік өнімнің 5 пайызын ғана құрап отыр. Бұл аз екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті де туризм саласына ерекше назар аударып отырмыз. Аталған үш сала да бірдей дамуы керек.
– Бұл үш саланың жұмысы жүру үшін, өркендеуі үшін көп қаражат керек. Инвесторлар тарту жағы қалай болып жатыр?
– Ауыл шаруашылығы саласына инвесторлар тарту мәселесі жолға қойылып келеді. Мәселен, қытайлық «GOLDEN CAMEL GROUP» атты шетелдік компания Түркістанның шетінен түйенің сүтінен ұнтақ шығаратын зауыт салып жатыр. Жобаның құны 7,5 млрд теңге. Бір килограм түйе сүтінің ұнтағын алу үшін 10 литр сүт керек екен. Бұл ұнтақ фармацевтикада пайдаланылады. Әсіресе қант диабетімен ауыратындар үшін өте пайдалы. Қытайлықтар осы өнімін Батыс Еуропа мен ТМД нарығына шығаруды көздеп отыр. Түркістан өңірінде түйенің саны 3184 қана. Былтыр тіпті 2732 тұғын. Оның мыңы ғана аналық бас. Ол күніне бар жоғы 10 тонна сүт береді. Ал, аталмыш зауытқа күніне 100 тонна керек. Қазір зауыттың құрылысы 50 пайызға аяқталған. Бұлар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, тіпті, Атырау облысынан да сүт бекеттерін құрмақшы. Түйе шаруашылығын дамыту үшін бізден жер де сұрап отыр. Тек түйе емес, жылқы өсіру де жоспарларында бар.
Жалпы былтыр 22 млрд теңгеинвестиция тартсақ, биыл алты айда 7,5 млрд теңге инвестиция тартып отырмыз.
Өнеркәсіп саласына келсек, индустриялық аймақтағы 14 жобаның қазір 3-4-і жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 4-ін іске қосайын деп отырмыз. Оның ішінде жұмсақ жиһаз шығаратын цехты, темірбетон шығаратын зауытты іске қосамыз. Отандық инвестор болғанымен, бұл да – инвестиция. Түркістанда құрылыс матриалдарын жасау жағы жақсы жолға қойылғанын айта кетейін. Бізде 5 бірдей кірпіш зауыты бар.
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қарсы бетінде орналасқан 12,8 гектар жер аумағында бұзылуға жататын 129 тұрғын үйді мемлекеттік қажеттілікке сатып алу жағы қалай шешілді? Бағалау мәселесінде халықпен ортақ мәмілеге келе алдыңыздар ма?
– Иә, жасыратыны жоқ, 129 үйді бұзамыз деп жоспарлағанбыз. Бұл мәселе 2000 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Мен болмасам, менің орныма келген бір әкім түптің түбінде бұл мәселені шешетіні анық. Шынын айтқанда, Түркістанға келген турист Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіріп шығады да, одан ары қайда барарын білмейді. Баратын басқа жер жоқ. Біз айтқан концепцияда сол жерге этноауыл түседі. Ескі Түркістанды қалпына келтіріп, жалпақ жұртқа ұсынғымыз келеді. Шетелдік туристер алдымен сондайды қалайды. Ол үшін жаңағы 129 үйді мемлекеттік қажеттілік үшін сатып алып, босатып, инвесторларға беруіміз керек. Талай инвесторларды апарып көрсеттім. «Дұрыс, ойларыңызбен келісемін, бірақ босатып бермесеңіздер қиын ғой» дейді. Сондықтан біз бағалау жұмыстарын жүргіздік. 1 млрд 237 млн теңге болды. Алайда тұрғындардың көпшілігі келіспей отыр. Түсінеміз, кез келген адам үйін «қымбатырақ сатсақ» дейді.
– Әр үйге қанша теңгеден ұсынып отырсыздар?
– Үлкен кішілігіне байланысты әр үйге 3 миллионнан бастап, 40 млн теңгеге дейін ұсынып отырмыз. Халық шулағасын бағалаушыларды шақырғанмын. Сөйтсем, «Аға менің басым екеу емес, болмаса тағы басқа бағалаушыларды шақырыңыз, тура менікіндей ғып бағалап береді» деді. Түсіндірудей-ақ түсіндіріп жатырмыз. Барлығы сатуға келісіп отыр. Бірақ, сол, бағасына көңілдері толмай отырғандар көп. Дегенмен, шешімі табылмайтын мәселе жоқ қой. Бұл да шешіледі. Бастысы, әлеуметтік шиеленіс туғызып алмауды ойлап отырмыз.
– Түркістан қаласы – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы деп жарияланды. Осы шеңбердегі іс-шаралар көктемдегі той-томалақпен бітті ме? Тағы не атқарылып жатыр?
– Көктемдегі іс-шара жай той-томалақ емес. Жалпы, Түркістанның түркі халықтарының мәдени астанасы атануы мәдениет, өнер арқылы бауырлас халықтарды өзара жақындастыруға үлкен серпін береді. Түркістан мәдени астана ретінде әлемге танылуы керек. 2016 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы Әзірбайжанның Шеки қаласы болғаны белгілі. Былтыр күзде сонда барып, эстафетаны алып келдік. Содан іс-шаралар бастау алған-ды. Бұл бізге үлкен серпін берді деп ойлаймын. Наурызда болған іс-шараға 22 мемлекеттен 800-ге тарта қонақ келді. Одан бері он түрлі іс-шара өтті. Опера саңлақтары келіп ән шырқады, қуыршақ театрларының фестивалі, фотосуретшілердің көрмесі өтті, т.с.с. Алда тағы да 10 іс-шара өтуі тиіс.
– Қаладан Шымкент бағытына шығатын жолдың оң жақ бөлігінен әкімшілік іскерлік аумақ салынады деп еді. Бұл ненің белгісі? Түркістан облыс орталығына айналады деген қауесет растала бастаған сияқты ма, қалай?
– Түркістанды облыс орталығына айналдыру менің құзырымдағы дүние емес. Өздеріңіз де білесіздер, Шымкент қаласы мегаполисқа айналуға жақын. Одан әрі шешім қабылдау Елбасының қолында ғой. Түркістан облыстың орталығы болмаса да, Елбасы айтқандай, рухани астанамыз. Расымен де, еліміздің, қала берді, бүкіл түркі халықтарының рухани ордасы – Түркістан. Бізге осының өзі жетеді.
– Түркістанға газ берілді дегелі бірнеше жыл болды. Алайда, газды үйлерге кіргізу жұмыстары аяқталмаған сыңайлы. Оның үстіне үйге дейін кіргізу құны қымбат деп естиміз. Осы мәселелер қалай шешімін тауып жатыр? Қаланың қанша пайызы газдандырылып болды?
– Жасыратын ештеңесі жоқ, Түркістан қаласының 16 пайызы ғана газдандырылды. Газды үйге дейін кіргізу менің құзыретімдегі нәрсе емес, мұнымен жеке компаниялар айналысады. Түркістандағы «Бекзат» шағынауданында 30 мың халық болатын болса, соның барлығына газ жүргізілген. Бірақ, олар толығымен газ алып отырған жоқ. Кезінде газды үйге кіргізу құны 250 мың теңге болған. Мен Түркістанға алғаш әкім болып келген кезде бұлай газ кіргізгенге келісім бермеген едім. Бюджеттің тарапынан жүргіземіз деп. Кейін мен қызметімді ауыстырып кеттім. Сол бағада келісім жасалып кетіпті. Газ жүргізетін компанияның ол шағынаудандағы шығыны 656 млн теңге болыпты. Сол 656 млн теңгені өндіріп алу үшін үйлердің санына бөлген кезде 250 мың теңгеден түскен. Жеке компания болған соң кеткен ақшаларын қайтарып алу ғой мақсаттары. Кейін «ҚазТрансГаз» өкілдеріне «Абонент ай сайын 10 мың теңгеден төлеп тұрса... Кіргізбей отыра берсе, не ұтасыздар? Осылай келісімге келіңіздер, мен тұрғындармен кездесіп, түсіндірейін» дедім. Бүгінде келісімге келіп, газды біртіндеп кіргізіп жатыр. Қазіргі баға – 100-106 мың теңге аралығында. 2021 жылға дейін Түркістан қаласы толық газдандырылып бітеді деп отырмыз.
– Әлеке, өзіңізді қайырымдылық акцияларынан шет қалмайтын шенеунік ретінде танимыз. Отбасылық бизнесіңіз бар ма?
– Анау айтқандай ірі кәсіпкерлер сияқты қайырымдылық жасамасақ та қолдан келгенше жәрдемдесіп тұрамын. Балалық шағымыз Сырдарияның бойында өтті. Әлгіндей айтқанымдай әкеміздің ағасының, өзіміздің малымыз, қоражайымыз бар-тын. Жүйнек деген елді мекеннің төрт түлігін баққанбыз бір кездері. Кейін өскен соң туған інім екеуміз сол кәсіпті жалғастырып кеттік. Осы уақытқа дейін дамытып келеміз. Мал болғанда уақ мал емес, ірі қара мен жылқы өсіреміз, бордақылаймыз. Шаруаның бәрін інім жүргізіп отыр. Өзіңіз айтпақшы, ара-тұра қайырымдылық шараларына қатысып, қолдан келгенше жұртқа көмектесіп тұрамыз. Негізі, мүмкіндік болса, ебің болса, қосалқы шаруашылықтарды қатар алып жүргеннің артықтығы жоқ. Балалар кәсіп қылуды үйренеді. Кәсіп түбі нәсіп қой. Өзім де сенбі, жексенбі күндері Сырдың бойындағы шаруашылықтың басына барып тұрамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқандар: Дәурен ӘБДІРАМАНОВ, Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.